Қайырымдылық – көмекті қажет етушілерге білдірілетін сүйішпеншілік пен нақты көмек. Қайырымдылық ізгіліктің анық көрінісі болып табылады. Қайырымдылық – адамның асыл қасиеттерінің бірі. Кісінің айналасындағы адамдарға деген ықыласы мен көмегін, адамгершілік қарым-қатынастарын білдіреді. Қайырымдылық ұғымының екі қыры бар. Бірі рухани – экономикалық жағы (басқаның басына түскен ауыртпалықты қабылдау), Екіншісі іс – тәжірибелік жағы (іс жүзінде нақты көмек беруге ұмтылу). Құран Кәрімде Алла Тағала: «(Ей, Мұхаммед!) Оларды тура жолға салуға сен жауапты емессің. Алла қалаған пендесін өзі тура жолға салады. Қайыр – садақа ретінде не берсеңдер де өздерің үшін (жақсы болады). Не берсеңдер де, тек Алланың разылығы үшін берулерің керек. Ізгілік жолында не жұмсасаңдар да, соның бәрі өздеріңе толық қайтарылады және сендер әділетсіздіккке ұшырамайсыңдар (яғни, сауаптарыңды толық аласыңдар)», – деген. «Шардара» орталық мешітінің бас имамы А. Данияров, Шардара ауданы бойынша «Зекет» қорының өкілі, найб имам Н. Байжановтың ұйымдастыруымен орталық мешітте «Жақсылық жасауға жарысайық», – атты қайырымдылық акциясы өтті. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», – дегендей, жан – жағына жақсылық жасап, жарымжан жандардың жанын жадыратуға себепші болған Қараман қажы Қойайдаров, Зерегүл қажы Сапарова, Мейірбек Тұрғынбеков, Қайрат Карибаев, Дәурен, Марат Қонаровтардың демеушілігімен 16 отбасыға 50 кг 1 қап ұн, 1 баклажка 5 литр ақмай, 1 тоқтыдан таратылса, ал Шардара аудандық мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қуаныш Ерназаровқа тізім бойынша 10 мүмкіндігі шектеулі азаматтарға 50 кг 1 қап ұн, 1 баклажка 5 литр ақмай табыс етілді.
Шардара ауданы «Шардара» орталық мешітінің баспасөз қызметі.