Алла Тағала Адамға жұп етіп Хауаны жаратты. Хауаны жаратардан бұрын Алла Тағала Адамды ұйықтатып, оның сол жақтағы қабырғаларынан бірін алып, одан Хауаны жаратты. Адам ұйқыдан оянғанда бас жағында отырған әйелді көрді.
«Ей, адамзат! Сендерді әуелі бір адам етіп жаратқан, оған серік етіп өз қасынан жұп шығарып, екеуінен көптеген еркек-әйел ұрпақ таратқан Тәңірден қорқыңдар. Біреуіңнен біреуің әлде бірдеңе сұрай қалғанда есімі ауыздарыңнан түспейтін Тәңірден қорқыңдар, туысқандық қарым-қатынасты үзіп алудан сақ болыңдар. Анығын айтсақ, бір Құдай бәріңді бақылап тұрады» (Ниса сүресі, 1-аят).
Адам ата-анасыз жаралған болса, Хауа осылай анасыз жаратылды. Міне, мұның бәрі бір Алланың құдырет-күшін білдіреді.
Ібілістің Адам (а.с.) азғыруы
Алла Адам мен әйелі Хауа ананы жәннатта тұрғызып, екеуіне қалаған жемістерін жеуге ерік берді. Тек бір ағашқа ғана жақындауға тыйым салды. Жемісінен жеп, дәмін татса күнәһар болатындарын ескертіп, Алланың әміріне құлақ аспағандар болудан сақтандырды. Алланың әмірін бұзса жазаланып, азапталатындарын айтты. Мұны естіген Ібіліс қуанып, Адам мен Хауаны азғырып, тыйым салған ағаштың жемісін жеуге үгіттей бастады. «Алланың мұндай тыйымы екеуің періштеге айналып кетіп, жәннатта мәңгі қалып қоймасын дегені», – деп Адам мен Хауаны алдады. Сөйтіп, ол мақсатына жетті.
«Ей, Адам! Сен зайыбың екеуің бірге жұмақта тұра беріңдер, жәннат жемістерінен қалағандарыңша жеңдер. Тек мына бір ағашқа жақындамаңдар, (өйтсеңдер) күнәһар боласыңдар», – деді Алла» (Әғраф сүресі, 19-аят).
«Бірақ олардың абиырын ашу үшін шайтан азғыра бастады. «Бұл ағаштың жемісін жеуден сендерді тыюы – Тәңір сендерді (періште) болып кетпесін, жұмақта мәңгі тұрып қалмасын дегеннен басқа түк те емес» , – деді» (Әғраф сүресі, 20-аят).
«Сонымен бірге: « Мен сендерге адал ақылшымын», – деп ант ішті» (Әғраф сүресі, 21-аят).
Адамның қатесі
Адам мен Хауа Ібілістің дұшпан екенін ұмытып қақпанына түсіп, ағаштың жемісін жеді. Сол кезде екеуінің ұятты жерлері ашылып кетті. Екеуінің әураттары бұрын бір-біріне көрінбейтін еді. Ашылып қалған ұятты жерлерін жабу үшін ағаштардың жапырақтарын іздей бастады, екеуі істегендеріне өкініп, өздерін кінәлады. Екеуі де Алланың алдында кінәлі болғандарын түсінді. Қатты өкініп тәңірге жалбарына бастады. «Ей, тәңірім, бұйрығыңды бұзып өзімізге-өзіміз зұлымдық жасадық, кешір бізді, рахым қыл бізге», – деп жалына бастады.
«Сөйтіп, оларды (алдап) түсірді. Әлгі ағаштың жемісін жеген сәтте-ақ олардың абиыры ашылып қалды. Олар енді абиырын жәннат ағаштарының жапырақтарымен жабуға тырысты. Тәңірі келіп оларға: «Бұл ағаштың жемісін жеуге тыйым салғаным қайда? Шайтанның сендерге нағыз дұшпан екенін айтпап па едім?» – деді» (Әғраф сүресі, 22-аят).
«Тәңіріміз! Біз өзімізге өзіміз кесір жасадық. Егер бізге өзің кешірім етіп, рахым қылмасаң, онда біздің сөзсіз құрығанымыз», – деді Адам мен Хауа» (Әғраф сүресі, 23-аят).
Адамның жәннаттан шығарылуы
«Адам рухтанып кетті де, тәуба келтіріп, Жаратушысына жалбарыныш сөздерін айта бастады. Ол тәубасын қабыл етті. Өйткені тәубаны қабылдау да, мейірімділік ету де Аллаға тән» (Бақара сүресі, 37-аят).
