Расында жаман мінез-құлықтың барлық түрлерінің түп негізі тәкаппарлық, бейшаралық, енжарлық. Ал жақсы мінез-құлықтың түп негізі Алладан қорқу, қайраттылық.
Мақтаншақтық, менмендік, өркөкіректік, қызғаныш, бұзықтық, астамшылық, қиянатшылдық, қатыгездік, жәбір көрсетушілік, насихатты қабыл алудан бас тарту, ғибратсыздық, даңққұмарлық, атаққұмарлық, мансапқұмарлық, өзі істемеген нәрсеге мақтағанды ұнату – мұның бәрі тәкаппарлықтан шығады.
Ал өтірік айту, нашар қасиеттерге бейімділік, опасыздық, рияшылдық, айлакерлік, қулық-сұмдық, ашкөздік, қоянжүректік, қорқақтық, сараңдық, дәрменсіздік, жалқаулық, Алладан басқа нәрседен имену, ең қайырлы қасиетті ең нашар қасиетке айырбастау тағы басқа осы сияқты қасиеттердің барлығының түп төркіні бейшаралық, енжарлықтан, өзін төмен ұстаудан туындайды.
Ал жақсы мінез-құлықтың сабырлылық, ержүректік, әділдік, айбындылық, кемелділік, қырағылық, жомарттық, кеңпейілділік, кешірімділік, төзімділік, ізеттілік, нашар қасиеттерден бойын жоғары ұстау, кішіпейілділік, қанағат, шыншылдық, ықылас, жақсылыққа жақсылық жасау, адамдардың кінә-кемшіліктеріне кешіріммен қарау, өзіне қатысы жоқ нәрсемен шұғылданбау, жүректі нақұрыс мінездерден таза ұстау – бұл қасиеттердің барлығы Алладан қорқудан, қайраттылықтан шығады.
Адам баласының жаратылысының түп негізі топырақ екендігін ескерсек, Алла Тағала Құран Кәрімде жердің өз Иесінен қорқатындығын, қашан оған көктен жауын түсірілгенде діріл қағып, үлкейіп, көгалданып, көркіне еніп, құлпыратындығын айтқан.
وَمِنْ آيَاتِهِ أَنَّكَ تَرَى الْأَرْضَ خَاشِعَةً فَإِذَا أَنزَلْنَا عَلَيْهَا الْمَاء اهْتَزَّتْ وَرَبَتْ
«Оның (Алланың) аяттарының бірі – сен жерді төмен (қорыққан) түрде көресің, ал оған су түсіргенімізде ол дірілдеп, үлкейеді» (Фуссилат: 39).
Сол жердің топырағынан жаратылған адамның да табиғаты сондай. Қашан ол тура жолда болып, оған бір жақсылық жетсе, жақсы қасиетке қол жеткізсе, көркейіп, әдемілене түседі, кемеліне келіп, толысады.
Ал оттың табиғаты – әрдайым лап етіп, алаулап жоғарыға ұмтылу, жан-жағын бүлдіру, сосын тез өшіп, ең нашар нәрсеге – күлге айналу. Оттан жаратылған мақұлық – шайтанның да табиғаты осындай. Ол ашуланып көтерілсе, әрдайым жоғарыға ұмтылады, ал егер жүні жығылып, жынынан айрылса, табиғаты самарқау, салғырт, жалқау бір дүниеге айналады. Демек, нашар мінез-құлықтардың түп-төркіні от десек, жақсы мінез-құлықтың негізі – топырақ, жер. Сондықтан да кімнің ерік-жігері, қайраты мол, нәпсісі (Раббысынан) қорқынышта болатын болса, оның бойы көркем мінезге толады. Ал кімнің қажыр-қайраты төмен, нәпсісі жоғары болса, ол ең нашар қасиеттерге бейім».
ҚМДБ Шымкент қаласы орталық мешіті