«Ас –адамның арқауы» дейді дана халқымыз. Шынында солай, бұған ешкімнің таласы жоқ. Өйткені, ол –тәннің азығы. Сол себепті күнделікті үш мезгіл тамақтануымызды бойға қуат сыйлайтын Аллаһтың нығметі деп білуіміз керек. Шыны керек, дұрыс тамақтанудың денсаулыққа берер пайдасы мол екенін бүгінгі медицина саласы ғылыми тұрғыдан дәлелдеуде.
Ал, осыдан он төрт ғасыр бұрын ғылым емес, надандық дәуірлеген кезеңде Аллаһтың соңғы елшісі Мұхаммед саллалаһу алайһи уә сәллам тамақтанудың әдебін көрсетіп кеткен. Біз де пайғамбар хадистеріне сүйене отырып, тамақтану әдебін әрбір мұсылман баласы біле жүрсін деген ниетпен аз –кем тоқталып өтуді жөн көрдік.
Тамаққа отырмастан алдын және кейін қолды жуу
Дініміздің тазалыққа құрылғандығын тағы да қайтара айтудың артықшылығы болмас. Олай болса, тамақтанудан алдын және кейін қолды жуу – тазалықтың және тән саулығының басты кепілі.Пайғамбарымыздың хадисінде: «Тамақтың берекеті ас ішуден алдын және кейін қолды жууда»,-деген.
Тамақты бастарда «бисмиллә» деп бастау
Әрбір жақсы істі бастарда айтатын «бисмиллә» сөзін тамақ бастамастан бұрын айту – дініміздің бізге әкелген жақсылығы деп білуіміз керек. Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадисінде былай бұйырады: «Адам үйіне кірерде және тамақ ішерде бисмиллә деп айтса, шайтан бауырларына: «Бұл жерде қонақтай да, тамақтана да алмаймыз»,-дейді. Егер ол адам үйіне кірерде «бисмиллә» деп айтпаса, шайтан бауырларына: «Түнді өткізетін жерді таптыңыздар»,–дейді. Егер ол адам тамақ жеуден алдын «бисмиллә» айтпаса, шайтан тағы да бауырларына: «Паналайтын әрі тамақтанатын жер таптыңыздар»,-дейді». Тамақты бастап кеткен кісі «бисмиллә» сөзін айтуды ұмытқан болса, мұндай сәтте не істеу керек екенін Пайғамбарымыздың сөзінен таба аламыз. Хадис шарифте Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Сіздерден біреуіңіз тамақ жегенде «бисмиллә» деп айтсын. Егер тамақ бастап жатқанда «бисмиллә» деп айтуды ұмытып кеткен болса, есіне түскен сәтте дереу «Бисмилләһи әууәлиһи уә ахириһи», мағынасы: «Басынан аяғына дейін Алла атымен бастаймын»,-деп айтсын»,-деп бұйыруда.
Мүмкін болса, тамақты көпшілікпен бірге ішу
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.): «Көпшілікте берекет, бөлінуде азап бар»,-деп бұйыру арқылы тамақ жегенде де ауызбіршілікпен бір дастархан басында тамақтануды өсиет етуде. Уаһши бин Харб жеткізген хабарға сүйенсек, кейбір сахабалар пайғамбарымызға келіп:
– Иә, Расулуллаһ! Тамақтанамыз-ау, бірақ тоймаймыз,-деді. Мұны мұқият тыңдаған Пайғамбарымыз оларға қарап:
– Мүмкін бөлек-бөлек ішетін шығарсыңдар,-деген кезде, олар:
– Иә, дұрыс айтасыз. Біз солай істейтін едік,-деді. Сонда Пайғамбарымыз оларға қарап:
-Тамақты көпшілікпен ішіңіздер, бисмиллә деп айтыңыздар. Тамақтарыңыз берекелі болады,-деп бұйырды.
