Тәубе сөзінің мағынасы – өткен күнәларына шын жүректен өкіну, кешірім сұрау жіберген қателіктеріне қынжылып, түзеуге уәде беру. Құран Кәрімнің «Ниса» сүресінің жүз тоғызыншы аятында: «Кімде кім күнә істесе немесе өзіне зұлымдық жасаса, сосын осы істегеніне өкініп, Аллаһу та’алаға истиғфар етсе, Аллаһу та’аланы өте мейірімді, кешіруші халде табады» делінген.
Әл-Бухаридің «Тәубенің берекесі» кітабында Ислам данышпандары былай деген: «Кімде-кімге Алла 4 нәрсені нәсіп етсе, ол адам және 4 нәрседен құр қалмайды»:
1. Аллаға жалбарынып дұға етуді нәсіп етсе, дұғасының қабыл болуы сөзсіз. Дәлелі, Хақ Тағала Құран Кәрімде: «Маған дұға етіңдер, тілектеріңді қабыл етемін», – деген.
2. Алладан күнәсінің кешірілуін сұраса, күмәнсіз кешіреді. Дәлелі, Алла Тағаланың: «Рас, Алла күнәларды кешіруші», – деген сөзі бар.
3. Алланың нығметіне шүкіршілік етсе Алла Тағала оның нығметін және көбейтеді. Алла Құранда: «Егер шүкіршілік етсеңдер, сендерге нығметімді көбейтіп беремін», – деген.
4. Кімде-кім тәубе етсе, тәубесі қабыл болады. Құранда: «Алла пенделердің тәубесін қабыл етіп, күнәларын кешіреді», – делінген.
Алла елшісі (с.ғ.с): «Барлық адам баласы өте көп қателесуші, сол қателесушілердің ең қайырлысы – тәубе етушілер», – дейді.
Имам Раббани хазреттері былай дейді: «Күнәларына тәубе ету – барлық адамға фарз айн. Ешкім тәубеден құтыла алмайды. Қалай құтылсын, пайғамбарлардың барлығы тәубе ететін еді. Пайғамбарлардың соңғысы және ең үстемі болған Мұхаммед алейһиссалам: “Жүрегімде әнуари илаһияның (илаһи нұрдың) келуіне кедергі болатын перде пайда болады. Сондықтан, күнде жетпіс рет истиғфар етемін” деген.
Тәубенің сахих болуы үшін үш шарт керек:
1- күнәні дереу тәрк ету керек;
2- күнә істегеніне Аллаһу та’аладан қорққаны үшін, ұялып, өкінуі керек.
3- бұл күнәні енді қайта істемеуге шешім қабылдау, көңілден сөз беру керек.
Аллаһу та’ала шарттарына сай жасалған тәубені қабыл ететініне сөз берген. Абдуллаһ бин Мәназил хазреттері былай дейді: “Аллаһу та’ала түрлі ғибадаттарды білдірді. Сабырды, сыддықты (сенімділікті), намазды, оразаны және сәре уақытында истиғфар, тәубе етуді бұйырды. Истиғфарды ең соңында айтты. Осылайша құлға, барлық ғибадаттарын, жақсылықтарын кем көріп, барлығына кешірім тілеуі керек болды.”
Күнә істегенде дереу тәубе ету керек. Жасырын істелген күнәнің тәубесі жасырын болады. Ашық істелген күнәнің тәубесі ашық болады. Тәубені кешіктірмеу керек. Кирамән катибин (күнәмен сауапты жазатын) періштелер күнәні дереу жазбайды. Тәубе етілсе мүлдем жазбайды. Тәубе етілмесе жазады. Жафар бин Синан хазреті: «Күнәға тәубе етпеу – бұл күнәні істегеннен де жаман» деген. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Қиямет күні менің көліме көптеген қауым келеді. Мен оларды көп салауат айту себебі арқылы танимын»,-делінген.