Бірақ Алла Адам мен Хауаны жәннаттан жерге түсірді. Ұрпақтарының арасында шайтан дұшпан болып қала беретінін айтты. Олар жерде өмір сүріп, қашан ажалы жетіп өлгенге дейін оның игіліктерін пайдаланатын болды. Шындығында Алла барлық кезде туралыққа, жақсы жолға бастайды. Кімде-кім Алланың көрсеткен жолымен жүрсе бұл дүниеде күнәға душар болмайды, жамандықтан аулақ болады.
«Сендер біріңе-бірің қас болып (адам мен шайтан) жағаласқан бойы жерге түсіңдер. Ажалдарың жеткенше жерде тұрасыңдар және көптеген (ризықты) пайдаланасыңдар» , – деді Алла» (Әғраф сүресі, 24-аят).
«Жер жүзінде тұрасыңдар, жер бетінде өлесіңдер, кейін жер астынан шығарыласыңдар (қияметте қайта тірілесіңдер)» (Әғраф сүресі, 25-аят).
«Біріңе-бірің дұшпан болған күйде бәрің де жұмақтан шығыңдар! – деді Алла оларға. – Алда-жалда мен сендерге бір тура бағыт жібере қалсам, кімде-кім сол тура жолмен жүрсе, ол адаспайды, қияметте қасірет көрмейді» (Та-һа сүресі, 123-аят).
Дәріс және ғибрат
Алла Тағала адамды құрмет иесі етіп жаратты. Адамды сонша жоғары дәрежеге көтерген Алланың сыйындай сыйға ешбір философия, дін, қоғамдық ілімдер жеткізе алған жоқ.
«Сөз жоқ. Біз адам балаларын ардақтадық. Құрылықта, теңізде алып жүрдік, тәтті тағамдармен қамтамасыз еттік. Жан біткеннің көбінен оларды үстем еттік» (Исра сүресі, 70-аят).
Міне, бұдан Алланың адамға қандай құрмет көрсеткенін көреміз. Алла Тағала адам балаларының арасын жікке бөлген емес. Мәселен, әр түрлі нәсілдерді, арилер мен самиттерді, ерлер мен әйелдерді, күштілер мен әлсіздерді бірдей көрді. Біз бұдан сабақ пен ғибрат алсақ керек. Адам баласын жерде де, суда да, аспанда да жүре алатын етіп, жер бетіндегі дәмді нәрсенің бәрін солар үшін жаратты. Жер астындағы да, жер үстіндегі де қаншама байлықтар адам игілігіне арналған. Алла Тағаланың адам баласына берген сана-сезімінің өзі неге тұрады! Осылардың бәрі үшін адам баласы Аллаға риза болуға тиісті емес пе? Бұл Алланың шексіз мейірім, рахым иесі екенін көрсетеді.
Менмендіктің зияны
Менмендік Аллаға жақпайтын аса жаман қылық. Алла Тағала Ібіліске адамға сәжде жаса дегенде бас тартып, менменсуі себепті лағынетке ұшырап, жәннаттан қуылды. Бұл тек шайтан ғана емес, Адам балаларына да тән, еш пайда бермейтін қылық. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с .): «Кімде-кім Алланың алдында қарапайым, кішіпейіл болса, оның дәрежесі өседі, ал өзін жоғары ұстағандар зарар көріп, қор болады», – деген.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) тағы да: «Күпірлік шындықты жоққа шығарады, адамдардың үндемеуі әлсіздігі, күшінің жоқтығы»,- дейді. Бұл шындығында шектен шыққан өзімшілдік, жеке басын ғана жоғары, артық санаушылық.
«Олардың жасырғандарын, ашық істерін Тәңірі түгел біледі. Менмендерді өзіне жақын тұтпайды» (Нахыл сүресі, 23-аят).
Алла Тағаланың менмендерді жақсы көрмейтіні осы аятта анық айтылған.
Адам ғылыми көзқарас бойынша
Адам материядан жаралған деген ғылыми көзқарасты Құран да қуаттайды. Материя деп отырғанымыз топырақ. Ғылым адам денесінің де, жер жемісінің де топырақ элементтерінен құралатынын айтады.
Адам мен оның ұрпақтарының материядан жаралғаны туралы Құран да хабар береді:
«Шынын айтайын, мен топырақтан бір адам жасаймын,- деді кезінде Тәңірің періштелерге. – Мен оның жаратылуын жетілдірген шақта, оған жан кіргізген кезімде, сендер оған бас иіңдер!» (Сад сүресі, 71-72 аяттар).
Адамның негізі топырақ пен судан тұрады. Адамның жаратылысы жөнінде ғылым мен Құран арасында қайшылық жоқ.