Тамақты үлкеннен кейін бастау
Хузайфа атты сахаба айтады: «Пайғамбарымызбен бірге тамақтанғанда, ол кісі бастамастан асқа қол сұқпайтынбыз». Қазақ халқы да үлкеннен бұрын ешқашан асқа қол сұққан емес. Міне, мұның өзі сүннетке бекем халық екенімізді көрсетеді.
Тамақты оң қолмен және ортақ ыдыстан жегенде өз алдынан жеу
Омар ибн Сәләмә (Аллаһ ол кісіге разы болсын) айтады, Аллаһ Елшісі:«Бисмиллә деп айт, оң қолыңмен әрі өз алдыңнан же»,– деп бұйырды.
Тамақтану барысында ашкөздіктен абай болу
Жебеле бин Сухайм айтады: Ибн Зубайр екеуміз соғысқан жылы қатты ашаршылық болды. Бізге тамақ орнына құрма таратылды. Құрманы жеп жатқанымызда Абдуллаһ бин Омар қасымыздан өтіп бара жатып бізге былай деді: «Құрманы қос-қостап жемеңіз. Өйткені, пайғамбарымыз саллаллаһу алайһи уә сәлләм бізге құрманы қос-қостап жеуімізді шектеді». Демек, бір қасық тамақты жақсылап шайнағаннан кейін келесі тамақты жеу әдептен болып табылады.
Тамақты ұнатпау сияқты амалдан сақтану
Әбу Хурайра (Аллаһ ол кісіге разы болсын) былай дейді: «Аллаһ Елшісі тамақтан ешқандай кемшілік іздемейтін. Тәбеті тартса жейтін, көңілі қаламаса жемейтін».
Тамақтың ыдысын жақсылап тауыса жеу
Хазіреті Әнастан (Аллаһ ол кісіге разы болсын) жеткен хабарда, Аллаһ Елшісі тамақ жеген кезінде үш саусағын да жалайтын және былай дейтін: «Кімде кімнің қолындағы тамағы жерге түсіп кетсе, оны алып тазалап жесін. Оны шайтанға қалдырмасын». Аллаһ елшісі сөзін әрі қарай ыдысты тауыса ішудің маңыздылығымен жалғап: «Тамақтың берекетінің қай жерде екенін білмейсіңдер»,-деп бұйырған.
Тамақтанудың парыздары:
– Жеген кезінде тоюды және ішкен кезінде қануды Аллаһу та’аладан деп білу.
– Халалдан тамақтану.
– Жеген тамақтың қуаты жұмсалғанға дейін Аллаһу та’алаға құлшылық ету.
– Қолындағы барға қанағат ету.
Тамақтанудың мүстаһабтары:
1- Дастарханды жерге жаю.
2- Дастарханға таза киіммен отыру.
3- Арпадан жасалған нан жеу.
4- Нанды екі қолмен бөлу. Нанды пышақпен турағанда, үзім халіне келтірілмейді. Тамақты басқаға, кәрі кісіге даярлаған кезде оның жей алатындай етіп үзім халіне келтіруге болады. Піскен етті пышақпен турамау керек.
5- Дастархандағы нан ұсақтарын ысырап етпеу, мүмкін болса жеу керек, болмаса жануарларға беру керек.
6- Дастарханда сірке суы болуы.
7- Үзімдер, жұтымдар кішкентай болуы керек.
8- Жақсылап шайнамай тұрып жұтпау.
Тамақтанудың Мәкрухтары:
1- Сол қолмен ішіп-жеу.
2- Жейтін тамағын иіскеу.
3- “Бисмилләһ” айтпау (тамақтың ортасында болса да еске түскенде “бисмилләһ”ты айту керек.)
4- Тамақтану кезінде сөйлемеу (Тамақтанғанда сөйлемеу отқа табынатындардың әдеті. Қуанышты нәрселер айтып отыру керек.)
5- Ыдысты, табақты нанның үстіне қою. Қолын, пышақты нанға сүрту (Егер бұл нан желінсе мәкрух болмайды.)
6- Көгерген нан, иістенген тамақ пен су мәкрух.
