Бесік – дүние есігін жаңа ғана ашқан жас нәрестенің ең алғашқы ұясы, жыпжылы төсегі, мамық отауы. Бесік – қаншама ғасырлар бойы ұлттық тәлім-тәрбиенің қайнар көзі. Бесік – қасиетті Құранда аты аталған бұйым. Алла Тағала Иса пайғамбар туралы мынадай аят түсірген: «Сондай-ақ, ол бесікте де, ересек-егде шағында да адамдармен тілдеседі әрі ізгі жандардың бірі болады». Ол – сәбидің сүт еметін шағында жататын орны. Құлап қалмауы үшін бала соған салынып қойылады», дейді.
Қашаған ақынның «Пайғамбарлар туғанда, Бесік болған бұл ағаш» деп жырлауы да тегін болмаса керек. Осының бәрін жақсы білген, дұрыс зерделеген ата-бабаларымыз сәбиді бесікке салуды ерекше дәстүрімізге айналдырған. Ілгеріден біте қайнасып ауыздан ауызға тарап келе жатқан «Қобыланды батыр» жырында: «Алтыннан бесік ойдырып, Ақ торғынға бөлеген» деген өлең жолдары осының айғағы. Бұл сөздер біздің жұрттың сол кездегі биік эстетикалық талғамынан хабар берсе керек.
Бесіктің қадірін жете түсініп, жақсы ұғынған халқымыз, атасы жатқан бесікке немере, шөберелеріне дейін жатқызуға тырысқан. Мұндағы мақсат – бабасындай текті болсын, аталарының жолын жалғайтын үбірлі-шүбірлі болсын деген ізгі ниет.
Бесік көшпелі өмір кешкен қазақ халқының өмірінен ерте кезде орын алған. Қазақ бесікті қарағай, қайыңнан, көбіне талдан иіп жасайды. Мұндай бесік жеңіл, ықшам әрі берік, көшіп-қонуға ыңғайлы болады. Бесік баланың тазалығына өте қолайлы, өйткені арнайы орнатылатын түбек пен шүмек бала дәретін жайылдырмайды.
Қазақта бесік қасиетті, киелі құтты мүлік, сәбидің алтын ұясы болып есептеледі. «Ел іші – алтын бесік» деген сөз оның құдіретін көрсетеді. Сол себепті жаңа туған баланы бесікке салу – халқымыз үшін елеулі дәстүрдің бірі. Бесікке қатысты қазақ халқының өзіне тән ырымы, салт-дәстүрі болған. Қазақтың бесікке салу ырымы әлі күнге жалғасып келеді.
Бесіктің тағы бір ерекшелігі – оның көшіп-қонуға ыңғайлылығы, алып жүруге жеңілдігі. Бөленген баланы алыс-алыс жерлерге шеру тартқанда ат үстіндегі кезкелген адам алдына өңгеріп алып, емін-еркін жүретін болған. Жаугершілік заманда тұтқиылдан шабуыл жасалғанда бесіктегі сәбиді әке-шешесі ат үстінен оңай іліп алып, дұшпанның тырнағынан тез сытылып кетіп отырған.
Сұлтанмахмұт Торайғыров: «Бесігімде жатқанда-ақ берген білім» дегенде бесік жырымен құлағына құйылған ана тілі мен ұлттық рухты меңзеген. Бесік жырында айтылатын сөздердің бәрі тұнып тұрған дұға тілек.
«…Қолымыздан іс алып,
Мойынына күш алып,
Бізді бағар ма екенсің?
Құрығыңды майырып,
Түнде жылқы қайырып,
Жаудан жылқы айырып,
Жігіт болар ма екенсің?
Айыр қалпақ киісіп,
Ақырып жауға тиісіп,
Батыр болар ма екенсің?
Бармақтарың майысып,
Түрлі ою ойысып,
Ұста болар ма екенсің?
Таңдайларың тақылдап,
Сөйлегенде сөз бермей,
Шешен болар ма екенсің?..»
Діни аңыздарда бесік жырын ең алғаш орындаған Хауа ана деп айтылады. Бірде ол егіз ұлын жұбата алмай, қиналып отырады. Сол кезде көктен жеті періште түсіп: «Алла, Алла, Алла», – деп, Алланың атын әдемі әуезге салып әндетеді. Әдемі әуенге елтіген Хауаның бөбектері жұбанып, тәтті ұйқыға кетеді. Ән анасына да ұнап қалады. Ол періштелерге: Маған да үйретіңдер, – деп өтінеді. Періштелер Хауаға жеті күн бойы әлди әуендерін үйретіпті. Кейін Хауа ана өзінің барлық балаларын сол әнмен тербетуді әдетке айналдырады. Бұл әуез дами келе бесік жырына айналған екен. Қазақтағы «Әлди, әлди, әлди-ай» деп басталатын бесік жырының төркіні Хауа ананың «Алла, Алла, Алла-ай» деген әуеннен шыққан деседі. Ертеде бесік жырын үйретудің арнайы мектебі болыпты. Бесік жырының мазмұнына, әуезіне қатты мән берілген. Тәжірибелі аналар оның иләһи мазмұндарын таза сақтап, келіндеріне үйретіпті. Бесік жыры жайлы «Алла-наме», «Әлдинаме» деген ескіше жазылған кітаптардың да болғанын айтады. «Аналар әлдисіз жасай алмас» деген нақыл сөз содан қалған дейді.
Бауыржан Момышұлы «Ұшқан ұя» кітабында: «… Ертексіз өскен бала – рухани мүгедек адам. Біздің қазіргі балаларымызға әжелері, не шешелері ертек айта бермейді. Содан қорқам. Менің қазіргі келіндерім немерелеріме бесік жырын айта білмейді. Бесікте жатқанда құлағына анасының әлди әні сіңбеген баланың көкірегі кейін керең болып қалмаса деп қорқамын. Ал менің кәрі апам Қызтумас маған ертекті көп айтатын, әлди әнді көп айтатын. Арада неше заман өтті! Қызтумас апамның сүйегі әлдеқашан қурап кетті, ал әлди ән айтқан үні әлі тұр құлағымда… », деп жазады.
Жоңғарлар шапқыншылығы өткеннен кейін тоз-тоз болған ел тау жаққа қарай босып, үдере көшкенде жүкті жас келіншек бос бесікті арқалап бара жатқан көрінеді. Сонда Төле бимен қатар келе жатқан кісі: «Мына бейшараның көрпе-жастығын тастап, бос бесікті арақалап келе жатқаны-ай!» – дегенде Төле би: «Баланың бесігі – кең дүниенің есігі ғой», –деген екен. Ардақты пайғамбарлардан бастап ұлтымыздың небір ұлылары жатқан киелі
бесігіміз тән мен жанның жақсы жетілуіне ыңғайлы етілген қасиетті бұйым. Мұның қадірін біліп, бесікке салу дәстүрлері мен бесік жыры секілді салт-жырларымызды орнымен атқарғанда елдігіміздің ертеңі жарқын болары хақ. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген дана сөз тегін айтылмаса керек.
Насрулла мешітінің имамы Юсупов Талғат Абдукәрімұлы