- Құрбан шалу шариғатымызда Әбу Ханифа мазһабы бойынша шамасы жететін тұрғылықты мұсылмандар үшін жылына бір мәрте уәжіп іс.
- Құрбандыққа ұсақ малдан (қой мен ешкіден) жасы бір жасқа толғаны немесе бір жасқа толғанымен бірдей ірі марқа қойлар шалынады. Ал ірі қара малдан: түйеден бес жасқа толғаны, ал сиырдан екі жасқа жеткені шалынады. Пайғамбар (с.а.с.) құрбандыққа мүйізді қара ала қошқарды шалған.
- Бір қой бір адамның, бір жанұяның атынан сойылады. Ал бір ірі қараны (түйе, сиыр) жеті кісі отақтасып шалса болады.
- Құрбандыққа шалынатын мал түрлі айып, кемшіліктерден ада болуы шарт. Ауру, қотыр, соқыр, ақсақ, өте арық мал сойылмайды.
- Құрбандыққа шалынатын малды алдына ала белгілеп не сатып алып бағып, баптау мұстахаб.
- Алдын ала дайындалған құрбандық малының жүнін қырқу, міну, сүтін сауу мәкрүһ.
- Құрбандықты ханафи мазһабы бойынша айттың бірінші, екінші және үшінші күндері күндіз және түнде шалуға болады. Алайда түнде шалу мәкруһ. Бұл күндер зул-хижжа айының оныншы және он бірінші күндері. Ең дұрысы – Пайғамбардың (с.а.с.) сүннетіне амал етіп айт намазынан кейін шалу. Ал айт намазынан бұрын шалынған мал құрбандыққа жатпайды.
- Мұсылман адамның өз құрбандығын өзі шалуы, өз қолымен бауыздауы мұстахаб. Болмаса сенімді мұсылман кісіге тапсырса да болады.
- Құрбандықты бауыздаушының мұсылман болғаны дұрыс. Ал христианның союы мәкруһ іс.
- Құрбандық шалынған малдың етін үшке бөліп, бір бөлігін өздері алып, үштен бірін мұқтаждарға садақаға таратып, ал тағы үштен бірін туыстарына, дос-жарандарына, көрші-қолаңдарына таратады. Қасиетті аятта былай делінген: «Құрбанның етінен өздерің жеңдер әрі пақыр-міскіндерді тамақтандырыңдар» (Хаж, 28).
- Құрбандықты шалғанда малдың басын құбылаға қаратып: «Бисмиллаһ! Аллаһу әкбар! Я, Алла! Өзіңнің разылығың үшін құрбандық шалдым, құрбандығымызды Ибраһим мен Мұхаммед пайғамбарлардан (с.а.с.) қабыл алғаныңдай қабыл ала гөр!» – деп айту керек.
- Құрбандық малды қинамай, алдын ала дайындалған өткір пышақпен жеңіл түрде сою керек. Малды өтпейтін пышақпен қинап сою мәкруһ.
- Айт күні таңертең тамақ ішпей, сойылған құрбандықтың етімен ауыз ашу Пайғамбардың (с.а.с.) сүннеті.
- Құрбандықты сойған қасапшының ақысы сойылған малдың етінен, терісінен берілмейді, ақшамен, тағы басқа жолмен беріледі. Бұл туралы хадисті Әли (р.а.) риуаят еткен.
Шымкент қаласы орталық мешітінің баспасөз қызметі