Тамақтанудың Харамдары:
1- Тойғаннан кейін жеу (Қонақ бар болса, оның тамақ жеуіне кедергі болмау үшін тамақ жеп отырғандай болу керек.)
2- Дастарханда харам нәрселер (сазды аспап, бөтен әйел, ішімдік, құмар) болуы.
3- Тамақты ысырап ету (азық-түліктерді қажетіне жететіндей етіп өлшеп алу керек. Өлшеусіз көп алу ысырап болады.)
4- Харам нәрсе жегенде бисмилләһ айту.
5- Қонаққа шақырусыз бару.
6- Басқаның мүлкінен рұқсатсыз жеу.
7- Зиянды нәрселерді жеу.
8- Өзі атаған малының етінен жеу.
Басқа да маңызды жайттар:
1- Нанның ішін жеп, сыртын тастау, піскен жерін жеп, қалған жерін тастау ысырап болады. Қалғанын басқа біреу жесе немесе малға берілсе ысырап болмайды.
2- Жол үстінде, түрегеп тұрғанда, жүріп бара жатқанда жеп-ішпеу керек.
3- Оңға, солға, аспанға қарамау, алдына және тамағына қарау.
4- Тамақ ішкенде аузын қатты ашпау.
5- Қолды үсті-басына сүртпеу, қасынып, шұқыланбау.
6- Жөтелгенде немесе түшкіргенде ауызды жауып жанына қарай бұрылу.
7- Шақырмастан бұрын дастарханға отырмау керек.
8- Дастарханда адамдардан көп жемеу.
9- Аш кезде де ақырын жеу.
10- Алдымен үлкендер бастауы керек.
11- Үштен көп “тамақтан алыңыз!” деп айтып, қонақты ыңғайсыздандырмау.
12- Үй иесінің дастарханға отырмай қызмет етуі жаиз. Бірге тамақ жеген кезінде қонақтары тоймай тамақтан қолын алмауы керек.
13- Тамақта қорқынышты және жиіркенішті нәрселер айтпау. Өлім, ауру, жаһаннам туралы айтпау керек.
14- Қонақ дастарханға қойылған тамақтарға жұрттың назарын аударатындай қарамауы керек.
15- Ауыздағын жұтпай тұрып қолына басқа үзім алмау.
16- Тамақтың арасында бір нәрсе үшін, тіпті намаз үшін дастарханнан тұрып кетпеу. Намазды тамақтан бұрын оқып алу керек. Егер дайын тамақ суып қалатындай немесе бұзылатындай болса және намаз уақыты тамақтан кейін де оқуға қолайлы болса, бірінші тамақтану керек.
17- Тамақ әкетілген соң дастарханнан тұру.
18- Үй иесінің қонаққа нан ұсынуы және қолына су құюы жақсы болады. Қазір кран болғандықтан қонақтың қолына су құюдың қажеті жоқ. Қолын сүртуі үшін сүлгі ұстап тұрса болады.
19- Тамақтан кейін үй иесіне Аллаһу та’аладан береке, мейірім және кешрім тілеп дұға етіледі. Кетер кезде үй иесінен рұқсат сұралады. Сіздер де бізге келіңіздер делінеді.
20- Ауызда және қолда ет, тамақ иісі бар күйде жатпау.
21- Балалардың да қолын жуу.
22- Тоқ күйде жатпау.
23- Тағамдардың, сусындардың бетін жабық ұстау.
24- Өзеннен, хауыздан еңкейіп ауызбен су ішпеу.
25- Іші көрінбейтін шәйнек, құмыра, құман секілді ыдыстардың аузынан ішпеу. Суды стаканға құйып ішу.
26- Стакан, кесенің сынық жерінен және сабы жағымен ішпеу.
27- Кешке жатарда тағамдардың, сусындардың бетін жабу.
28- Мұсылманның, әсіресе салих кісілерден артылған тамақты ішу берекелі болады.
29- Қажеттіліксіз (мәжбүр болмайынша) пасықтармен бірге ішіп-жемеу.
