С:Нәжіс заттар мен олардың түрлері қандай?
Ж:Нәжіс екі түрлі болады: Ауыр және жеңіл.
1. Ауыр нәжіске адам денесінен шығатын үлкен және кіші дәрет, мәни, мәзи, уәди сұйықтары, ірің, ауыз толы құсық, сондай-ақ хайыз, нифас, истихаза қандары, кішкене нәрестенің кіші дәреті, арақ, аққан қан, өліктің еті, тайы, терісі жатады. Сонымен бірге еті желінбейтін жануарлардың зәрі, түйенің, сиырдың тезегі, иттің нәжісі, тауық, қаз, үйректердің саңғырықтары да жатады. Сондай-ақ, жыртқыш аңдардың барлығы нәжіс, шошқаның барлық нәрсесі ауыр нәжіске жатады.
2. Ал, жеңіл нәжіске еті желінетін жануарлардың, жылқының зәрі, еті желінбейтін құстардың саңғырықтары жатады.
С:Бұл екі нәжіске байланысты үкімдерде қандай айырмашылықтар бар?
Ж:Намаз оқушының киіміне немесе денесіне көлемі дирхем тиынындай не одан да аз мөлшердегі ауыр нәжіс жұқса мәкруһ болғанымен намаз оқи беруге болады. Ал егер намаз оқушының киіміне жеңіл нәжіс тисе оның көлемі киімінің төрттен біріне жетпейтіндей болса намаз оқи берсе болады. Егер ауыр нәжіс дирхем көлемінен асып кетсе, не жеңіл нәжіс киімінің төрттен біріне жетсе, онымен намаз оқуға болмайды.
С:Егер нәжіс денеге не киімге тисе оны тазартудың жолы қандай?
Ж:Егер нәжіс көзге көрініп тұратын болса таза сумен не суға ұқсас сірке суы, гүлдің суы сияқты таза сұйықпен жуып тазалауға болады. Ал егер көзге көрінбейтін зәр, ластанған су сияқты болса, қашан тазарады деп есептегенше жуу қажет.
С:Көзге көрінетін нәжіс тазартылып, бірақ әсері қалып қойса не істеу керек?
Ж:Нәжісті жуып тазалаған соң кетіруі қиын иісі мен түсінің еш зияны жоқ.
С: Нәжісті тазартудың басқа қандай жолдары бар?
Ж:Бұл жөнінде фақиһ ғалымдар егжей-тегжейлі баяндаған. Олардың кейбіреулері төмендегідей:
1. Егер мәсіге көзге көрінетін нәжіс жұғып, оны топыраққа үйкелеп кетірсе, онымен намаз оқуға болады.
2. Киімге сұйық мәни тисе, оны тек жуып тазалау қажет. Егер кеуіп қалса оны үйкелеп кетіруге болады. Мұнда мәнидің кіші дәретпен араласпауы шарт.
3. Егер айнаға немесе қылшыққа нәжіс тисе, оны сүртіп кетіруге болады.
4. Бұрын түскен нәжістің әсері қалмаған нәжіске намаз оқуға болады. Бірақ ондай жерден тәйәммум алуға болмайды. Егер сол жер жуылған болса, екі істі де істеуге болады.
Егер хайуан терісі иленсе таза болып есептеледі, намаз оқуға да болады. Сол тері иленген ыдыспен дәрет алуға да болады.