Ханафи мәзһабында намазда бір-ақ жерде қол көтеріледі, ол – намазды бастаған уақытта ғана. Ал рүкүғке барғанда және қайтқан кезде тәкбір айтылғанымен, қолдар көтерілмейді.
Ханафилердің дәлелдері
Ханафи мазһабының ғұламалары аталмыш мәселе бойынша қарсы тараптың дәлелдерін талқылап, оларға жауап беріп қана қоймай, өз тоқтамын айғақтау үшін құжат-дәлелдерін келтірген. Ендеше назарларыңызға олар келтірген дәлелдерден біразын ұсынамыз.
Бірінші дәлел:
Имам Мүслим Жәбир ибн Самурадан (р.а) риуаят еткен хадисте:
رَوى الإمام مسلم عن جابر بن سمرة رضي الله عنه : خرج علينا رسول الله صلى الله عليه و سلم فقال: ( ما لي أراكم رافعي أيديكم كأنها أذناب خيل شمس؟! اسكنوا في الصلاة.
«Алла Елшісі (с.ғ.с) біз тарапқа келіп: «Мен неге сендердің қолдарыңды асау аттың құйрығына ұқсатып көтеріп жатқандарыңды көріп тұрмын?! Намазда тыныш тұрыңдар!» – деді.
Намаз жаңадан парыз болған кезде дәл қазіргідей толық болмағандығы белгілі. Кей жағдайларда ақырын дауыс шығару немесе кейбір әрекеттер жасалынатын да болған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) мұндай істерді істеген адамдарға жеңіл түрде, жұмсақ тәрбиелеп, қателерін түзетіп отырған. Хадис кітаптарында осы мағынада бірнеше рет риуаяттар да келген. Осы біз қарастырып жатқан рукуғқа барғанда және одан бас көтеріп жатқандағы екі қолды көтеру мәселесі де әуелде бар болып, кейін мансұһ (яғни үкімі жойылған) болғандығын міне, осы хадистен аңғарамыз. Бұл үкімнің мансұһ болғанынан, амал етуден қалғанынан бейхабар кейбір сахабалардың рукуғқа барғанда және қайтқанда әуелдегідей қолдарын көтеріп намаз оқығандарын Пайғамбар (с.ғ.с) көріп жүрген. Кейін сыртқа шығып, оларға осы хадисте келтірілген сөздерді айтқан.
Екінші дәлел:
Имам Термези Алқамадан (р.а) қылған риуаятында:
روى الترمذي عن علقمة رضي الله عنه: ألا أصلي بكم صلاة رسول الله صلى الله عليه و سلم؟ فصلى, فلم يرفع يديه إلا في مرة الأولى.
«Абдулла ибн Масғұд: − Мен сендерге Алла Елшісі (с.ғ.с) оқығандай оқып берейін бе?!» – деді де, намаз оқып, бірінші қол көтеруден кейін қолын көтермеді деген. Өздігінен белгілі, бұл сияқты кісілердің ескертіп айтқан сөздері, жасаған амалдары барынша шынайы да анық боп келеді. Абдулла ибн Масғұдтың (р.а) кім екендігі баршамызға белгілі. Ол кісі пайғамбарлық дәуірінде әрқашан Пайғамбармен (с.ғ.с) бірге жүрген, үлкен ілім иесі және көптеген хадисті риуаят еткен сахабалардың бірі. Дәл осы мағынадағы хадисті Имам Насаи де риуаят қылған.
Үшінші дәлел:
Имам Тахауи әл-Әсуадтан (р.а) қылған риуаятта:
روى الطحاوي عن السود رضي ال عنه أنه قال : رأيت عمر بن الطاب يرفع يديه ف التكبية الأولى ثم لا يعود.
«Омар ибн Хаттабтың бірінші тәкбірде екі қолын көтеріп, кейін көтермегенін көрдім» – делінген.
Төртінші дәлел:
Имам Ибн Әбу Шәйба әл-Әсуадтан (р.а) келтірген риуаятта:
روى ابن أبي شيبة عن الأسود رضي الله عنه أنه قال: صليت مع عمر بن الخطاب فلم يرفع يديه في الصلاة إلا عند تكبيرة الإحرام. وكذلك ما رأيت الشعبي وإبراهيم وأبا إسحاق يرفعون أيديهم إلا عند تكبيرة الأولى.
«Омар ибн Хаттабқа ұйып намаз оқыдым. Ол өз намазында ифтитах тәкбірінен (алғашқы тәкбірден) басқа еш жерде қол көтермеді… Әш-Шағби, Ибраһим жәнен Әбу Исхақтардың да намазда алғашқы тәкбірден басқа жерде қол көтергендерін көрмедім»,− делінген.
Бесінші дәлел:
Имам әл-Бәйһақи, Ибн Масғұдтан (р.а) қылған риуаятта:
روى الإمام البيهقي عن بن مسعود رضي الله عنه : صليت مع النبي صلى الله عليه و سلم وأبي بكر وعمر رضي الله عنهما فلم يرفعوا أيديهم إلا عند التكبية الأولى في افتتاح الصلاة
«Пайғамбар (с.ғ.с), Әбу Бәкір және Омардың арқасында тұрып намаз оқыдым. Олар намаз басындағы қол көтеруден басқа кезде екі қолын көтермейтін» − деген.
Алтыншы дәлел:
Имам Тахауи Әбу Бәкір ибн Айаштан (р.а) риуаят етеді:
روى الإمام الطحاوي عن أبي بكر بن عياش أنه قال: لم أر فقيها قط يرفع يديه بعد تكبية الأولى.
