Ислам – екі дүниенің бақытына бағыттайтын асыл дін. Адамның ақылы, денсаулығы, еркіндігі, күш-жігері дүние үшін жұмсалған болып көрінгенмен, мұсылман баласы үшін ол ақыретіне табыс әкелер мүмкіншілік екені сөзсіз. Мына дүниеден ақыретіне қажеттіні алып, жәннатқа жеткізер амалдарды пайдаланып қалады. Ойланып қарасаңыз, сіздің мына дүниедегі жасаған амалдарыңыз дүниеңіздің де, ақыретіңіздің де нәтижесі қалай боларын көрсетіп береді.
Бізді жоқтан бар етіп, мына жарық әлемді сыйлаған Алла Тағала жаратылу мақсатымызды былайша баяндайды:
«Жын мен адамзатты Өзіме құлшылық етулері үшін ғана жараттым»
Осылайша Жаратушы Хақ Тағала адам ұрпағын барша жаратылыстардан ерекше етіп, оң-солын танысын әрі өмір мен өлімнің парқын білсін деп ақыл нығметін берді. Сонымен бірге Алла Тағала адам баласына өз араларынан пайғамбарлар шығарып, дүние мен ақыретте бақытқа қол жеткізудің жолын көрсету мақсатында қасиетті кітаптар жіберді. Соның бірі – қасиетті Құран.
Құраннан қуат алып, иманмен сусындаған бабаларымыз өмірдің өткінші екенін біліп, ақыреттің мәңгі екеніне сенім артты. «Өтпейтін өмір жоқ, сынбайтын темір жоқ», – деп өшпейтіндей ұлағатты сөз қалдырды.
Сахаба Абдулла ибн Омар (р.а.) айтады: «Бірде Пайғамбарымыз ﷺ иығымнан ұстап тұрып:
فَقَالَ كُنْ فِي الدُّنْيَا كَأَنَّكَ غَرِيبٌ أَوْ عَابِرُ سَبِيلٍ
«Бұл дүниеде ғаріп секілді бол немесе жатжерде жүрген жолаушы секілді бол!», – деп айтты».
Расында біз мекен еткен дүние ақырет үшін әзірлік жасайтын сынақ алаңы. Дүниенің соңы бар, ал ақырет мәңгілік және ақиқат. Сондықтан бабаларымыз «Екі дүниең абат болсын, қос тойың қабат болсын» деп ұлағатты ой қалдырып кеткен.
Данышпан Абай атамыз дүниенің алдамшы екенін айтып, адамзатты ойлануға үндейді:
«Адамзат бүгін адам, ертең топырақ,
Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.
Ертең, өзің қайдасың білемісің?
Өлмек үшін туғансың ойлан шырақ!».
Ислам адамзат баласы үшін бұ дүниесінің табысты, ақыретінің де сауаптан сәтті болуын қалайды. Оның жолын нұсқап, көрсетіп те берген.
Ардақты Пайғамбарымыз ﷺ: «Дүние ақыреттің егістігі», – деген. Демек, дүниенің егістігі еңбекті болмаса, ақыреттің бағы жемісті болмайды. Яғни, қу дүниенің қамы деп ақыретті ұмытуға, ақыретім үшін деп мына дүниенің тіршілігінен түбегейлі баз кешіп кетуге болмайды.
Сүйікті Пайғамбарымыздың ﷺ өміріне қарап көрдіңіз бе?! Ол ﷺ дүние мен ақырет ісін қатар алып жүрген ұлы тұлға болды. Мәселен, пайғамбарлығына қарамастан, өзгелер қатарлы мал бақты, сауда жасады, аяқкиім тігіп, киімін жамай да білді. Мәдина қаласында тұрғызылып бастаған мешіт құрылысына білек сыбанып, өзгелермен бірге кесек тасып, сахабаларына өнеге де көрсетті.
Бабаларамыз «судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаса керек. Сондықтан Пайғамбарымыз ﷺ: «Екі күні бір-біріне ұқсаған адам алданушы», – деген. Келесі хадисінде:
«Еш өлмейтін пенде сияқты дүние тіршілігінде ерінбей амал ет және ертең өлетін жан секілді шынайы ғибадат жаса», – деп наcихат сөз айтқан.
Майлықожа бабамыз:
«Алла берді екі жол,
Бірі оңда, бірі – сол.
Ойланыңдар бауырлар!
Дүние қысқа, ақырет – мол», – деп жырлаған.
Дүниеде сауық салып, қызық қуып, ақыретті ұмытып, мал-дүниемен мақтанып, масаттанып жүруіміз де жәй бекершілік қана екен. Себебі, дүние қысқа…
Иә, қамшының қысқа сабындай өмір екенін іштей мойындасақ та, сырттай бұ дүниенің қызылы мен жасылына алаңдап, алданып қалудамыз.
Пайғамбарымыз ﷺ былай дейді:
«Ешкім ешқашан өз табысынан асқан қайырлы ризық жеген емес. Алланың пайғамбары Дәуіт те өз қол еңбегінің жемісін жеген».
Қазақта «Әрекет еткенге берекет бар» деген әдемі сөз бар.
Қазақ халқының бірлігін нығайтуға үлкен үлес қосқан атақты үш бидің бірі Әйтеке би бабамыз:
«Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін,
Батыр болсаң жауға найзаң тисін.
Бай болып еш пайдаң тимесе,
Батыр болып жауға найзаң тимесе,
Елден бөтен үйің күйсін», – деп жырлаған екен.
Сондықтан бұл дүниедегі әрбір нығметтің қадірін бағалап әрі ақыретте сұрауы жалғасатынын ұмытпаған жөн.
Хәкім Абай өзінің “Алланың өзі де рас, сөзі де рас” деген күрделі дүниетанымдық өлеңінде:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сенде сүй ол Алланы жаннан тәтті, – дейді.
Осы екі жол өлең бізге көп нәрсені аңғартса керек. Алла адамды жай жарата салмай, сүйіп жаратқан. Демек соған сай адам болып, пайғамбар Мұмаммедтің с.а.с. үмбеті болып, бұл өмірде жолаушы іспеттес өмір сүру қажет!
Қорыта келе айтарымыз мықты иман, бес уақыт намаз, адал ризық-несібе иесі болсақ, бұл дүниенің де, ақыреттің де бақытын тапқанымыз.
Алла не нәсіп етсе де, қос дүниемізге қайырлысын нәсіп етсін! Әмин!
Ергешов Тәңірберген “Тура жол” мешітінің имамы