Жамандықтан сақтану
Ібілістің атамыз Адамды азғырып ағаштың жемісін жегізіп, күнәға батырғанына қоса жәннаттан шығып қалуға жеткізген дұшпандығы әлі күнге дейін үзілмей ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуда. Бұл дұшпандық қиямет күніне дейін осылай жалғаса бермек.
«Ей, Адам ұрпақтары! Шайтанның сендердің ата-бабаларыңды аздырып, жәннаттан шығарғаны сияқты олар сендерді де аздырып жүрмесін. Абиырын өздеріне көрсету үшін шайтан олардың киімдерін де шешіндірген (жалаңаштаған). Шайтан да, оның ықпалындағылар да сендер көре алмайтын жерден сендерді көреді. Анығына келсек, шайтандарды біз имансыздармен дос еттік» (Әғраф сүресі, 27-аят).
Шайтанның алдау, арбау, азғыруына ергендер жамандыққа ұшырап, зарар көреді. Ал, оның азғыруынан аулақ болып, сақтанып жүргендер екі дүниенің бақытына ие болады.
Ібілістің табиғаты және шайтндар
Ібіліс шайтандардың әкесі, олардың түп негізі. Ібіліс пен оның ұрпақтары жын әлемінің әскерлері. Жын көрінбейді, олардың нақты айқын бейнесі жоқ.
Жын топтарға бөлінеді. Олардың жақсылық істейтіндері де, бұзықтық істейтіндері де, адасушылары да бар.
«Біздің арамызда жақсылар да, төменірек тұратындар да бар. Біз әр түрлі жолдарға жіктелгенбіз» (Жын сүресі, 11-аят).
Жындар адамдарға өз бейнесінде көрінбейді. Олар түрлі түске, әр түрлі кейіпке ене береді. Олардың нақты суреттеліп айтылмайтыны сондықтан.
Шайтан – адамның дұшпаны
Ібіліс пен шайтан адам баласының қас жауы. Шайтан барлық кезде жамандыққа, бұзықтыққа, өтірік-өсекке, алдау-арбауға итермелейді.
«Ей, адамзат! Жер бетінде өздеріңе арналған адал нәрселерді жеңдер, шайтанның азғыруына ермеңдер, өйткені ол сендердің қас дұшпандарың» (Бақара сүресі, 168-аят).
«Шайтан сендерді жамандық жасауға, сұмдық қылмысқа, зейіндерің жетпейтін нәрселерді Аллаға қарсы айтқызуға бұйырады» (Бақара сүресі, 169-аят).
«Сол сияқты, әр пайғамбарға да адамдарды, жынның шайтандарын (қағынғандарын) дұшпан еттік. Алдамшылық жасап, олар бір-бірін суқит сөздермен азғырады. Егер Құдай тыйым салса, олар бүйтпес еді. Мейлі, олар не қылса о қылсын (саған Жаратқан жар болсын)» (Әнғам сүресі, 112-аят).
Шайтан – жамандықтың негізі
Жер бетінде адамды жамандыққа, бұзықтыққа шайтандар итермелейді. Тіпті олар бір туған ағайындылар арасын да ажыратып, жік салады. Ерлі-зайыптыларды айырады. Ұлттық топтар мен қоғам, жамағаттардың іштеріне іріткі салып, жік-жікке бөледі. Олардың мақсаты қалай болғанда да адам баласын бұзу, күнәға батыру.
«Шайтан сендерге кедейлікті көлдеңен тартып, жаман істерге итермелейді. Алла сендерге зор кешірім мен қайырымын ұсынады. Алланың рахымы мол және бәрін біліп тұрады» (Бақара сүресі, 268-аят).
Адамды, әсіресе арақ пен құмарға қатты итермелейді. Олар үшін бұл азғырудың ең оңай да тиімді жолы.
«Ей, иман келтіргендер! Арақ ішу, құмар ойнау, пұтқа табыну, оқпен бал ашып бәсекелесу – шайтан ісі, жиренішті қылықтар. Бақытқа жетем дегендер шайтан ісінен аулақ болыңдар» (Маъида сүресі, 90-аят).
«Сол арақ, құмар ойнау арқылы шайтан сендердің араларыңа дұшпандық – ғадауат тудырады, сендердің намаз оқуларыңа кедергі жасамақ болады. Тәңірді естеріңнен шығаруға тырысады. Арақ пен құмар ойнаудан сонда да безбейсіңдер ме?» (Маъида сүресі, 91-аят).
