ҚМДБ Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет қажы Нұрматұлы
Мұсылмандықты бекем ұстанған қазақ халқы бұл күнді ерекше дайындықпен өткізеді. Ақсақалды қариялар, ақ самайлы әже-апалар ақ дастархан жайып, қонақ күтіп, бата береді. «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!», – деген тілек-дұғалар айтылатын Наурыз – бірліктің, ынтымақтың, береке мен татулықтың мерекесі.
Бұл күні араздасқандар – адамгершілік, ренжіскендер – рақымдылық жолын ұстанады. Асылында мұсылмандар үшін біреуге ренжуге де, өзгені ренжітуге де болмайды. Алайда осынау ізгілік мерекесінде адамдар кешірімділікке, татулыққа ұйысады. Өйткені, Алла тағала қасиетті Құранда «Кешірім жолын ұстан», – деп бұйырған.
Наурызды халқымыз діни деп емес, ата-бабамыздан жалғасын тауып келе жатқан ұлттық мереке, салт-дәстүріміздің жалғасы деп тойлайды. Біздің ата-бабаларымыз да наурыз мерекесін шариғатпен ұштастыра отырып тойлаған. Бұл күні жақсы тілек тілеу, құттықтау, кешірім сұрау сияқты адамгершілік қасиеттер көрініс тауап, кейінгі ұрпақтар сондай жақсы өнегеден үлгі алып өседі.
Наурыз – достық пен бірліктің, мейірімділіктің мейрамы! Бұл мереке сондай-ақ, дәстүрімізді жаңғыртып, ұлттық құндылықтарымызды насихаттаудың тамаша мүмкіндігі болып табылады. Бұл күні жақсы тілек айту, ренжіскендердің бір-бірін кешіруі, қайырымдылық жасау секілді ізгі амалдар кеңінен көрініс табады. Әрине, бұдан кейінгі ұрпақтың үлкен үлгі-өнеге алатындығы сөзсіз.
Наурыз мерекесінің тәлім-тәрбиелік мәні айырықша. Ағайын-туыс пен көршілердің басын қосып дастархан жаю, мұндай ізгі басқосуларда жақсы сөздер айту, бір-біріне мейірімділік таныту, үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болу секілді ғұрпымызда бұрыннан қалыптасқан асыл құндылықтар Ислам дінінің қағидаларымен қабысып, үндесіп жатыр. Мұның бәрі әр адамды әдептілікке, бауырмалдыққа, ізгілік пен мейірімділікке тәрбиелейді.
Наурызда не істеген жөн?
Мерекелердің ішіндегі ең мерейлі күндердің бірі – әз Наурыз мерекесі. Осы күндері мына ережелерге назар аударған артық болмас деген оймен назарларыңызға ұсынып отырмыз. Мереке күндері:
- ғұсыл құйыну, яғни көшеге тазаланып, дәретпен шығу;
- жақсы және таза киім кию (мүмкіндігі болып жатса жаңа киімдер кию);
- жағымды иіс майлар себу;
- мереке күндері Алла Тағаланы еске алып, дұға – тілек жасау;
- ең бірінші кішкентай бүлдіршіндерге, балаларға сыйлықтар мен ойыншықтар алып беру;
- ата-анамызды, достарымызды мерекемен құттықтап, сый-сияпаттар жасау;
- мереке күндері араздасушыларды татуластыру;
- айтулы күндері әуелі көршілеріміздің дініне, ұлтына қарамастан мерекемен құттықтау;
- өмірден озған адамдардың үйлеріне барып, Құран бағыштау;
- науқастанған бауырымыздың көңілін сұрау;
- тұрып жатқан жерімізге ағаш отырғызып, арық-атыздарды тазалауды естен шығармау;
- жағдайы төмен отбасылар мен мен жетім-жесірлерге қол ұшын созу, көмек беру;
- көпшілікке қайырымдылық негізінде ас беріп дастархан жою;
- жасы кіші үлкендерге барып сәлем бергені абзал;
- сауапты істермен айналысу, т.б.
Жалпы, бұл күндері ұдайы қуанышта болып, барша жақсылық атаулының басы-қасында жүріп, қолдан келген ізгі амалдарымызды жасау – сіз бен бізді Алла тағаланың рахымына бөлейтін амалдар, ишааллаһ.
Бірлік – біздің басты ұстанымымыз. «Алтауы ала» елдің алдағы уақыттан алары аз. «Төртеуі түгел» елдің болашағы зор. Болашағымыздың жарқын болуы бүгінгі бірлігімізге тікелей байланысты. Бірлігімізге бекем болсақ, болашағымыз баянды, берекелі болары хақ.
Наурыз мейрамы тәуелсіз еліміздің зор ықыласпен тойланатын нағыз халықтық сипаттағы салтанатына айналды. Ұлыс оң болсын, ағайын!