Бір хабарларда: «Егер бір құл құдайдан қорқып, көзінен жас ақса, сол көз жастан Алла тағала бір тал жаратады, осы талдың аты «бақыт талы» деп аталады, осы талға қайғы менен қорқыныш желі соққанда, «Ей, Мұхаммед! (с.ғ.с.)», – деген дауыс шығады, осы дауысты Аллаһ тағала Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қабіріне жеткізген кезде, үмметінің қайғысынан, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мүбәрәк көздерінен жас тамады, сол көз жастан Алла тағала «шапағат талын» жаратады, осы шапағат талына Пайғамбарлық жел соққанда «үмметім» деген дауыс шығады, осы дауысты жеті қат аспанға шығарғанда періштелер естіп, «Ей, Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмметі» деп жылайды, осы дауысты естіген Алла тағала: « Ей, періштелерім, сендерді не жылатты деп сұрағанда?», сонда періштелер: «Ей, Раббым! Сен білесің, біздің жылау себебіміз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмметі. «Ей, періштелерім! Кімде-кім Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмметінен көзіне жас алып жылаған болса, Мен оларды жарылқадым соған сендер (періштелер) куә болыңдар»,-деп айтылады. Аллаһ Тағала былай дейді: «[Оларға былай] айт: “Әй, өздеріне зиян қылған құлдарым! Аллаһтың мейірімінен күдер үзбеңдер! Расында Аллаһ біртұтас күнәларды кешіреді. Расында, Ол – Кешіруші, Мейірімді! Өздеріңе апат келуден бұрын Раббыларыңа қайтыңдар, Оған бой ұсыныңдар. Кейін жәрдем көре алмайсыңдар”» (Зумар сүресі, 53-54-аяттар).
Хафиз Ибн Кәсир: “Бұл ізгі аят кәпірлерден және басқа адамдардан болған барлық күнәһарларға айтылған шақыру. Бұл аят күнәларды жасаудан бас тартып, тәубе жасаған барлық адамдардың күнәларын, ол күнәлар қандай болмасын, тіпті саны бойынша теңіз көбігіндей болғанның өзінде Аллаһ кешіретінін баяндайды”, – деген.
Әнас (Аллаһ оған разы болсын) Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай айтқаны турасында хабар береді: «Барлық Адам баласы қайта-қайта қателесе береді, ал олардың ішінде ең жақсылары – тәубе ететіндер».
Тәубе тек Алланың разылығына қауышу және ашуынан құтылу үшін жасалу керек. Алла Тағала Құранның «Ниса» сүресінің 110-аятында: «Біреу күнә істеп немесе өзіне зұлымдық етсе, кейін өкініп, тәубе етсе, Алланы мейірімді және кешірімді халде табады», – деген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Алладан кешірім сұрап жүрген адам барлық қиыншылықтардан, қайғыдан, күн көріс тапшылығынан құтылады, бақ-берекеге кенеледі, ойламаған жерден ризыққа қауышады» (Насаи).
Исламның атақты ғұламасы Хасан Басриге біреу жұттан, біреу кедейліктен, тағы біреуі бала болмауынан, басқа да әр түрлі мәселеде адамдар шағымданып келеді. Ол кісі бәріне де Алладан кешірім сұрап жүрулеріне кеңес берген. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Кімде-кім тәубә етіп білімін арттырмаса, тәубесі кәміл емес. Кімде-кім тәубе қылып, құлшылықтағы әрекетін күшейтпесе, тәубесі кәміл емес. Кімде-кім тәубеге келіп, ренжіскен адамдарды кешірмесе, тәубесі кәміл емес. Кімде-кім тәубесін айтып, киімін және жүріс тұрысын өзгерпесе, яғни ұятты жерін жаппаса, тәубесі кәміл емес. Кімде-кім тәубе деп, ортасын өзгертпесе, яғни күнәғә тартатын достарынан айрылмаса, тәубесі кәміл емес. Кімде-кім тәубеге келдім деп, мінез-құлқын өзгертпесе, тәубесі кәміл емес. Кімде-кім тәубе еттім деп, төсегін және үй-ішін жинамаса, яғни отбасына деген қарым қатынасын өзгертпесе, тәубесі кәміл емес. Кімде-кім тәубеге келдім деп, (жағдайы келіп тұрып ) садақа бермесе, тәубесі кәміл емес. Егер де осы қасиеттерді бойынан кімде-кім тапса, сақтанып шынайы тәубеге келуі керек» дейді. Тағы хадисте Пайғамбарымыз: «егер бір адам мен тозақ отынан қорқамын деп тұрып, күнәдән тоқтамаса — ол адам өтірікші. Егер бір адам мен жәннәтқа барғым келеді деп, бару үшін амал етпесе — ол адам өтірікші. Егер бір адам мен Пайғамбарды (с.ғ.с.) жақсы көремін деп сүннетімен жүрмесе — ол адам жалған сөйлеуші. Егер де бір адам жұмақтағы хор қыздарына үйленгім келеді деп, маһарын дайындамаса — онда ол адам өтірікші, маһар дегеніміз-адамның істеген ізгі амалдары», – деген.
