Адамдардың әр дәуірде әртүрлі нәрселерге табынғандығы бізге тарихтан мәлім. Ерте заманда жұрттың адасып, бір қарт ағашқа табынып жүргендігін естіген бір адам қолына балта алып, сол ағашты Алла разылығы үшін кесемін деген оймен жолға шығады. Жолда келе жатса алдынан шайтан кезігіп, қайда жол тартқанын сұрайды. Адам оған бір ағаш бар екенін, адамдардың сол ағашқа табынып кеткендігін және оны кесуге бара жатқанын айтады.
Мұны естіген шайтан оған жол бермейтінін айтты. Адам өз айтқанынан қайтпағандықтан араларында ұрыс басталып, екеуі алыса кетеді. Адам шайтанды үш рет жерге жығады. Күші жетпейтініне көзі жеткен шайтан айлаға көшіп: «Ей, адам, мен сенің жастығыңның астына әр күні бір алтыннан қойып тұрамын, ал сен ағашты кесу ойыңнан кайтасың» дейді. Алтынның буына шыдай алмаған адам ұсынысты қабыл етіп, жарты жолдан үйіне қайтады. Таңертең тұрса, жастығының астында бір алтын тұрады. Ертеңіне жастығының астына қараса, алтынды таба алмайды. Алданғанын түсінген адам қолына балтасын қайта алып жолға шығады. Жолда шайтанды қайта көріп, алыса кетеді. Бұл жолы адам шайтаннан үш рет оңбай жеңіледі. Өткен жолы шайтанды еш қиындықсыз жеңген адам бұл жолы неге шайтан басым түскенін ойлап тұрғанда, шайтан:
– Бұл жолы сен мені неге жеңе алмағаныңды білесің бе? Себебі сен өткенде Алла разылығы үшін жолға шығып едің, сол ниетің үшін Алла саған көмектесті, ал бұл жолы сен өз нәпсің үшін шықтың, сондықтан Алланың көмегінен мақұрым қалдың, – деді.