Алтын және күмістен жасалған ыдыспен тамақтанбау
Хузайфадан (Аллаһ ол кісіге разы болсын) жеткен хабарда Аллаһ Елшісі былай деген: «Тап-таза жібек киім (ерлер үшін) кимеңіздер. Алтын және күміс ыдыстан тамақ ішпеңіздер. Осыған ұқсас ыдыстардан да тамақ жемеңіздер».
Жата-жастанып тамақ ішпеу
Бұл туралы Пайғамбарымыздың өзі былай дейді: «Мен бір жерге жата-жастанып тамақ ішпеймін».
Тамақтан соң бата жасап, дұға ету.
Пайғамбарымыз саллаллаһу алайһи уә сәлләм тамақ дұғасының үлгісін былай қалдырса керек: «Кімде кім тамақтанғаннан кейін «маған бұл тамақты жегізген, күш-қуат нәсіп еткен Аллаһ Тағалаға мақтаулар болсын» десе, өткен күнәлары кешіріледі. Және бір риуаятта Әбул Һәйсәм атты сахаба Пайғамбарымызды құрметтеп тамаққа шақырады. Тамақтанып болғаннан кейін Аллаһ Елшісі:«Тамақтарыңызды салих кісілер жесін. Періштелер сіздер үшін истиғфар айтсын. Ораза тұтқан жандар ауыздарын осында ашсын», –деп дұға еткен екен. Басқа бір риуаятта Әбул Һәйсәм тамақ әзірлеп пайғамбарымызды және сахабалардан кейбірін шақырып қонақ етеді. Тамақтан кейін Пайғамбарымыз:
-Бауырларыңызды қуантыңдар,-деді. Сахабалар:
-Иә, Расулуллаһ! Қуантыңдар деген не?-деді.
-Кісінің үйіне келгеннен соң тамағы желініп, сусыны ішілді ме, онда үй иесі үшін дұға етіледі. Міне, осы оның қуанышы, – деп жауап берді Аллаһ Елшісі.
Тоя тамақ ішпеу
Пайғамбарымыз былай дейді: «Ешқандай адам асқазанынан асқан қатерлі ыдыс толтырмаған. Әлбетте, кісіге өзін еркін алып жүруі үшін біршама тамақ жетеді. Алайда адамның тойып жеуі қажет болса, онда асқазанының үштен бірін тамақтануға, үштен бірін суға, үштен бірін тыныс алу үшін бөлсін».
Асқазанды толтыра жеу адамға едәуір зарар әкелетіндігін, оның соңы адамды аурушаңдыққа апаратынын бір ғана хадистің өзі айқындап тұр емес пе?! Демек, асты белгілі бір мөлшермен жеу денеге сіңімді, бойға қуат, іс-қимылды жеңілдете түседі. Сондай-ақ, Аллаға деген құлшылығын арттыруына жол ашады. Сол үшін пайғамбарымыз бізге тамақтану барысында асқазанның үштен бірін ауқаттануға, үштен бірін суға және қалған үштен бірін емін-еркін әрекет етуге мүмкіншілік тусын деп тыныс алуымызға бөлуімізді өсиет етуде. Ал, бұл денсаулықты қалыпты сақтауда баршамызға көрсетілген ортақ ұстанымымыз болуға тиіс. Сонда ғана қуатты мұсылманға айналатынымыз сөзсіз.
Қызығын қараңыз, асқа көңіл бөлгені былай тұрсын аспазшыға да ерекше назар салатын көрінеді. Яғни, үйінен әлденеге ашуланып, көңілі түсіңкі болып келген аспазшыны сол күнгі жұмысынан босатады екен. Өйткені, аспазшыға да қатаң талап бар. Себебіне келсек, малайзиялықтар шын көңілмен, ықыласпен жасалған астың адам көңіліне жайдарман сыйлайтынын ғылыми тұрғыдан дәлелдепті.
