Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

Дініміз қиындыққа негізделмеген. Алла Тағала адам баласына көтере алмайтын және жеңе алмайтын сынақты жүктемейді. Бұл туралы Құран Кәрімде:

«Алла ешбір жанға шамасынан тыс міндет жүктемейді» («әл-Бақара» сүресі, 286 аят) деп нақты баяндалған.

Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) құлшылық жасағанда шектен шыққандарға: «Жеңілдетіңдер – қиындатпаңдар, сүйіншілеңдер – қорқытпаңдар!», деп ескерткен.

Мұсылманның өмірі кемшіліксіз өтіп, діни міндеттерінің толық орындалуы Алланың соңғы пайғамбарымен (с.ғ.с.) ғана мүмкін болады. Яғни, Алла елшісінің (с.ғ.с.) ғибратты өмірі, көркем мінез-құлқы мен айтқан сөздерінен үлгі алуымыз керек.

Әбу Һурайрадан (р.а) жеткен хадисте: «Пайғамбар: «Ақиқатында, бұл дін жеңіл. Бұл дінде шектен шыққан адам жығылады. Сол үшін амалда орта жолды ұстаныңдар. Амалды шамаларың келгенше істеңдер. Амалдарың үшін берілетін сауапқа қуаныңдар. Амалды орындау үшін таңғы-кешкі уақытты және түннің алғашқы уақытын пайдаланыңдар», – деді» (Бұхари мен Муслим).

Бұл өсиет өмірін өнегемен өрнектегісі келген әрбір мұсылманның өзекті ұстанымы. Осылайша мұсылмандар мен олар құрған қоғам үйлесімді қоғамға айналады.

Қасиетті Құранға негізделген ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мұсылмандарға көрсеткен үлгі-өнегесі барлық жағынан қарапайым болып табылады. Кейде мұсылман баласы құлшылықты қиындатып, өзін де өзгені де тығырыққа тірейді. Мұның мысалдарын сахабалар дәуірінен де, қазіргі заманымыздан да көре аламыз.

Сахаба Әнас (р.а) пайғамбардың көзі тірісінде болған мына бір оқиға туралы былай деп әңгімелейді: «Пайғамбардың әйелдерінің үйіне үш адам келіп, Оның құлшылығы туралы сұрайды. «Әлгі адамдарға Пайғамбардың құлшылығы туралы айтылғанда, оны азсынғандай болып: «Бізге Пайғамбарға жету қайда. Оның ілгері-кейінді күнәсі кешіріліп қойған», – деді. Олардың бірі: «Мен өмірбақи көз ілместен түннің барлығын намазбен өткіземін», – деді. Екіншісі: «Мен өмірбақи ораза ұстап өтемін, аузымды ашпаймын», – деді. Үшіншісі: «Мен өмірбақи әйелдерге үйленбей, бойдақ өтемін», – деді. Мұны естіген Алла елшісі әлгі адамдарға келіп: «Мұндай сөзді айтқан сендер ме? Алланың атымен ант етейін, расында сендердің араларыңда Алладан қатты қорқатын да, ең тақуасы да менмін. Дегенмен де мен ораза ұстап, аузымды ашамын, түнгі намаз оқып, ұйықтаймын, әйелдерге де үйленемін. Кім менің сүннетімнен бас тартса, ол менен емес», – деді (Бұхари, Муслим).

Құлшылықтың мақсаты жанды өлтіру емес, оны «тірілту» және «ізгілік» деңгейіне көтеру, бұл – Жаратушыны көріп тұрғандай, не болмаса, Оның сені көріп тұрғанын сезініп ғибадат етуің.

Асыл дініміздің белгілі бір қағидаларын, бұйрықтары мен тыйымдарын өзгерту немесе жоюға тырысу, шектен шығуға алып келетінін ұмытпағанымыз жөн. Құлшылығымызды күрделендіруіміз де қауіп тудыруы мүмкін екенін естен шығармайық.

Алла Тағала баршамызға өміріміздің әрбір сәтінде орта жолды ұстануды жазсын. Әмин!

Ербосын Бектұрсынұлы, «Исамиддин баба» мешітінің имамы

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38