Сыпайы күлкі адамның ажарына ажар, мінезіне салмақ қосса, ырқыл-жырқылға беріліп, күлегештене беру кісіні сыртқа тым жеңілтек көрсетеді. Бұл жайында хазіреті Омардың айтқан мына бір сөзі өте мәнді:
«Күлкісі көбейгеннің — сұсы азаяды. Көп қалжыңдасатын адам — келекеге ұшырайды. Кім нені көп істесе, сонысымен танылады. Көп сөйлеген адам — көп қателік жібереді. Қателікті көп істейтін адамның — ұяты азаяды. Ұяты азайған адам — күнәлі нәрселерге үйірсек келеді, ондай адамның жүрегі өледі» (Ғазали, Ихия-у-улумуддин, ІІІ, 288).
Расында да не болса соған күлегеш адамды салмақты, байсалды мінезді деп айту қиын. Мұның сорақылығы сол, ондай адамның көп күлуден бара-бара жүрегі қарайып, ішкі сезім түйсіктері әлсірей түседі. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) осыны меңзеп Әбу Хұрайраға берген кеңесінде: «Көп күлуден сақ бол, көп күлу жүректі өлтіреді» деп ескерткен еді (Тәнбихул-ғафилин, Бустанул-арифин, Б. 225).
Күлкінің ішінде де Аллаға ұнайтыны әрі ұнамайтыны бар екенін де хадистерден үйренеміз. Бір хадисінде пайғамбарымыз былай дейді: «Күлкінің екі түрі бар: Алланың жақтыратыны әрі жақтырмайтыны. Аллаға ұнайтын күлкі — бір мұсылманның екінші бір мұсылманды жолықтырғанда, қуанғанын білдіріп жүзіне күліп қарауы. Ал Алланың жақтырмайтын күлкісі — біреуді біреудің мазаққа айналдырып, келемеждеп күлуі» (Мұһтарул-әхадисин нәбәуия, №727-хадис, Б. 398-399).
ОҚО Орталық мешіт