Егер, сіз Алланың сізді жақсы көруін қаласаңыз, мына аят сізге арналады:
قُلْ إِن كُنتُمْ تُحِبُّونَ اللَّـهَ فَاتَّبِعُونِي يُحْبِبْكُمُ اللَّـهُ وَيَغْفِرْ لَكُمْ ذُنُوبَكُمْۗ وَاللَّـهُ غَفُورٌ رَّحِيمٌ
(Уа, Мұхаммед! Адамдарға): «Егер Алланы (шынымен) жақсы көрсеңдер, маған еріңдер. Сонда Алла тағала да сендерді жақсы көріп, күнәларыңды кешіреді», – деп айт. Алла – Ғафур (құлдары қанша жерден ауыр күнәға батса да, тәубелеріне келген жағдайда өте кешірімді), Рахим (әсіресе мүмін құлдарына ерекше мейірімді).[Әли Имран,31] Алланың бұл аятынан түсінгеніміздей, Алла сізді жақсы көру үшін Пайғамбарымызға (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) еру бұл негізгі шарт. Ал енді Пайғамбарымызға (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) қалай ере аламыз? Ең алдымен «еру дегеніміз не?» осыған тоқталсақ. Еру- бұл бір кісінің артына ілесу, істегенін істеу деген мағына. Еру дегеніміз – қандай жағдайға тап болса да сол жағдайда «Ардақты елші (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) не істеді?»- деген сұрақ қойып, сол кісінің ісін қайталау. Осы орайда, еру үшін, мұсылмандар 4 түрлі маңызды дүниеге назарын салуы керек.
- Адамдардың ардақтысы болған Алла елшісінің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) өмірін үлгі тұту.
Болмасаңда ұқсап бақ, бір ғалымды сүйсеңіз,- деп Абай атамыз жырлап кеткендей, Пайғамбарымыздың өмірін үлгі етіп, ұқсап бағуымыз керек. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) біз үшін көркем үлгі өнеге. Ол туралы Құран кәрімде: لَّقَدْ كَانَ لَكُمْ فِي رَسُولِ اللَّـهِ أُسْوَةٌ حَسَنَةٌ لِّمَن كَانَ يَرْجُو اللَّـهَ وَالْيَوْمَ الْآخِرَ وَذَكَرَ اللَّـهَ كَثِيرًا
Шүбәсіз, Алла елшісінде сендер үшін әрі Аллаға және ақирет күніне бар үмітін артқан (Алланы және ақирет күнін жан-тәнімен қалайтын) һәм Алланы көп еске алып, Оған көп құлшылық ететіндер үшін қай жағынан алсақ та, теңдессіз үлгі-өнеге бар. [әл-Ахзаб: 21] Адамзаттың асыл тәжін(Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Алла Тағаланың өзі өнеге қылып жаратқан. Себебі оның бір өзінің басында адамзатқа келер қиындықтар мен жақсылықтардың барлығы болған. Ол өз қолымен 3 ұл, 3 қызын жер қойнына тапсырды. Туылмай тұрып әкеден, анасының міріміне қанбай тұрып анадан жетім қалды. Балалықтың бала күнінде атасынан айрылды. Жақсы көрген жары мен қамқор ағасынан бір жылда айрылды. Осының бәрін көтеріп жүріп, дағуатты жеткізе білді, сол арқылы Алла үшін өмір сүруде үлгі болды. Алла үшін сол дағуатын жеткізу жолында Тайп қаласында елдің ақымақтары атқан тастың астында қалды. Ешкімге беріле бермейтін кек алу мүмкіндіген, яғни, Жебірейіл періштенің :» Уа Мухаммед, егер қаласаң Тайп қаласының үстіне мына тауды қоя салайық,»- деген ұсынысын бастартып, «Иә, Раббым бұл қауымды кешіре гөр, олар әлі білмейді ғой,»- деп дұға етіп мейрімімен үлгі болды. Сол үмметіне мейірім үшін жасаған дағуат жолында Мекке мүшріктерінен талай қорлық көрді. Алла қалап арада жылдар өтіп сол Меккені фатх қылғанда өзіне зиян келтірген қауымы алдында шарасыз тұрғанда: «Бара беріңіздер, сіздер боссыздар,»- деп кешірімділік үлгісі болды. Талай зұлмат дәуірлерде исламға жасаған мүшріктерді шабуылынан, мұсылмандарды аман алып шығып даналық пен басшылыққа үлгі болды. Қолына түскен дүниені Алла жолында беру мен жомарттықта өнеге болды. Қолында бүкіл әлем қорқатын әскер болса да, киімін өзі жамау арқылы кішіпейілділіктің үлгісі болды. Қиыншылық пен қуанышта да барлық ісі үлгі болды. Үлгі өнеге ретінде Пайғамбарымызға ерсек ешқашан адаспаймыз.
