إِنَّمَا يَعْمُرُ مَسَاجِدَ اللَّهِ مَنْ آمَنَ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الْآخِرِ وَأَقَامَ الصَّلَاةَ وَآتَى الزَّكَاةَ وَلَمْ يَخْشَ إِلَّا اللَّهَ فَعَسَى أُولَـئِكَ أَنْ يَكُونُوا مِنَ الْمُهْتَدِينَ

«Расында Алланың мешіттерін Аллаға және ақырет күніне иман келтірген, сондай-ақ намаз оқып, зекет берген және тек Алладан қорқатын (пенде) ғана тұрғызады. Міне олар шын мәнінде тура жол тапқандар» «Тәубе» сүресі, 18-аят.

Хадисте:

عَنْ أَبِى هُرَيْرَةَ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ (صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَ سَلَّمْ) قَالَ:أَحَبُّ الْبِلاَدِ إِلَى اللَّهِ مَسَاجِدُهَا

Әбу һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Алла Тағалаға елді мекеннің ең көрікті жерлері – мешіттер»

Хадис шәріпте: «Кім Алланың ризалығы үшін мешіт салса, Аллаһ Тағала жаннатта оған сондай ғимарат соғып береді», дейді. Демек, мешіт салған адам және мешіт салынуға өз үлесін қосқан адам ақыретте лайық сауабын алмақ.

Хадисте:

عَنْ أَبِى هُرَيْرَةَ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ (صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَ سَلَّمْ) قَالَ:أَحَبُّ الْبِلاَدِ إِلَى اللَّهِ مَسَاجِدُهَا

Әбу һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Алла Тағалаға елді мекеннің ең көрікті жерлері – мешіттер» Міне осы хадистің дәлелі болған миллионнан астам тұрғыны бар шырайлы шымқаламызда 89-дан астам мешіт бар оның орталығы АҚ МЕШІТ

Шымкент қалалық орталық мешіті

2013 жылдың 30 күні қасиетті жұма күні Шымкент қаласында сәні мен сәулеті жарасқан зәулім мешіт ашылды. Қазақстан Республикасы, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің келісімі мен Біріккен Араб Әмірлігіндегі «Шейх Халифа бин Зәйд Әль-Нахайан» қайырымдылық қорының демеушілігімен 2007 жылы құрылысы басталған облыстық орталық мешіт Шымкент қаласындағы тоғыз жолдың торабы, Алматы-Ташкент тас жолы мен Темірлан тас жолы қиылысында бой көтерген.

Мешітке 3.2209 га жер бөлінген. Мешіттің құрылыс аумағы 6355 м2 құрайды, сыйымдылығы бір сәтте 7000 адамға намаз оқуға арналған. Мешіт сәулеті қазақтың киіз үйі сипатын беретін келбетте салынып биіктігі 37 метрлік ақ түсте күмбезделінген және биіктігі 33 метрлік ақ түсті 4 мұнарасы бар. Мешіт іші екі бөлімнен тұрады бірі киіз үй сипатындағы үлкен намаз оқитын зал, екіншісі екі қабатты ғимараттан тұрады. Екі қабатты ғимаратың 1 қабатында кіші намазхана, неке бөлмесі, әйелдер бөлмесі, шаруашылық бөлме және дәрісхана орналасқан. Екінші қабатында имам бөлмесі, әйелдер бөлмесі, кітапхана және 4 қызметтік бөлме орналасқан. Мешіт ішінде айналасына жарық беретін әсем люстралар ілінген.

Мешіт ауласында имамның қызметтік үйі (151.1 м2), дәретхан (625.5 м2), жылыту пеші ғимараты (108 м2) орналасқан.

Мешітке келушілердің автокөліктеріне арнайы автотұрақ салынған. Аула шамшырақтар мен гүлзарлар және орындықтармен көркемделген. Мешіттің конференция залы, кітапханасы, медресесі, екі үлкен әйелдер залы, неке және имамдар бөлмесі бар. Сонымен қатар мың көлікке арналған автотұраққа орын бөлінген.Мекен жайы: Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы. 

Сондай-ақ, Мекке мен Мединенің өзінде де көптеген мешіттерге адамдардың аты қойылған. Мысалы, «Айша мешіті», «Салман Әл-Фарсий» мешіті. Сондай-ақ, Египеттегі Каир қаласының бір мешіті бабамыз «Сұлтан Бейбарыстың» атымен аталады. Мешітті адам атымен атауда ешқандай олқылық жоқ. Тек лайықты адам болса, болғаны.

