Бүгін ҚМДБ-ның Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы «Айқап» мешіті жанынан «Ел үлесі – пәтерге» акциясы бойынша №247, 261, 262, 263-ші діни қызметкерге арналған 4 қызметтік үй пайдалануға берілді.
Өздеріңізге белгілі, әрбір салада жұмыс ойдағыша болуы үшін қызметкердің тұрмыстық жағдайы жақсы болуы қажет. Соның ішінде, баспаналы болу – отбасы үшін үлкен нығметтің бірі болып саналады. Осындай мәселелерді реттеу мақсатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазрет «Ел үлесі – пәтерге» атты акциясын жария етіп, бүгінде ел арасында зор қолдауға ие болып, аз уақыттың ішінде еліміз бойынша 263 астам отбасыға баспана кілті табыс етілді.
Айтулы шараны қала имам орынбасары Мұхамеджан Естеміров жүргізіп отырды. Алдымен қасиетті Құран оқылып, дұға етілді. Осыдан кейін, Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Нұрматұлы сөз алып, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің құттықтау сәлемін жеткізіп, игілікті істің маңыздылығына айрықша тоқталды. Мұнымен қатар, қала имамының кеңесшісі Бекайдар қажы Әміре, Әл-Фараби аудандық мешіттің бас имамы Ахметжан қажы Пірәліұлы, дінтанушы Қалиолла қажы Маджанов, мешіт жанындағы ақылдастар алқасының мүшесі Бағдат Исламқұловтар құттықтау сөз сөйледі.
Осы игі істің көрінісі ретінде Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Нұрматұлы бастамасымен «Айқап» мешітінің бас имамы Алимжан Анафияевтың жан-жақты асар әдісі бойынша ұйымдастыруымен «Айқап» мешіті жанынан 4 отбасыға арналған қызметтік баспана салынып, пайдалануға берілді. Ғимарат үш қабаттан тұрады. Бірінші қабаты 300 орынды асхана, ал екінші және үшінші қабаттарын баспана болып саналады. Берілген әрбір баспана үш бөлмелі, көлемі 66 шаршы метрді құрайды. Үйде барлық жағдай қарастырылған. Қоныс құтты болсын!
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы
бойынша баспасөз қызметі