- Ниетіміз Алла мен ақырет болып, көп зікір етушілерден болуымыз керек.
Жоғарыда атап айтқан Құран кәрім аятында Алла Тағала: «Шүбәсіз, Алла елшісінде сендер үшін әрі Аллаға және ақирет күніне бар үмітін артқан (Алланы және ақирет күнін жан-тәнімен қалайтын) һәм Алланы көп еске алып, Оған көп құлшылық ететіндер үшін қай жағынан алсақ та, теңдессіз үлгі-өнеге бар»,- деп нұсқау арқылы Пайғамбарға кімдердің еретінін көрсетіп кеткен. Алланың ардақты елшісіне (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) еру үшін, оның өмірін өнеге тұту үшін бізде осы үш қасиеттің болуы маңызды. Олар: Аллаға және ақирет күніне бар үмітін арту (Алланы және ақирет күнін жан-тәнімен қалау), Алланы көп еске алу, яғни Оған көп құлшылық ету. Алла разылығын, ақыреттегі жағдайымызды биік қою мен Алланы көп еске алып құлшылық жасасақ дүниедегі сынақтардан жеңіл өтеріміз сөзсіз. Мақсаты байлық пен мансапқа жету болған адамның сол саланың маманыныңөмірін үлгі етеді. Дәл солай біздің мақсатымыз Алла разылығы болса, Пайғамбарымыздан (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) артық үлгі болар адам жоқ.
- Өмір баянын оқу.
Ұқсау үшін кімге ұқсау керегімізді білуіміз керек. Біз еліктейтін тұлға кім екенін анықтау ләзім. Басыңызға қиындық пен қараңғылық бұлты төнгенде Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) жасағанын жасауыңыз керек. Тіпті, жайдарлы күні бақытыңыз асып-тасып тұрса да, Адамзаттың ардақтысы (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) қандай халде болды, сізде сондай халде болуға ұмтылуыңыз керек. Ол үшін ең алдымен Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) ол жағдайға тап болғанда не жасағанын білу керек. Оның хикметке толы өмірбаянына қанық болу керек.
Бір күні Айша анамыз Пайғамбарлардың мөріне (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) даусын көтеріп, эмоциямен сөйлеп қалады. Бұны байқап қалған әкесі Әбу Бәкір ашуланып, ашу үстінде «неге Алла елшісіне олай сөйлейсің?»,- деп Айша анамызға қол көтере жаздайды. Мұны көрге Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) оны тоқтатып, «ешқашан олай жасама,»- деп тиып тастайды. Араға кішкене уақыт салып Алла елшісі Айша анамызға «Ашулы адамның ашуынан сені қалай құтқарып қалды ә?»- деген екен. Бұл жерден шығар түйін, ашуланған уақытта сөйлеуге асықпа, ашудың басылғанын күт. Басылған соң бірінші ренішті ұмытып, жақсы көңіл күй сыйла және тағы басқа түйіндер өте көп. Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) өмір баянын оқыған адам ғана, қандай жағдайда қандай әрекет жасағандығын біліп, соған сай әрекет ете алады.
- Алланың ардақты елшісін жақсы көру.
Бұл жақсы көру жай ғана сөз емес. Бәлки іспен дәлелденетін сезім. Жақсы көру деген сөз оның айтқанын өзіңнің қалауыңнан жоғары қою. Осылай нақ жақсы көрген пенде ғана тура жолды тапқан пенде. Бір күні Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларымен бірге тұрғанда, Омар (Алла оған разы болсын) оған : «Уа Алла елшісі, мен сізді өзімнен басқа барлық нәрседен артық жақсы көремін,»- деді. Сонда Ардақты расул (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Жаным оның құзырында болған Алламен ант етейін, тіпті өзіңнен артық жақсы көрмейінше, болмайды,»- деп жауап қатты. Сонда Омар(Алла оған разы болсын) : Алламен ант етейін, қазір мен сізді өзімненде артық жақсы көремін,»- деп еді, Алла елшісі: «Міне, қазір дұрыс болды,»- деп сөзін аяқтады.
Қорытындай келе, Ардақты елші бізге барлық жағынан үлгі. Оның әр ісін оқып зерттеп, әр сөзін санамызға сіңдіруіміз керек. Мақсатымыз Алла разылығы мен ақырет күні болып, көп зікір ететіндерден болуымыз ләзім. Сонда ғана Алланың сүйген құлы болып, күнә қателіктеріміз кешіріледі. Алланың тура жолына Алланың сүйіті елшісінен басқа ешкім көрсете алмайды. Себебі: Ол ешқашан өз әуейілігіне (нәпсі қалауына) қарай сөйлемейді, ол (яғни, айтқанының бәрі) уахи ғана. (Ән – нажм сүресі, 3-4 аят)
Атамекен мешітінің наиб имамы Әшім Әли