Мешіт ұстау дегеннен мешіттің рухани әрі материалдық жағы түсініледі.Рухани жағына мешітте бес уақыт намаздың өз уақытында оқылуы, діни сауат ашу курсы жұмыс істеуі, қасиетті құран оқу, дұға жасау,неке қию сияқты тағы басқа да діни рәсімдер жатады.

Материалдық жағы мешіт салу, салынған мешіт болса, оның жылуын, жарығын көтеру, керекті заттармен оны қамтамасыз ету, садақа жасап, қолдау көрсету, таза ұстау сияқты амалдардан тұрады.

 Мешітті көркейту яғни, мешіт ұстау мешітке рухани әрі материалдық қолдау көрсету шарапатты әрі абыройлы іс. Әр үйдің немесе әр ғимараттың абыройы оның иесінің абыройына байланысты. Жер бетіндегі мешіттердің иесі Алла тағала. Сондықтан да, Алланың үйлері, деп аталмай ма? Олай болса, мұсылман үшін мешіттерден жоғары мәртебелі әрі кеиелі мекен жоқ шығар.

Мешіт – Аллаһ Тағалаға ғибадат-құлшылық жасалатын орын. Жаратқанға жалбарынатын жер болғандықтан оны Аллаһ үйі деп те атайды. Сондықтан мұсылман баласы мешітке құрметпен келіп, кішіпейілділікпен «бисмилләһ, О Жаратқан, Маған рахмет есіктеріңді аша гөр!», деп дұға оқып, оң аяғымен  кіру аса сауапты іс. Дәреті болса, нұр үстіне нұр. Мешіттен шығарда «О Жаратқан, жарылқай гөр!» деп айтып, сол аяғымен шығу мешіт әдептеріне жатады.

Мешіт сөзі «бас иіп, сәждеге жығылатын орын» деген мағынаны береді. Мешіттегі бес уақыт намазды өткізу имамның міндеті. Осы міндетті жауапкершілікпен атқарып жүргендіктен де имамдардың соңында ұюшы жамағат көп. Күнделікті таң, бесін, екінті, ақшам және құптан намаздарына келушілердің саны күннен күнге артуда. Басым бөлігі жастар. Бүгінгі жастардың дінге ықыласы күшті, талабы зор. Олардың саны көптігінен мешіттің үлкен залы бес уақыт намаздың өзінде толуға шақ қалады. Жастардың көбі мешітте діни сауатын ашады. Мешітімізде сауат ашу курсы тынымсыз жұмыс істейді.  Мұндағы мұғалімдер имамдар. Әйелдер үшін де сауат ашу курсы бар. Мешітке келген қауым үшін мешіттен кішігірім кітапхана да ашқанбыз.

Шымкент қалалық орталық мешітіндегі имамдардың бәрі де жоғары білімді азаматтар. Мешіттің барлық бөлмелері компьютерленген. Копьютер интернетке қосылған, электрондық поштасы да бар. Имамдар копьютермен еркін жұмыс істейді. Сондықтан мешіт имамдарынан интернет арқылы да шариғи мәселелерді сұрап, біліп отыруға болады.

Елімізде елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тікелей атсалысуының арқасында бұл күнде Алматы шаһарында үлкен «НұрМүбарак» деп аталатын жоғарғы діни орталық жұмыс істейді. Сондай-ақ, Қазақстанның әр аймағында тоғыз орта буынды діни мамандарды дайындайтын медреселеріміз бар,оның бірі біздің орталық мешітімізде орналасқан Шымкент Медресе колледжі. Ел аумағындағы дерлік барлық мешіттерде ҚМДБ-ның тапсырмасымен діни сауат ашу курстары ұйымдастырылған. 

Әл-Һасан Әл-Басри айтты: «Иман келтірген мұсылмандар әр қашанда, мешіттен оларға бес пайда бар екенін ұмытпауы керек. Олар: біріншісі – мешітте күнәлардан пәктенесін, тазарасың. Екіншісі – Аллаһ үшін, жақсы адаммен танысасың. Үшіншісі – көршілермен сұхбаттасу,олармен қарым-қатынастар жасап, сырқаттанғандар болса, хабар табасың. Ал төртінші – сенің көзің мен құлақтарың һарамдардан сақталады(ұятты сурет, өсек т.б.). Бесінші – ол жерде тура жолда жүруге ынталандыратын уағыз-насихатарды тыңдайсын».