Шындығында да тәубесіне келген адамды Аллаһ тағала және оның Елшісі жақсы көреді, себебі Аллаһ тағала Құран Кәрімде былай деді: «Шындығында Алла тағала тәубе қылушыларды және тазаланушыларды жақсы көреді».
Имам Муслим жеткізген хадисте, пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай айтылған: «Сендерден біреу шөл далада мініп келе жатқан, үстіне бүкіл тамағы және суы бар түйесі жұлынып қашып кетіп, ол оны табуға үміті үзіліп, бір талдың көлеңкесіне келіп жатқан кісі тәрізді. Сондай жағдайда жатқанда кенеттен оның түйесі, жоғалтқан бүкіл азығымен жанынан табылады, сонда ол түйесінің жібінен ұстап: “Уа, Аллаһым, Сен – менің құлымсың, ал мен – сенің Раббыңмын (Тәңіріңмін)!” – деп қуанғанынан қалай шатастырып алғанын білмей қалған құл, қалай қуанса, шындығында, Аллаһ Өзінің құлының тәубесіне одан да артық қуанады».
Алланың мейірімділігіне шек жоқ. Тәубе тек өлім алдындағы қырылдау мен күн батыстан шыққанға дейін қабыл болады. Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Расында, Аса Құдыретті, әрі Ұлық Аллаһ пендегің тәубесін өлім алдындағы қырылдауларын шығарғанға дейін қабыл етеді», – деп айтқан.
Әбу Мусадан (оған Аллаһ разы болсын) жеткен хабарда пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Расында, Аллаһ Тағала күндіз бір жаман іс жасаған кісіге тәубе жасасын деп түнде Өзінің Қолын созады, және түнде бір жаман іс жасаған кісіге тәубе жасасын деп күндіз Өзінің Қолын созады. Осылай күн өзінің бататын жерінен шықпайынша жалғасады», – деп айтқан. Муслим 2759.
Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Қиямет уақыты батыстан күн шықпайынша келмейді, ал ол сол жерден шыққанда және осыны адамдар көргенде, олардың барлығы иман келтіреді, бірақ ол мезет оларға имандары еш пайда бермейтін кезде болады», – деп, келесі аятты оқыды: «Раббыңның белгілерінің кейбіреулері келген күні, бұрыннан иман келтірмеген немесе сенімі бойынша бір қайыр істемеген біреудің иманы пайда бермейді» (Ән’ам сүресі, 158-аят).
Алла тағала өзінің шексіз мейірімімен қиямет-қайымға дейін құлына осы дүниеде жасаған күнәларынан арылуы үшін тәубе жасауға мүмкіншілік береді. Тәубенің ең жақсысы, білместікпен немесе байқаусызда күнә жасап қойған кезде, кешіктірмей артынша тәубе ету. Себебі адамға өлім қай сәтте келетінін ешкім білмейді. Сондықтан тәубе етуге әрдайым асығу керек.
Жұмабеков Данабек,
Шымкент қалалық «Абдул Хамид Қаттани»
мешітінің ұстаз-оқытушысы