Асыл дініміз туылған нәрестеге байланысты орындалатын амалдарды нақтылап берген. Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді:
﴿لِكُلِّ أُمَّةٍ جَعَلْنَا مَنسَكاً هُمْ نَاسِكُوهُ﴾
«Әрбір үмбетке өздері ұстанатын салттар бекіттік» (Хаж, 67).
Айта кететін бір жайт – мұсылмандық салттар әлдебір ырымға, адамға қатысты пайда болмаған, керісінше, пайғамбарлардан жалғасып келе жатқан игі дәстүрлер. Бұл дәстүрлердің түп-тамырында Жаратушы Хақ Тағаланың берген нығметіне шүкіршілік ету, Оның жаратушылық сипатын, ал пенде өзінің пендешілік дәрменсіздігін мойындау секілді терең имани ұстанымдар жатыр. Енді бала тәрбиесіне қатысты дәстүрлерді тізбектеп өтейік. Соның бірі нәресте алғаш туылған сәтте жүзеге асатын амалдар. Мысалы, дінімізде нәресте туылған кезде сүйіншілеп қуандыру, құттықтау айту дәстүрі бар. Құран Кәрімде Алла Тағала Ибраһим пайғамбардың қиссасы туралы былай дейді:
﴿وَلَقَدْ جَاءتْ رُسُلُنَا إِبْرَاهِيمَ بِالْبُـشْرَى قَالُواْ سَلاَماً قَالَ سَلاَمٌ فَمَا لَبِثَ أَن جَاء بِعِجْلٍ حَنِيذٍ * فَلَمَّا رَأَى أَيْدِيَهُمْ لاَ تَصِلُ إِلَيْهِ نَكِرَهُمْ وَأَوْجَسَ مِنْهُمْ خِيفَةً قَالُواْ لاَ تَخَفْ إِنَّا أُرْسِلْنَا إِلَى قَوْمِ لُوطٍ *وَامْرَأَتُهُ قَآئِمَةٌ فَضَحِكَتْ فَبَشَّرْنَاهَا بِإِسْحَاقَ وَمِن وَرَاء إِسْحَاقَ يَعْقُوبَ﴾
«Расында елшілеріміз (періштелер) Ибраһимге сүйінші сәлем берді. Ибраһим олардың сәлемін алып, дереу үйтілген бұзау алып әкелді. * Олардың оған (асқа) қол тигізбегенін көрген сәтте (Ибраһим) іш жиып, көңліне қорқыныш ұялады. Олар: «Қорықпа! Расында біз Лұт қауымына жіберілдік», – деді. * Оның түрегеп тұрған әйелі күліп жіберді. Біз оны Ысқақпен және Ысқақтың артынан Жақыппен қуандырған едік» (Һуд, 69-71).
﴿فَنَادَتْهُ الْمَلآئِكَةُ وَهُوَ قَائِمٌ يُصَلِّي فِي الْمِحْرَابِ أَنَّ اللّهَ يُبَشِّرُكَ بِيَحْيَـى﴾
Зәкәрия туралы былай деген: «Ол михрабта намаз оқып тұрған сәтте оған періштелер: «Расында Алла сені Жақиямен қуандырады», – деп дауыстады» (Әли Имран, 39).
﴿يَا زَكَرِيَّا إِنَّا نُبَشِّرُكَ بِغُلَامٍ اسْمُهُ يَحْيَى لَمْ نَجْعَل لَّهُ مِن قَبْلُ سَمِيّاً﴾
«Уа, Зәкәрия! Расында сені Жақия атты бір ұлмен қуантамыз. Біз бұрын мұндай ат қоймаған едік» (Мариям, 7).
Пайғамбар (с.а.с.) дүниеге келген кезде Суәйба күң қожайыны әрі Пайғамбардың (с.а.с.) әкесінің бауыры, яғни көкесі Әбу Ләһәбті сүйіншіледі. Осы хабарды жеткізген кезде Әбу Ләһәб Суәйбаны күңдіктен босатып, азат етті. Бұхари риуаят еткен бір хадисте осы бір жақсы ісі үшін әрбір дүйсенбі күні Әбу Ләһәбтің азабы сәл жеңілдетілетіні айтылған. Жалпы осы хадис қазақ халқында қалыптасқан қуанышты хабар жеткізушіге сүйіншілік сый беру дәстүрінің шариғатпен құпталынатындығына дәлел бола алады.
Шымкент қаласы орталық мешіті