Қазіргі кезде қоғамдық ортада кереғар діни ағымдар мен оларды жақтаушылардың қарасы көбейіп отыр. Ондайлардың өздерінің адасқандарымен қоймай өзгелерді де адастырып жүргендерін көп жағдайларда сезінбейтіндіктері қынжылтады.

Тура жолды таба алмаған жандардың адасушылықтары туралы Алла тағала Құрани Кәрімде:

«Шынында да мына жол тура жол, басқа жолдарға ермеңдер, өйткені ол жолдар сендерді тура жолдан айырады, Алладан қорқады деп сендерге осы өсиетті айтып отыр» деген  («Әнғам» сүресі, 153 аят).

Бұл жерде тура жол деп Ислам діні жайлы айтылып тұрғаны анық. Осы арада кейбір азаматтардың тарапынан: «Егер Ислам діні тура жол болса неге оның өзі түрлі топтарға бөлініп кеткен?» деген күмәнді сұрақтың туындайтындығы сөзсіз. Әсіресе, соңғы кездері  мұсылмандар арасында «біздер тозақ отынан құтылатын топпыз» дейтіндердін саны күннен-күнге арта түсуде. Өздерін «Күнәдан пәк» санайтын топтардың кім-кімнің болса да ойын ойрандап, дүбәра пікір туындатары белгілі. Себебі, осындай «тозақ отынан құтылған топтар» өздерін жәннаттық етіп көрсетіп, басқаларды үрейлендіре жүріп, адасқандарды өз қатарларына қосып алуда.

Анас бин Малик Ансариден жеткен хадисте Пайғамбарымыз с.а.с былай деген екен: «Сабыр етіңдер, Рабыларыңмен кездеспейінше, заман өткен сайын, жаңа заман жаман бола береді».

             Осы хадистежылдар өткен сайын дінді түсінудің күрделі бола беретіндігі нақты айтылып отыр. Бірақ біз соңғы уақытта қарапайым ғана «бөлінбеу керек» деген ұғымның өзін түсінуден қалып бара жатқандаймыз.

             Өздерін «Құтылған топпыз» деп ұрандатып жүргендердің дәлел-дәйекке келтіріп жүрген хадистері мынадай:

             Пайғамбарымыз с.а.с.: «Исрайл ұлдары 72 бөлікке бөлінген еді. Христиандар да солай бөлінеді.  Менің үмбетім 73-ке бөлінеді, барлығы тозақта тек біреуі ғана жұмаққа кіреді. Ол кім деп сұрағанда мен және жамағатым», – дейді.

             Олардың тағы бір дәлелі мынадай:

             Пайғамбарымыз с.а.с -нің: «Кімде кім Алладан басқа тәңір жоқ десе жұмаққа кіреді»,-деген хадисі.  

   Бір қарағанда мына хадистер өзара қарама-қайшы мағына беріп тұрған секілді. Қалайша 73-тен біреуі ғана жұмаққа кіреді дейді де, кейінгі бір хадисте барлық адам егер: «Ля иляһа илляллаһ» десе болды жұмаққа кіреді» дейді.  Дегенмен, астарында үлкен мағына жатқаны анық. Әрине, Пайғамбарымыздың  с.а.с сөздерінің бір-біріне теріс келуі мүмкін емес.  «Ғұламалар хадис оқыса мағына көреді. Жай адам сол хадисті оқыса әріп көреді» деген осы екен.

Ең алдымен, Пайғамбарымыз Мұхаммед с.а.с. кімге жіберілген Пайғамбар?- деген сұрақтың жауабын ұмытпауымыз  қажет.

Құран Кәрімнің «Анбия» сүресінедегі 107 аятта Алла тағала: «Біз сені Әлемге мейірім етіп жібердік», – дейді.Демек, Пайғамбарымыз с.а.с. ол бір ұлтқа немесе арнайы елге жіберілген Пайғамбар емес, ол бүкіл Әлемге түскен, адамзат баласына жіберілген адамзаттың ардақтысы болған мейірім Пайғамбары с.а.с.  Яғни, алғашқы хадисте «яхудилер», «христиандар»  дегеннен кейін Пайғамбарымыз с.а.с. менің үмбетім деген терминді пайдаланды. Неге  «Мұсылмандар», «Иман еткендер» деген сөздерді пайдаланбады?

Хадис соңында «мен және жамағатым» деп арнайы сөздер қолданғаннын тағы байқаймыз. Өйткені, мұның сырын ғұламалар былай деп түсіндіреді: «Мұхаммед Пайғамбардың с.а.с. үмбеті дегеніміз ол арнайы бір топ емес,  ол адамзат болғандықтан оның ішіне яхуди де, христианың да,  буддистерің де, т.б… дін өкілдері кіре береді. Сол себепті ғұламалар адамзат баласын екі үмбетке бөледі. Бірінші үмбет – Исламды қабылдаған, екінші үмбет – Исламды қабылдамаған, әлі де уағыз насихатқа мұхтаж болған үмбет. Осылайша «үмбет» деген сөз екі топты құрайды. Сол себепті Құран Кәрімде «Бірде  «иман еткендер» десе, енді кейде «мүсылмандар», тағы басқа жерлерде «Адамдар» дейтіні осыдан. Олай болса түсінікті,  демек бұл хадистегі мағына мынаны меңзейді:  «Яхудилер, христиандар 71, 72-ге бөлінсе менен кейін келген адамдар 73-ке бөлінеді, соның ішінде «калима»  айтып, менің сүннетімді ұстанғандар тозақтан құтылады делініп тұр». Қарап тұрсаңыз, мағына қалай түсінікті болғанын айқын аңғаруға болады. Жалпы мұсылмандар бөлінеді деген мағына емес. Хадистер өзара қарама-қайшы емес, керісінше бірін-бірі толықтырушы болып тұр.

