Бүгін ҚМДБ-ның 30 жылдық мерейтойы аясында Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, Сайрам тұрғын үй алабында орналасқан «Ибраһим ата» мешітінің имамы Жамшид Халмұратовтың ұйымдастыруымен жаңа құдық пен екі көпірдің ашылу шарасы өтті. Игі шараға ҚМДБ-ның Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет қажы Абдрахманов, қалалық іс басқарушы Азамат Әбдікерімұлы, қала бас имам орынбасары Мұхамеджан Естеміров, Қаратау аудандық мешіттің бас имамы Дастан Желеуов, «Ибраһим ата» мешітінің имамы Жамшид Халмұратов және қалалық «Зекет» қорының өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты. Құдықтың тереңдігі 100 метр. Бұл аумақта су бар болғанымен судың қысымы өте төмен болатын. Енді, бұл құдықтан су ішугеде және бақша өнімдерін суғару үшін пайдалануға болады. Айта кетсек, құдық қазу жұмысына демеушлік жасаған зейнеткер Тұрсынхан Халмұратұлы ақсақалға Алла разы болсын. Құдық жұмыстарына бір миллион теңге жұмсалды. Мұнымен қатар, Қ.А.Яссауи бабамыздың әкесінің мазарына баратын Ибраһим ата көшесінің бойынан көлемі 2х4 шаршы метрді құрайтын шағын екі көпір ел игіліне берілді. Көпір жұмыстарына 400 мың теңге жұмсалды. Бұл қос көпір мектеп оқушылары мен мешітке және баба кесенесіне зират етушілердің жолда ары-бері жүруде қауіпсіздігі үшін маңызы зор болмақ. Қос игі шарада Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет қажы Абдрахманов ыстық лебізін білдіріп, қаржылай қолдау көрсеткен азаматтарға алғысын айтып, ҚМДБ-ның 30 жылдық мерейтойы аясында қолға алынған ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасы екендігіне айрықша тоқталды. Айтулы шара барысында Махмұт Ергеш, Бабахан Атахан, Исламхан Хасанов және мешіт жамағаты үлкен сауапты іске бастамашы болған діни басқарма басшығына ризалық танытып, алғыстарын білдірді.
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі