Халық арасында кең тараған жағымсыз әдеттердің бірі – ысырапшылдық. Оны, тіпті, ұлттық әдетке айналып бара жатыр десек де болады. Той-томалақ, іс-шара өткізгенде бай, кедей екендігіне қарамастан, барынша шашылу, ас та төк ысырапшылдыққа жол беру басымдық алып барады. Дәулетті болса, бірнеше миллиондарды сарп ету, ал кедей болса, несие алып, ұлан-асыр той өткізуге тыраштану жазылмаған заңдылыққа айналғандай. Мұндай төгілудің артында адамдардың қаңқу сөздерінен қорқу, пәленшеден кем болмауым керек деген сияқты жалған намыс жатыр. Демек, барлығы рияшылдық, мақтанышқа негізделген іс-әрекеттер. Ал рияның өзі күнә, өзгелер көрсін, мақтасын деген ниетпен жасалған істер жақсылыққа жатпайды.

Ысырапшылдықтың басқа да түрлері бар. Мысалы, кейбір адамдар Жаратушының өздеріне берген ризық-несібелеріне шүкіршілік ету былай тұрсын, оларды қалай болса солай пайдаланып, арам жолдарға сарп етеді. Мал-мүлікті, ақшаны жаман жолдарға, Алла Тағала тыйым салған құмар ойындарға, арам істерге, араққа, темекіге жұмсап ысырап қылады. Өлгендері үшін де шектен тыс мал шашып ас беріп, керемет мазарлар тұрғызып әуреленеді. Кейбіреулер өз басында үй, көлік болса да, дүниеге көзі тоймай, ішінде адам тұрмайтын зәулім сарайлар, мінілмейтін су жаңа көліктер сатып алып та ысырап қылады. Бұл тұрғыда хакім Абайдың халқына айтқан өсиеті әлі де өзектілігін жойған жоқ. Пенденің түбіне жететін теріс сипаттардың қатарында ысырапшылдықты да қосқан ақын былай дейді:

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ –

Бес дұшпаның білсеңіз!

Негізінде, «ысырап» сөзі араб тіліндегі إسراف  исраф деген сөзден шыққан. Бұл сөз шектен шығу, малын пайдалануда, сөз сөйлегенде шектен асып, ысырап ету деген мағынаны білдіреді. Ал шариғат ғалымдарының түсіндіруінше, ысырап ету мал-мүлікті, ақшаны пайдалануда кездесетін теріс қылық. Осыған орай ысырап екіге бөлінеді:

  1. Мал-мүлікті, ақшаны арам нәрсеге жұмсаумен ысырап ету.
  2. Мал-мүлік, ақшаны адал нәрсеге мөлшерден тыс жұмсаумен ысырап ету.

Алла Тағала Құран Кәрімде ысырап етуге қатаң тыйым салған. Сондай-ақ, Пайғамбар (с.а.с.) да бұл теріс қылықтан аулақ болуға шақырған. Бірде Алла Елшісі (с.а.с.) сахабасы Абдулла ибн Амрдың (р.а.) дәрет алып жатып суды мөлшерден тыс көп пайдаланып жатқанын көреді де: «Бұл не деген ысырап?»  – дейді. Абдулла ибн Амр (р.а.): «Дәрет суында да ысырап бола ма?» – деп сұрағанда, Пайғамбар (с.а.с.): «Иә. Тіпті, ағып жатқан өзеннің жағасында болсаң да», – деп жауап береді. Демек, суы мол дариядан дәрет алып жатсаң да суды ысырап етпеу керек екен. Бұл тек дәрет суында ғана. Ал мал-мүлікті ысырап етудің қателігі одан да зор.

قَالَ اللهُ تَعَالَى: ﴿وَلا تُسْرِفُوا إِنَّهُ لا يُحِبُّ الْمُسْرِفِينَ﴾

Алла Тағала былай дейді: «..Және де ысырап етпеңдер! Расында, Ол (Алла) ысырап етушілерді жақсы көрмейді»[1].

Тағы бір аятта бекер мал шашушылар албасты шайтандардың достарына жатқызылған.

قَالَ اللهُ تَعَالَى: ﴿وَآتِ ذَا الْقُرْبَى حَقَّهُ وَالْمِسْكِينَ وَابْنَ السَّبِيلِ وَلا تُبَذِّرْ تَبْذِيرًا إِنَّ الْمُبَذِّرِينَ كَانُواْ إِخْوَانَ الشَّيَاطِينِ وَكَانَ الشَّيْطَانُ لِرَبِّهِ كَفُورًا﴾

Алла Тағала былай дейді: «Жақын туыстарыңа, міскіндерге, жолда қалғандарға хақтарын бер. Әрі еш ысырап қылма! Шындығында, ысырапқорлар – шайтандардың ағайындары. Ал шайтан Раббысына анық қарсы келуші»[2].

Демек, ысырапшылдық пендені ең төменгі дәрежелерге түсіріп, малғұн шайтандардың қатарынан бір-ақ шығаратын, ақыры жамандыққа апарып соқтыратын апатты іс екен. Сондықтан әрбір мұсылманның ысыраптан сақтануы керек.

عَنْ عَمْرِو بْنِ شُعَيْبٍ عَنْ أَبِيهِ عَنْ جَدِّهِ قَالَ قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «كُلُوا وَاشْرَبُوا وَتَصَدَّقُوا وَالْبَسُوا مَا لَمْ يُخَالِطْهُ إِسْرَافٌ أَوْ مَخِيلَةٌ». رَوَاهُ ابْنُ مَاجَه.   

Амр ибн Шуғайыбтың атасынан жеткізген риуаятында Алла Елшісі (с.а.с.): «Ішіңдер, жеңдер және садақа беріңдер һәм ысырап пен тәкаппарлық танытпай киініңдер», – деп ескерткен[3].


[1] Әнғам сүресі, 141-аят.

[2] Исра сүресі, 26, 27-аяттар.

[3] Ибн Мәже риуаят еткен.

Дін мен дәстүр кітабынан алынды. ҚМДБ Шымкент қаласы орталық мешіті

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38