Тамақты тоя жеу денсаулыққа зиян әкелітіні өз алдына, ондай адамдарды пайғамбарымыз мүлдем ұнатпаған. Бірде мұсылманға жараспайтын кейіпте ашкөздікпен тамақты өле-өлгенше жеген адамның кекіре бастағанын байқаған Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кекіруді тоқтат. Өйткені, дүниеде тоя жеген адамдар қиямет күні ұзақ уақыт аш қалатындар»,-деп қатаң ескерту жасаған.
Осындайда қазақ халқы: «Жаман өле жейді, жақсы бөле жейді»,-тойынғандарға айтса керек. Және де ақыл мен иман иелері үшін ескеретін тағы бір жайт ауызға кірген астың адалдығына мән беруі қажет. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Арамнан желініп-ішілген нәрсе қырық күн бойы бойында сақталады»,-дейді. Тағы бір хадисінде: «Адал жеу – сауап, арам жеу – күнә»,-деген.
Олай болса, адам доңыз емес қой, не болса соны ішіп-жейтін. Адам – асының адалдығымен адам болып қалуы керек. Әйтпесе, Аллаһ адамнан өзге жаратылысқа: «Сендерге берген ризық-несібелеріміздің адалынан жеңдер», («Бақара» сүресі, 172-аят) – деп әмір етпес еді-ау. Ал, Аллаһтың әмірін құл ретінде қабылдасаңыз, онда еш ойланбастан бойұсынып адал ас ішіп-жеуді басты мұрат етуіңіз керек.
Хадис шәрифте: «Жақсылықтардың басы – аштық. Жамандықтардың басы – тоқтық» делінген. Тамақтың ләззаты аштықтың көптігіне қарай артады. Тоқтық адамды ұмытшақ қылады. Көңілді соқыр етеді. Спиртті ішімдіктер секілді қанды бұзады. Аштық ақылды тазалайды, көңілді нұрландырады.
Хадис шәрифте: «Адамның жүрегі – егістіктегі егін сияқты. Жеген тамағы – жаңбыр сияқты. Артық су егінді шірітіп жіберетініндей, артық тамақ та көңілді өлтіреді.» делінген. Тағы бір хадис шәрифте былай делінген: «Көп жеп, көп ішкен адамды Аллаһу та’ала жақсы көрмейді.» Көп тамақ жеу – аурулардың басы. Аз жеу (диета) – шипаның басы.
Асқазанның үштен бірін жейтін нәрселерге, үштен бірін ішетін нәрселерге ажырату керек. Қалған үштен бірін ауаға ажырату, яғни бос қалдыру ең төменгі дәреже болып саналады. Ең жақсы дәреже – аз жеу және аз ұйықтау.
Адал ас ішудің адам өміріне үлкен әсері бар. Бір ғана мысал, адал ас иесінің Аллаһ сұраған дұға-тілегін қабыл етеді. Дұғаның қабыл болуына жол ашылады деген сөз. Сонымен қатар тамақтанғанда ысырапқа жол бермеген жөн. Өйткені, ысырапты Аллаһ ұнатпайды және ол шайтанның сүйген амалдарынан болып табылады. Бұл туралы Құранда: «Жеңдер, ішіңдер бірақ ысырап етпеңдер», («Ағраф» сүресі, 31-аят) – деп Жаратушы әмір етуде.
Дініміз әмір еткен әрбір амал-әрекеттің белгілі мақсат-мүддесі бар. Сол амалды орындауда ниеттің орны айрықша. Тамақтану да сол секілді. Егер ішіңіздегі жалаңдаған жыланды басып, нәпсі үшін тойып тамақтансаңыз сізге ол зиян, жоқ әлде бойыма қуат болсын деп пайғамбар өсиет еткен мөлшермен ауқаттанар болсаңыз, өзіңізді жеңіл әрі еркін сезіне түсесіз. Сондықтан тамақтанудың ең басты мақсаты – нәпсіні тойдыру емес, Аллаға деген құлшылығымызды еркін жасау үшін болғаны жөн.
Руслан Қызыханов,
ОҚО Созақ ауданы “Шолаққорған”
мешітінің имамы