«Ешбір фақиһтің ешқашан да бірінші тәкбірден соң қол көтергенін көрмедім» – деген.
Жетінші дәлел: Намаз баршаның көз алдында, әр күні бес рет өтелетін, маңызды және үлкен ғибадат. Әсіресе Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) әрбір намазына көпшілік ерекше мән беріп, жылдар өтуімен дұрыс қалпында бізге жеткен. Міне, осы айтылған дәлелдерге байланысты, рукуғқа барғанда қол көтеріледі ме, жоқ па?» − деген мәселеде әртүрлі сөздердің айтылуының өзі фитнаға, күмәнға жол ашып береді. Бұл болса Ханафилердің істері дұрыс екендігін көрсетеді.
Сегізінші дәлел: Ханафилер рукуғқа барғанда және қайтып жатқанда қол көтеру жайлы риуаяттың көптігін, сахих екендігін, кейбір деректерге қарағанда сахабалардың елу шақтысы риуаят қылғанын жақсы біледі. Бірақ солай болса да хадистердің үкімі жойылуы мүмкін екендігін ескеріп, әрі зерттеп анықтайды. Ал енді, үкімі жойылғаннан кейін хадистің сахихтығы мен риуаятшылардың көптігі белгілі бір мәселе жөнінде үкім ете алмайтындығы баршамызға аян. Хадис қаншалықты күшті болса да аяттың күшіне жете алмайды. Солай бола тұра Құран Кәрімнің кей аяттарының да үкімдері жойылғандығы баршаға белгілі және анық.
Тоғызыншы дәлел: Осы айтылып жатқан қол көтеру жайлы мәселеде бір айқын дәлел келтіру үшін Ханафи мазһабының ғұламалары уақытша үкімі жойылған мәселе жөнінде ойланбай тұра тұрсын делік, яғни хадистің үкімі жойылмады делік. Ондай кезде жалпы ережеге байланысты, хадисте бір үкімге байланысты қарама-қайшылықтар туындап жатса, сахабалардың қалай амал еткені қарастырылады. Егер сахабалардың амалдарында да қарама- қайшылықтар туындаса қиясқа жүгінеді. Осы мәселеде қиясқа сүйенетін болсақ, негізінде намазда тыныштық, артық әрекет қылынбауға үкімделеді. Намаздың ішінде қол көтеру артық әрекеттен болып саналады. Тәкбир тахримадағы қол көтеру намаз ішіндегі емес, намаз басындағы қол көтеруге жатады. Осы жерге келгенде құрметті оқушылар, сіздерден дәлел келтіре беруді тоқтатуға рұқсат сұраймыз. Егер қалған дәлелдерді де келтірер болсақ, әңгіме созылып кетеді. Өзі соншалықты сөзбұйдаға салынып созылып кеткен бұл мәселені соза берместен қорытындыға көшкеніміз жөн болар.
Қорытынды
Көріп тұрғанымыздай барлық фиқһи мәселелерде, «әмин» мәселесі және рукуғта қол көтеру мәселесінде Ханафи мазһабындағылар сүннетке амал етпейді деген сөз тіпті жалған болып шықты. Керісінше, Ханафилер хадиске өзгелерден көрі тереңірек барғанын және анығырақ зерттегенін өзіміз ілім ала отырып, кеңінен үйреніп шықтық. Сонымен бірге Ханафи мазһабы өзге мазһаб ұстанушылары секілді оларға құрмет көрсетіп келген. Қазіргі таңда да Шафиғи және Ханбалилер қол көтеріп, Ханафи мен Мәликилер қол көтермей тыныш қана намаздарын оқып келген еді. Ішімізден бірнеше аяттарды жаттап алған, үш-төрт хадистің аудармасын үйреніп алғандар шығып, мазһаб басы мұжтахид ғалымдарымызға тас ата бастады. Мұсылмандар жалпылай өз ғибадаттарын өтеуде Құран мен сүннетке амал қылмайды деп айыпталды. Дінді енді түсініп келе жатқан қарапайым адамдардың ортасына ғұламалардың ортасында қалуы керек болған мәселені алып шығып, түрлі талас-тартыстарға жол ашылды. Соңы мұсылмандар арасында қарама-қайшы пікірлер мен түсініспестік орын алды. Сондай-ақ, мұсылмандардың бірін бірі айыптауы секілді келеңсіз жәйттер туындады. Құрметті мұсылман бауырлар! Біз жоғарыда қазіргі кезде талас-тартыс тудырып жүрген бірер мәселені ғана қарастырып шықтық. Негізінде мұндай мәселелер бірнешеуге шықты. Қазір жаңалары да пайда болуда. Бұл жағдай ушыға берсе одан да әрі өкінішке әкеп соғуы мүмкін. Себебі, бұл − мазһаб аралық талас-тартысқа алып келеді. Құран және сүннетке амал қыламыз деп желеулеткен дүмше уағызшылар Ханафи мазһабын мойындамай, басқа мазһабқа еріп кетуде. Олар кей мәселелерді тек осы мазһабта дұрыс айтылған, одан басқасы әлсіз деп ойлайды. Сондықтан да мұсылмандар ортасын бидғаттықпен Құран және сүннетке амал етпейтіндер деп және басқа да мәселелерде айыптауда.
(Материал «Талас-тартыстар» атты кітаптан алынды)
Шымкент қаласы орталық мешіті