Мешіт – күн секілді. Оның айналасында идеялар мен сезімдер айналып тұрғандай. Сонымен қоса, ол ең керемет мектеп, өйткені онда ең абзалдар тәрбие алуда. Олар өз кезекте, білім шырағын қолға алып, жер жүзіне ақиқатты таратады.

Дін таратқан, Ислам туын көкте алғаш желбіретіп көтерген ерлерде, қазақ халқының бір туар кез келген азаматтары осы мешіттің түлектері боп табылған. Олар мешітте өсіп-тәрбиеленді. Ұлы ғұламалар, фақиһтар, шешендер мен қоғам қайраткерлерінің басым бөлігі – аталған мектептен шыққан мешіт оқушылары.

Шейхул Ислам Аһмад ибн Абду-с-Саләм(Аллаһ оған рахым етсін) айтты: «Мешіт қоғамдық жиналыс орны болатын, ол жерде үлкен имамдармен кездесуге болады. Асыл пайғамбарымыз(с.а.у.) өз мешітін тақуалыққа негіздеп салған. Онда адамдар ғибадат жасап, құран оқитын. Аллаһты еске алып, білім алатын, хұтба-уағыздар айтатын. Ол жерде саяси, маңызды түрлі мәселелер талқыланып, басшылар, әкімдер, қолбасшылар тағайындалатын… мұсылман қауым мешітте кез-келген діни, әрі дүниелік проблемаларын шешуге жиналатын».

Жоғарыдағы сөздерімізді сарапқа салсақ, мешіттің маңыздылығын айдан анық көреміз. Сол артықшылықтардың кейбірі:

Мешіт – бұл мектеп, мұнда адамның жаны Жаратушысымен байланыста тәрбиеленеді: Оған құлшылық жасайды, Одан пана мен медет тілейді.

Мешіт – бұл мектеп, мұсылмандар мұнда өз діндерін үйрененді. Пайғамбарымыз өз асһабына бар білгенін осы мешітте үйрететін.

Мешіт – пәтуалар мен шешімдер қабылдайтын жер. Ағартушылық іс-әрекеттердің басқарма орталығы.

Мешіт – құран мен сунна аясында қоғамның істерін талқыланатын жер.

АҚЫЛ-СӨЗДЕР МЕН МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕР:

Аллаға жағайын десең, азаның болсын,

Халыққа жағайын десең қазаның болсын.

Естуші едім ауылда, Молдамыздың азанын.

Азан үнi шыққанда, Көтеріп жол тозаңын.

Намазға жұрт баратын, Мешіт лық-лық толатын.

Барлық мойын иіліп, Барлық, қабақ, түйіліп,

Тірлік қамын ұмытып, Бір Аллаға сыйынып,

Құбылаға жұрт құлайтын, Иман, ұжмақ сұрайтын

(Әбділдә Тәжібаев)

Мешіт көзге көркем, өзі биік,

Тұрады жұмасына жұрт жиылып.

Ғибраттанып борышымды өтейін деп,

Мен бардым шаттықпенен көңілім сүйіп

(Сұлтанмахмұт Торайғыров)

 

ТҮЙІН:

Күмбезі ұзақтан көз тартатын мешіттерді қай тұрғыдан алсақ та, әр пендеге жақсы ой мен ізгілікті амалдарды еске салатыны белгілі. Мешіттен аттап өтуге ешкімнің жүрегі дауаламайтыны да сондықтан. Алланың қаһарынан қорыққан жан құлшылық жолында жүрмесе де, дүниеден қайтқан аруақтардың рухтарына «Құран» бағыштатып, садақасын салып, басына саулық, отбасына амандық, ел-жұртына тыныштық тілейді, шын жүрегімен езіліп, шүкірлік айтады.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хади­сінде: «Егер адамдар Алланың үйлерінің бірінде жиналып, Құран оқып, оны өзара талқы­лайтын болса, оларға міндетті түр­де жан тыныштығы түседі және оларды рақым­шылық бүркеп періш­телер қоршауына алады. Алла оларды Өзінің құзырындағылар жанында еске алады» – деген.

Олай болса, ме­шіт­теріміздің мұсылман жамағатқа толуы еліміздің мерейін, берекесін арттырар амалдардан болып табылатынын ескере жүргеніміз абзал.

АЗАМАТ ӘБДІКЕРІМҰЛЫ

«ДІНТАНУШЫ» ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ МЕШІТ  ІС БАСҚАРУШЫСЫ ЖӘНЕ ҚАЖЫЛЫҚ БӨЛІМ ЖЕТЕКШІСІ

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38