Арақ пен құмардың зиянды екені Құранда осылай айқын көрсетілген. Шайтан Адам ата мен Хауа анамызды азғырып, жәннаттан шығартқаны сияқты бүгінгі адамдарды да адастырғысы келеді. Тек Аллаға шынайы сенген мүминдер ғана оның алдау, азғыруына ермейді, дегеніне көнбейді.
«Құран оқысаң (ең әуелі) қарғыс атқан шайтанның азғыруынан сақта деп Құдайға сыйын, одан пана тіле» (Нахыл сүресі, 98-аят).
«Күмәндарың болмасын, шайтан мүминдер үстінен, Аллаға сүйенгендер үстінен өктемдік ете алмайды» (Нахыл сүресі, 99-аят).
«Діндар адамдар шайтаннан сойқан байқаса Алланы естеріне алады да, шындыққа көздерін жеткізіп, жандары жай табады» (Әғраф сүресі, 201-аят).
«Алланы еске алудан (яғни, Құраннан) кімде-кім бас тартса, Біз оның соңына шайтанды салып қоямыз, шайтан оны (азғырып), мәңгі бірге жүреді» (Зуһруф сүресі, 36-аят).
Адам денесіне микроб қалай енетін болса шайтан да солай еніп, адамды айналдырумен болады. Сөйтіп, оны жамандыққа итермелейді де тұрады. Мұның ақыры адасу, шатасу, қорлық, азапқа душар етеді.
«Егер сені шайтан азғырса Аллаға сыйын, содан медет тіле. Шынын айтқанда, Алла соның бәрін естіп, біліп тұрады» (Әғраф сүресі, 200-аят).
«Адамдардың иесі, адамдардың патшасы, адамдардың жаратушысы – Аллаға сыйынып, адамдардың жүрегіне әзәзілдік салатын жындардан және адамдардан шыққан белгісіз шайтанның азғыруынан сақта деп, Тәңірім, сенен пана тілеймін» де» (Нәс сүресі, 1-6 аяттар).
Құран азғыру, бұзу тек шайтандардан ғана емес, әрбірден соң шайтанға ұқсас адамдардан да болатынын осылай ескертеді.
«Оларды шайтан билеп алған да, Алланың зікірін (иман, Құранды) ұмыттырған. Демек, олар шайтан тобындағылар. Естеріңде болсын, шайтан тобындағылар қашан да зиян тартады» (Мужадала сүресі, 19-аят).
Шайтанның арбауына түскендер ешқашан ойлағанына жете алмай зарар, зиян шегеді. Қулық-сұмдық ешқашан жеңіске жеткізбейді. Хақ жолынан басқа жолдың бәрі тек жамандыққа жетелейді. Хақ жолы қиын, ауыр болса да оның ақыры қайырлы, жемісті, тұрақты.
Тәубе шайтанды қуады
Шайтанға алданып, қатесін түсінген Адам Аллаға жалынып-жалбарынып тілек тілей бастады. Ақыры тілегі қабыл болды. Жақсы тілек жеңіске жеткізген кезде жамандық иесі шайтан қашан да жеңіліске ұшырайды. Шын ниетпен тілеген тілек ерте ме, кеш пе, әйтеуір жақсылыққа жеткізеді. Адам мен Хауаның шын жүректен жасаған тәубесі мен тілегін Алла қабыл етті.
«Тәңіріміз! Біз өзімізге өзіміз кесір жасадық. Егер өзің бізге кешірім етіп, рахым қылмасаң, онда біздің сөзсіз құрығанымыз», – деді Адам мен Хауа» (Әғраф сүресі, 23-аят).
«Адам рухтанып кетті де, тәуба келтіріп, Жартушысына жалбарыныш сөздерін айта бастады. Ол тәубасын қабыл етті. Өйткені тәубаны қабылдау да, мейірімділік ету де Аллаға тән» (Бақара сүресі, 37-аят).
Тәубеге келу мен жақсылық жамандықты жояды. Жақсылық жамандықты жеңгенде шайтан ұтылады. Адамдар Алланың тура жолына түседі.
«Пайғамбарлар тарихы» – кітабынан.
Тағылымы мол бұл кітапты араб тілінен аударып, жинақтап ұсынушы – елімізде алғаш рет Муфтият құрып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын қалыптастырған тұңғыш муфтиіміз, терең білім иесі, әлемге танымал Ислам ғалымы Ратбек қажы Нысанбайұлы. Ол – Қазақстанда Исламның қалыптасып, өркендеуіне зор үлес қосқан, Ислам институтын ашып, ұстаздық етіп, одан бірнеше буын имамдар даярлап шығарған дін қайраткері.
Шымкент қаласы орталық мешіті