ҚМДБ «Д.А.Қонаев» мешітінің имамы, ХҚТУ Гуманитарлық ғылымдарының магистрі (Дінтанушы), Жомарт Дөрбетхан

Қадір түнінің артықшылығы мен қасиеті нақты дәлелдермен білдірілген, бірақ оның дәл қайсы түн екендігі жөнінде ғалымдар арасында пікір қайшылығы бар. Себебі оның уақыты тұрғысындағы бізге жеткен дәлелдерде нақты белгілеме-бекім жоқ. Хадис шәрифтегі нұсқаларға қарасақ, Рамазан айының соңғы он күні, оның ішінде қадір түнін тақ күндерден іздеуді өсиеттейді. Ғалымдарымызда осы дәлелдерге сүйене отырып қадір түні – Рамазан айының 27-кеші болуы мүмкін деген болжам айтады.

Қадір түні Рамазан айының ең қадірлі кеші және оның маңызы өте зор, абыройы асқақ уақыт екендігін, Қадір сүресін түсірумен әйгіленген. Қадір сүресінде оның қадірі мың айданда артық десе, келесі аятта ол түні жер бетіне Жәбірейіл мен бірге періштелер түсетіндігі баяндалды (Қадір сүресі 1-5 аят).

Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде қадір түнінің маңызы жайлы: «Қадір түні оның маңызы мен қасиетіне сене отырып, сауабын тек Аллаһтан ғана күтіп ғибадат-құлшылық жасаса, оның – құл ақысынан басқа барлық күнәлары кешіріледі» – деген болатын (Мүслим, мүсәфирин, 175).

Басқа бір хадис шәрифте: «Рамазан айында Алла Тағаланың сондай бір түні бар, оның қадірі мың айданда қайырлы. Кімде-кім ол түннің қайыр жақсылыңынан құр қалар болса, ол шынымен үлкен бір табыстан мақұрым қалғандығы болады» – деп қадір түнінің артықшылығын айтқан (Нәсәй, сияам, 5; Ахмед, ІІ, 230).

Қадір түнінде жасалынған әрбір сауапты істің мөлшері, мың аймен есептегенде 83 жылға пара-пар болады екен. Енді осы түнде жасалуға тиіс амалдарды атасақ:

  • Қадір түнінде көп дұға жасау. Осы түнде жасалынатын ең маңызды амалдардан бірі ол дұға тілекте болу. Себебі, Айша (р.ма.) анамыз Пайғамбарымызға (с.а.с.): «Уа, Алланың Елшісі! Қадір түнінің қайсы күн екендігін білсем қалай дұға жасасам болады?» деп сұрайды. Сонда қос жиһанның Сұлтаны (с.а.с.) төмендегідей дұғада болуын өсиет қылған екен: «Аллаһуммә иннәкә ғафууун тухиббул-Фағфуә ғанний» – деген дұғаны үйретті. Мағынасы: «Уә Аллаһым! Сен ерекше кешірушісің, кешіргенді жақсы көресің. Олай болса мені кешірші!…» – деген дұға (Тирмизи, дағуат, 84; Ибн Мәжа, дұға, 5).
  • Көптеп намаз оқу. Әсіресе бес уақытқы намаздарда қазаға қалғаны болса, алдымен қадір түні соларды өтеген дұрыс. Ең соңғы қазаға қалған бәлен намазымды өтеуге деп ниеттеп жалғастырады. Нәпіл (қосымша) намазы ретінде екі рекағаттан 4 бас намаз оқыған жақсы. Алғашқы екі ракағатта да фатиха сүресінен соң 7 реттен ыхлас сүресін оқып сәлемнен кейін 70 рет истиғфар (әстағфируллаһ – Алла кешір) айту лазым. Екінші екі рекағатта да фатиха сүресінен соң 3 реттен ыхлас сүресін оқып сәлемнен кейін дұға жасау абзал екендігін кейбір ғалымдар дәріптеген қылған:

 

