Аса мейірімді ерекше рахымды Алланың атымен бастаймын! Күллі мадақ жалғыз Аллаға және оның ардақты елшісі Мұхаммедке Алланың сәлемі болсын.
Ұлы шариғатымыз адам баласына қажетті барлық мәселенің шешімін қарастырып, өз ішіне екі дүниенің де бақытын қамтыған. Олардың әрбіріне тоқтаудың өзі ұзақ әңгімеге айналары сөзсіз. Ал біз ізденген тақырып – «Алладан қорқып жылаудың маңыздылығы» болмақ.
Жалпылай айтқанда мұсылман адам өзінің Аллаға деген махаббатын тек сөзбен ғана емес, іспен де дәлелдеуі тиіс. Соның ішінде Аллаға деген махаббат – Алладан қорқумен де өлшенеді. Алладан қорқудың кейіптері де әртүрлі көріністе болуы мүмкін. Мысалы: мұсылман кісі әрбір ісін істер алдында, оны Алла бақылап отырғанын сезінудің өзі де Алладан көркем түрде қорқудың ең алғашқы белгісі болып табылады. Алла Тағала жұмақ тұрғындарының мынадай сипаттарын келтіреді: «Кезінде біз Алладан қатты қорқатынбыз. Содан кейін Алла бізді өз нығметіне бөлеп, тозақ отынан сақтады» (Тур 26-27). Аталмыш аятта жұмақ тұрғындары осы дүниеде Алладан қатты қорқуының себебімен Алланың нығметіне бөленіп, тозақ отынан құтылғанын білеміз. Яғни жоғарыда айтқандай қорқу әртүрлі сипатта болады. Солардың ішінде ең көркем түрі – Алладан қорқып жылау. Пайғамбар ﷺ былай дейді: Алладан қорқып жылаған кісі, ананың сүті омырауына кері кірмейінше тозаққа кірмейді (Термизи 1633). Сол секілді қиямет күні Алланың көлеңкесінен басқа көлеңке болмаған кезде, Алланың көлеңкесінде болатын жеті топтың ішінде Алладан қорқып жылаған кісі де бар (Бұхари 629, Муслим 1031). Келесі хадисте – екі көз тозақта жанбайды, бірі Алладан қорқып жылаған, екіншісі елін-жерін қорғаған кісінің көзі (Термизи 1639). Келесі хадис, екі тамшыдан артық тамшы Алла үшін сүйкімді емес, олардың бірі Алладан қорқып жылғанның көз жасы, екіншісі Алла жолында төгілген қанның тамшысы (Термизи 1669). Абдулла ибн Омар былай дейді: Алладан қорқып жылағанның сауабы мың динар садақа жасағаннан да абзалырақ болмақ. Бірде Пайғамбар ﷺ Жебрейілден былай деп сұрайды: мен не үшін Микаилдің күлгенің мүлдем көрген емеспін, Жебрейіл: ол тозақ оты жаратылғаннан бері күлген емес, – деп жауап берді (Ахмад 12930). Ибн Масғұдтан Пайғамбар ﷺ құран оқуын сұраған кезде, ол Ниса сүресінің 40 – аятын оқиды. Сол кезде Пайғамбар ﷺ ол аяттың мағынасының әсерлі екінен қатты жылап, тіптен көзжасынан сақалы ылғалданып кеткен еді (Бұхари 4763). Осы тақырыпқа байланысты аят, хадистерді келтіре берсе, толықтай бір кітап жазуға болатыны күмәнсіз. Ал бізге ең керегі естіп-білген, оқып-үйренген білімдерімізге лайықты түрде амал ету болмақ. Әрбір мұсылман адам өз өмірі барысында Алладан шынайы түрде қорқып, шынайы түрде жылайтын болса, онда осы жағдай сол кісінің осы өмірде шын бақытқа бөленгенінің бір белгісі болар еді. Қазақтың дана Абайы айтқанындай: адам баласы мына үш нәрсенің жауабын білмей өтетін болса, онда ол кісі бақытсыз болады. біріншісі – мен қайдан келдім, екіншісі – мен қайда барамын, үшіншісі – мен не үшін келдім. Мінеки қазақ ата-бабаларымыз да шариғаттың шынайы бейнесін осындай қысқа-нұсқа шешен сөздермен жеткізген екен. Алла Тағала баршамызға Алладан шынайы түрде қорқуды нәсіп еткей!
Жұмабеков Данабек
Шымкент қаласы, «Халифа Омар» мешітінің имамы