Кейбір топтардың білместіктен үлкен қатеге жол беріп тұрғаны анық байқалады. Олардың «Біздер тозақ отынан құтылған топпыз»  деп ұрандатуларынан өздерін өзгелерден артық санайтындығын көреміз. Осылайша білместікпен сөйлегеннің зардабынан осылайша ағымдар пайда болады.

Ислам дінінің өзге ағымдардан  ерекшілігі – Ислам негізін ұстанған ғұламалар адамдардың күнәсі үшін мұсылмандардың ара-жігін ажыратып бөлмейді. Олар мұсылман адам анық Аллаға қарсы шығып, мен кәпірмін демейінше оны мұсылмандар қатарынан бөлуге ақымыз жоқ деп айтады. Сондықтан өмірден  өткен мұсылманның жаназа намазын күнәсіне қарап бөліп, жармаймыз. Калима айтқан адам – ол мұсылман деген ереже бар.

          Білімсіздік өзге ағымдардың пайда болуына себеп болса, екінші себеп тағы бар. Бұл арада жеке не өзге адамдардың пайдасы көзделіп тұр деуге негіз бар.

         Бүгінгі таңда Ислам діні қарқынды түрде дамып, шекаралар кеңейді. Ислам дінін ұстанғандардың қатары жылдан жылға өсіп келеді. Оның ішінде өзге ұлттар да, дін өкілдері де Исламды қабылдап, мұсылмандардың саны арта түсуде.

Әрине, Исламды қабылдағандар санының өсуі жақсы. Дегенмен, оның белгілі бір деңгейде резонанс тудыратындығы анық.

Өзге дін өкілдері әдеттегі қойып жүрген сауалдарын Исламды қабылдағаннан кейін де қоя бастады. Бұл сауалдар тосыннан болғаннан кейін жауабын қарапайым адамдар айта алмады. Солардың нәтижесінде түрлі пікірталастар туындап, адамдар бөлінуге кірісті. Ғұламалар болса мұның да шешімін тауып, түрлі университеттер мен академиялар құрылды. Сауалдарды қарастырып, арнайы патуалар шығаратын, кеңес құратын орындар даярланды. Кітаптар аударылып, ілім ізденуге зейін қойылды. Жаңа пәндер ашылып, шығарылды. Кейбір діндердің өкілдері әдейі жалған ақпараттар даярлап, қолдан өтірік хадистер құрастырылып, адамдарды шатастырды. Кейбірі білместіктен кесірін тигізсе, енді біреулері әдейі қастандық жасап, дұшпандықтарын іске асырды.

Ислам ғұламалары хадистерді сараптап, баспаға шығаруды бастады. Академиялардың ең әуелгі кірпішін қалаған Имам ағзам Абу Ханифа болатын.  Осы бір жолды үлгі етіп және қосымша академиялар бой көтерді. Мұсылмандар оны мазхаб деп атайды. Олар өзара сараптау ережелерімен келіспеуі мүмкін, бірақ діттеген мағыналары бір. Негізгі мақсат – Алланы дәріптеп, шариғат заңдарын реттеп, көркем мінезді сақтау болып табылады. Ислам дінінің тағы бір ерекшелігі, адамдардың артықшылықтарын ескеріп,  сүйіспеншілік арқылы дінді таныту.

           Ал кері ағымдардың мақсаты – ғасырлар бойы жасалған осы еңбектерді мойындамау, тамырына балта шабу, өзара мұсылмандарды шағыстыру, шірік амалдарға деген жеккөрініш арқылы Исламды таныту. «Пәленше шірік амал жасады, кәпір болды, бидағатшы, жахил» сыңды сөздерді аузына салып,барлығы бірауыздан осы сөздерді қайталап айтулары арта түсті. Исламды жаңа қабылдаған адамның бойына ыза мен ашу жиналып, қоғамда өзіне орын таба алмайды. Кез келген дәстүрлі амалдарды тіпті діни істерді теріс қабылдап, қарсы шығып, әлгіндей терминдерді пайдаланып, долданып, өздерін қоярға жер таба алмай, қызылкеңірдек болып ашуланады. Осылайша ата-анасына қарсы шығып, туыстарынан ажырайды. Өзінің ойын түсінетін пікірлестерімен қосылып, арам пиғылын сыбайласып, іске асырмайынша жаны тыныш таппайды.

Айырмашылықты байқар болсақ, Ислам – мейірім арқылы болса, кері ағымдар – жеккөру арқылы дінді түсіндіреді. Ислам таныту әдістемелерінің ерекшіліктері де осында. Сол себепті кері ағымдағылар тілін таппаған адамдарды қарсыласқа қойып, дұшпандыққа көшеді.

          Алла тағала баршамызды теріс ағымдардың жетегінде кетіп, бармақ тістеп қалудан сақтасын.

 

Дастан қажы Желеуов,

Шымкент қаласы

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38