«Мәңгі тірі және ешқашан қалғымайтын – Ұлы Жаратушыны ұлықтаймын. Мәңгі барлығын көрсететін – Құдірет Иесін ұлықтаймын. Мәңгілік ғапылдықтан ада, ұдайы қорғаушым – Ұлы Затты ұлықтаймын. Аса жомарттық тантып, сараңдықтан пәк – Ұлы Раббымды ұлықтаймын. Жазалауды кешіктіріп, мейіріммен мәміле қылар – Мейірімділердің Мейірімдісін ұлықтаймын. Алла деген атыңды ұлықтаймын, тек мақтау-мадақ саған ғана лайық. Алладан басқа тәңір жоқ, Ұлылық тек саған лайық. Барлық күш пен қуат – Тек Ұлылығы және Құдірет иесі Алланың оңтайластыруымен ғана көрініс табады. Тек сені ғана ұлықтаймын – Уа, Бүкіл Ғылым мен Ұлылық Иесі. Менің таудан үлкен және тастан қатты күнәларымды кеш – Раббым» – деген үлгіде болады.

  • Құран Кәрімді көп оқу. Қадір түнінде кітап түскендіктен қасиетті уақыттың қадірін Құран Кәрім оқумен де көркемдей түсу қажет. Құран Кәрім тиләуәт қылудың сауабы өте үлкен. Алланың аятында: «Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. 1. Расында, Біз Құранды Қадір түнінде түсірдік. 2. Қадір түнінің не екенін білесің бе? 3. Қадір түні мың айдан да қайырлы. 4. Сол түні Раббыларының рұқсатымен Рух (Жәбірейіл) пен періштелер әртүрлі іс үшін түседі. 5. Таң рауандап атқанға дейін сол түн бейбітшілікке бөленеді» – деген бес аяттан тұрады.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде Құран Кәрім оқудың артықшылығын Ибн Мәсғудтан (р.а.): «Кімде-кім Құран Кәрімнен бір әріп оқыса, оған арналған үлкен бір жақсылық сауабы бар. Әрбір жақсылықтың қарымы он сауап. Мен, әлиф-ләм-мим сөзі бірігіп бір әріп деп айтып тұрған жоқпын. Керісінше әлиф жеке бір әріп, ләм бір әріп, мим де өзбасына бір әріп саналады» – деп баяндайды (Тирмизи, фезайүл-Құран, 16).

Ибн Аббастан (р.ма.) жеткен хадисте: «Құраннан жүрегінде азғана болсада нәсібі жоқ адам, қаңырап тұрған үй тәрізді» – деген (Тирмизи, фезайүл-Құран, 18).

  • Тәуба мен истиғфар жасау. Қадір түнінде Алланың рақметі жербетіне ағыл-тегіл жауатын мүбәрак бір түн. Сондықтан оны пайдаланып арт-артынан тәуба қылып, күнәларымызға кешірім сұрайтын уақыт. Себебі, Пайғамбарымыз (с.а.с.) күнәларымыздың кешірімге ие болуы үшін көптеп жалбарынуды өсиет қылған (Тирмизи, дағуат, 84). Сонымен қатар күнәларымыз қаншалықты көп болсада Алла Тағала, өзіне ортақ қоспағандардың күнәларын кешіретіндігін сүйіншілеген – болатын (Мүслим, иман, 279).

Әрі Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде: «Мен өзім, күніне 100 мәрте истиғфар тілеймін…» – деп біздің де күніге күнәларымызға 100 рет кешірім тілеп жалбарынуымызды меңзеген (Мүслим, зікір, 42).

  • Пайғамбарымызға (с.а.с.) салауат айтып, сәлем жолдау. Қадір түні күнінде Пайғамбарымызға (с.а.с.) молынан салауат айту керек. Салауат айтуды Алла Тағаланың өзі бізге бұйырған (Ахзаб сүресі, 56 аят). Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өзі де салауатты көптеп айтқан адамның басындағы ауыртпалықтардан жеңілдеп, тыныштықпен қауышатындығын айтқан (Тирмизи, қиямет, 23).

