Бақдәулет қажы НҰРМАТҰЛЫ, Шымкент қаласының бас имамы
Жағдайы бар мұсылман баласы Құрбан айт күндері құрбан шалуға тырысады. Не үшін құрбан шаламыз? Осы жайлы ойларымызды ортаға салып көрсек.
Құрбан дегеніміз не? Құрбан дегеніміз – мұсылман баласының өз еркімен немесе нәзір себепті яки Құрбан айт күндері Алла Тағаланың разылығына бөленуді ниет етіп, Жаратушыға жақындаудың, құлшылық етудің бір амалы ретінде құрбандыққа шалынатын мал.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің өсиетті хадистерінің бірінде: «Адам баласы құрбан айт күні (құрбан шалып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Алла Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар», – деген.
Асыл дінімізде ниеттің орны ерекше. Өйткені, ниет адамды түпкі мақсатына жеткізбей қоймайды. Адам қандай жақсы амал істесе, ниетіне қарай оның сауабын алады. Ислам ғұламалары айтқандай, адамның азғантай амалын ниеті көбейтеді, ал көп амалын ниеті азайтады. Бұл – ниетті үнемі түзеп жүру қажеттігін аңғартатын тағылымды сөз.
Осы ретте Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ниеттің маңызына қатысты айтқан мына хадисі көп нәрсені меңзеп тұр: «Сендерге бір нәрсе айтамын, жақсылап түсініп алыңдар! Дүниеде төрт түрлі адам бар:
Біріншісі, Алла өзіне мал-мүлік пен білім берген адам. Бұл кісі мал-мүлкін Алла жолында жұмсайды, туыстарына қарайласып, байлығы мен дүние-мүлкінде Алланың ақысы бар екендігін біледі. Бұл – ең жоғарғы дәреже.
Екіншісі, Алла өзіне білім берген, бірақ мал-мүлік бермеген адам. Бұл адам жақсы ниетпен «егер менде де байлық болса, менде оны Алла жолына жұмсайтын едім» деген ниетте болады. Бұл кісі де осы ниетінің жемісін көреді. Нәтижесінде бұл екеуінің алатын сауабы тең болады…». Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл хадис-шарифі ниеттің мұсылман үшін қандай маңызды екенін терең түсіндіреді.
Алла Тағала қиямет күні жазушы періштелеріне: «Пәленше деген құлымның амал дәптеріне «мынаны, мынаны жаз» деп бұйырады. Періштелер: «Уа, Раббымыз! Бұл пендеңнің ондай бір нәрсесін жазбадық. Дәптерімізде ондай нәрсе жоқ» дейді. Сонда Алла Тағала: «Құлым мұны істеуді ниетіне алған еді» деп жауап береді» (имам Даруқутни).
Расында, Алла шынайы ниетпен жасалған құлшылықты ғана қабыл етеді. Сондықтан Құранда мынадай аяттар баяндалған: «Аллаға олардың еттері де, қандары да жетпейді. Алайда Оған сендердің тақуалықтарың ғана жетеді» («Хаж» сүресі, 37-аят).
Құрбан шалу мұсылманды ізгілікке тәрбиелейді. Біріншіден, адам баласы Алла разылығы үшін құрбан шалу арқылы Жаратқан Жабар Иесіне шүкіршілігін білдіреді. Аллаға деген шүкіршілік жүрекпен, тілмен және дене арқылы амалға асады. Кез-келген нығметті, мал-мүлікті беруші Алла екеніне сену – жүрекпен жасалатын құлшылық. Аллаға шүкір деген сөзді көп айту тілмен шүкіршілік ету дегенді білдіреді.
Құран Кәрімнің «Фатиха» сүресі: «Барлық мақтау әлемдердің Раббысы болған Аллаға тән» деп басталады. Демек, «Фатиха» сүресі Аллаға мадақ айтып, шүкіршілік етумен басталады. Бұл сүре әрбір намаздың әр рәкағатында қайталанатыны белгілі. Демек, тілмен шүкір етудің көркем үлгісін көрсеткен аят күніне қырық рет қайталанады екен. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Шүкірдің басы – Аллаға мадақ айту. Кім Аллаға мадақ айтпаса, Оған шүкіршілік етпегені» делінген.
Ал денемен жасалатын шүкіршілік құлшылық жасау арқылы жүзеге асады. Бірде Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) аяғы іскенше намаз оқиды. Айша анамыз (оған Алла разы болсын): «Алла сіздің күнәларыңызды кешірді ғой. Құлшылық үшін мұншама қиналғаныңыз не?» деп сұрағанда Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мен шүкір етуші құлдардан болмаймын ба?» деп жауап береді.
Екіншіден, мұсылман баласы құрбан шалу арқылы Алланың әмір еткен амалдарын орындап, шариғатқа бойсұнып, мұсылмандық міндетіне адал болуға тырысады. Құранда былай делінген: «Ал кім Аллаға, пайғамбарға бой ұсынса, міне солар Алла нығметке бөлеген пайғамбарлар, шыншылдар, шаһидтер және салиқалы құлдармен бірге болады. Олар нендей жақсы жолдас!» («Ниса» сүресі, 69-аят).
Аяттан аңғарғанымыздай, кімде-кім Аллаға және Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шынайы ықыласпен бойсұнса онымен бірге болмақ. Өйткені, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қияметте кісі жақсы көрген адамымен бірге болады» деген. Сондықтан шыншылдар, шаһидтер және салиқалы пенделер секілді Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) толық иман келтіріп, бағынуымыз тиіс. Ал Аллаға сену – ілгері-кейінгі өткен пайғамбарлар, шыншылдар, шаһидтер мен салиқалы құлдардың жолымен жүріп, Алланы тану деген сөз.
Алланың сынағына бойсұнып, Оған разы болу – мұсылманға тән сипаттың бірі. Хадисте: «Сауаптың үлкендігі сынақтың ауырлығына қарай болмақ. Расында Алла сүйген қауымының басына қиындық береді. Кімде-кім басына келгенге разылық білдірсе, Алла оған разы болады. Ал кімде-кім разылық көрсетпесе, ол Алланың қаһарына ұшырайды» делінген.
Үшіншіден, адам баласы құрбандық шалу арқылы мұқтаждарға қайырымдылық жасап, мейірімділік танытады. Мұсылманның түсінігінде оның иелігіндегі малдың пайдасы тек осы дүниемен шектелмейді. Мұсылман мал-дүниесін Алла жолында жұмсау арқылы мол сауапқа кенеледі. Демек, Алланың берген малын құрбандыққа шалу – сауап жинау көзі. Мұсылман өз иелігіндегі түйе, сиыр, қой, ешкі секілді малды Алла Тағаланың уақытша пайдалануға берген ризығы екенін естен шығармайды. Сондықтан мұсылман бұл нығметті тек жеке басына ғана пайдаланбай, белгілі бір үлесін жесірлер мен жетімдердің, пақырлар мен міскіндердің игілігіне жұмсап, ізгі мақсаттар үшін құрбан етеді. Осындай игі мақсаттарға тәрбиелеуде құрбандық шалу рәсімінің асыл дініміздегі орны ерекше. Алла Тағала игі ниетімізді, шалған құрбандығымызды қабыл еткей. Әмин!