Кешіре білу – өте үлкен қасиет. Әсіресе, өзіңе дұшпандық жасаған, қастық қылған адамдарды кешіре білу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) зұлымдық көрсе де, жеңіліске ұшыраса да, мерейі асып жеңіске ие болса да, адамдарды кешіруге ұмтылатын. Бұған төмендегі оқиға жарқын мысал бола алады.
Мұсылмандардың мерейі үстем болып, Меккені қолдарына алғанда, жиырма жыл бойына пайғамбарымызға (с.ғ.с.), оған ілескен мұсылмандарға әбден азар көрсеткен, озбырлық жасаған құрайыш кәпірлерінің төбелеріне жай түскендей болды, «құрыған жеріміз осы, Мұхаммед бізді шетімізден қырады», – деп дегбірі таусылды. Қасиетті Қағбаны пұттардан тазартқан соң, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мекке тұрғындарын жинап, оларға уағыз айтты, Исламның негізін түсіндірді. Сонан соң оларға қарап:
–Қалай ойлайсыңдар, сендерге не істеуім мүмкін?! – деп сұрады.
Онсыз да қорқып, шыбын жандарын шүберекке түйіп тұрған кәпірлердің зәре-құты қалмады.
–Не істесең де еркіңде, айбының асып тұр. Дегенмен, сенің жамандығыңды көрмеген едік, әлі де болса көрмейтін шығармыз деп үміттенеміз, – деді олар.
–Бүгін сендер ешқандай зұлымдық көрмейсіңдер! Сендер боссыңдар, бара беріңдер! Сендерге ешкім соқтықпайды! – деді сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.).
Әйтпесе, меккеліктерді түгелдей қырып жіберуге тап сол сәтте құдіреті жетіп тұрған болатын. Жеке бастың кегін қуса, айтылар сөз де, бас шабу үшін сылтау да жетерлік еді. Дегенмен, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сабыр етті, кешірім берді. Қанша жыл қан кешкенін, қанша азап шеккенін осылайша кешіру үшін қандай үлкен жүрек, қандай таза иман керек екенін бағамдай беріңіз!
Ал қазіргі біздің мнау қоғамымызда адами қасиеттерді жоқ қылатын қызғаныш, нәпсі, көреалмаушылық, пейілдің таршылығы сияқты іс-әрекеттер өршіп тұрғанда. Бір-бірімізге кешірімді болу ауадай қажет болып тұрғанын жоққа шығара алмаймыз. Кешірімділік бұл елдің бірлігі. Қоғамның түзелуі, имани, адами қасиеттің өркендеуінің бір бұрышы.
Исламдағы бауырмашылдық, кешірім ең жақсы істерден болып табылады. Өйткені ислам осындай ұлы жетістіктерге кешіріммен жетті. Кешірім деген отбасының салауатты өмір сүруіне жетелейді. Кешірім деген адамдардың бір-бірінің арасындағы сүйіспеншілік, махаббатты нығайтады. Кешірім деген адамдар арасында араздық болса, сол араздықты жеңіп, бір-бірімен достастырады. Кешірім деген бір-бірінен алыстап кеткен адамдардың арасын жақындатады. Бір-біріне күмәнмен қарағандардың күмәнын жояды. Кешірім деген бірін-бірі жек көретіндердің амалын босқа шығарып достастырады. Бұл жайлы Құран кәрімде Алла Тағала былай дейді:
وَلَا تَسْتَوِي الْحَسَنَةُ وَلَا السَّيِّئَةُ ادْفَعْ بِالَّتِي هِيَ أَحْسَنُ فَإِذَا الَّذِي بَيْنَكَ وَبَيْنَهُ عَدَاوَةٌ كَأَنَّهُ وَلِيٌّ حَمِيمٌ
Жақсылық пен жамандық тең емес. Жамандықты ең көркем түрде жолға сал. (Жамандыққа қарсы жақсылық қыл.) Сол уақытта сені мен екеуің араңда дұшпандық болған біреу, өте жақын достай болып кетеді. (Фуссиләт сүресі 34 аят).
Пайғамбарымыз ﴾ﷺ﴿ былай дейді: «Сендерге Алла Тағала дәрежені көтеретін амалды айтайын ба? Сонда сахабалар:-Әрине,- дейді. Сонда Алла елшісі ﴾ﷺ﴿: «Саған жауластық қылғанға сабыр етуің, зұлымдық қылғанды кешіруің, бермегенге беруің, сенімен қарым-қатынасты үзген адаммен байланыс орнатуың»,- деген.
Бұл жайлы қазақтың бір туар тұлғаларының бірі Шәкәрім Құдайбердіұлы былай дейді:
Біреудің мінін кешірсең,
Құдай да сені кешеді.
Бірін де қылмай есірсең,
Төбеңді әлі-ақ теседі.
Көңілі жұмсақ адамның,
Күрмеуін тағдыр шешеді.
Пейілі жаман адамның,
Орыны дайын деседі. – деген екен.
Алла Тағала баршамызға, осы айтылған барлық аят-хадистермен ұлағатты сөздерді санамызға сіңіріп сондай-ақ амал етуімізді нәсіп етсін! Алла Тағала бізді де үлгілі болған құлдарының қатарынан қылып, екі дүниеде де бақыт нәсіп қылған пенделерімен бірге болуға жазсын!
Жауқаров Абзал Нұрғалиұлы Шымкент қ, «Имам Ағзам» мешітінің найб имамы