Үбәй бин Кәғбтан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбарымызнан (с.а.с.):

  • «…Дұға қылатын уақытымның үште екісін салауатқа арнасам болама? – деп сұрады.
  • Қалағаныңша жаса. Қаншалықты артырсаң өзің үшін жақсы – деді.
  • Олай болса, дұға қылатын уақытымның барлығын саған салауат айтуға арнасам қалай болады?
  • Егер олай жасайтын болсаң, Алла Тағала сенің басыңды қиыншылық атаулыдан арылтады және барлық күнәларыңды кешіреді» – деген (Тирмизи, қиямет, 23).
  • Осы түнде көптеп Аллаға мақтау-мадақ айтып, шүкіршілік халінде болу. Алла Тағала аятта: «Өлмейтін мәңгі тірі болған Аллаға ғана сеніп оған сүйен. Оған мақтау-мадақ айтып – Ұлықта» – деп әмір етті (Фұрхан сүресі, 58).

Пайғамбарымыз (с.а.с.) хадисінде: «Жақсы істерді Аллаға мадақ айтып бастамаса оның қайыр берекеті болмайды» – десе (Ибн Мәжа, нихаһ, 19), келесі хадисте: «Аллаға мадақ айту – шүкіршіліктің басы. Аллаға мақтау-мадақ айтпайтын құл, Оған шүкіршілік етпегендігі болып саналады» – деген (Сұйюти, әл-жамиғұс-сағир, 3835).

  • Алла Тағалаға көбірек зікір айту. Құран Кәрімде: «Олай болса сендер Мені еске алыңдар, Менде сендерді еске алайын… (Бақара сүресі, 152). Раббыңның есімін зікір ет және бүкіл болмысыңмен – Оған ғана жөнел (Мүзәммил сүресі, 8). Алланы зікір ету әлбетте ең ұлық (құлшылық) (Ғанкабут сүресі, 45)» – деген.

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) құдси хадисінде: «Құлым, Мені зікір еткен кезде – Мен онымен бірге боламын. Құлым, Мені іштей зікір қылғанда Мен оның тұлғасымен еске аламын. Құлым, Мені бір топтың ішінде тұрып зікір етсе, Мен оның ол топтан қайырлы бір топпен бірге зікір қыламын (Бұхари, тәухид, 15). Дүниеде Алла, Алла деген бір пенде болса қиямет болмайды (Мүслим, иман, 134/244)» – деген.

  • Садақа беру. Осы қасиетті түнде зекет-садақа беру арқылы кедей-кепшектер мен пақыр-міскіндерді қуанту, олардың көңілін аулау жасалынған ең қайырлы істерден саналады. Алла үшін садақа берумен адам өз өміріне төніп тұрған қауіп пен қатерден сақтанған болады. Құранда: «Алла жолында жұмсаңдар. Өз қолдарыңмен өздеріңді қауіпке атпаңдар. Сондай-ақ, ихсан жасап жұмсаңдар. Себебі, Алла Тағала (мұхсин) қолы ашықтарды сүйеді» – деген (Бақара сүресі, 195).

Пайғамбарымыз (с.а.с.) өзінің хадисінде: «Жарты құрмамен болса да тозақ отынан қорғаныңдар, оны да таппасаңдар көркем және көңілдендіретін сөзбен болса да сақтаныңдар» – деп өсиет еткен (Бұхари, әдеп, 34).

  • Тәфәккүр (Раббымызды берген нығметтерін ойлану арқылы еске алу) ету. Адамзат руханият биігіне көтерілу үшін өзіне берілген нығметтердің қадір-қасиетін түсініп, үйіп-төгіп берген нығметтермен Раббысын ризашылықпен еске алу негізгі баспалдақтардан бірі болып саналады. Құранда: «Олар (ақыл иелері) отырса да, тұрса да, жантайып жатса да Алланы еске алады. Көк пен жердің жаратылысына ой жүгіртеді де, «Уа, раббымыз! Бұларды бекер жаратпадың, біз сені барлық нұқсаннан пәк деп білеміз. Бізді тозақ отынан сақтағайсың»» – дейді (Әл-Ғимран сүресі, 191 аят).

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

  1. Құран Кәрім
  2. Бұхари
  3. Мүслим
  4. Тирмизи
  5. Ибн Мәжа

Дұғалар кітабы

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38