SAM 641

 SAM 641«Мәзһаб» сөзі – жол, бағыт деген мағыналарды білдіреді. Терминдік мағынасы: «Діннің сенім негіздері мен амали үкімдерін түсіну және амал ету тұрғысынан белгілі бір иснады бар ғалымның көзқарастарын негізге алу дегенді білдіреді. Мәзһаб ұғымын жете түсіне алмаған шала сауатты кейбір адамдар халық арасында: «Сен, Пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннетімен жүресің бе, жоқ әлде Ханафи мәзһабын ұстанасың ба?» дегендей сөздерімен Ханафи мәзһабын ислам дінінен бөлек етіп көрсетуге тырысуда.

Әрине, мұндай сөздердің астарында мәзһаб ұстанушылардың адасқандығы меңзелгендіктен, ел арасында діни дүрдараздық пен бүлікке себеп болуда. Мәзһабты түсіну үшін, мәзһаб тарихына үңілу қажет. Мәселен уахидың бесігі болған Мәдина сахабалардың шоғырланған орталығы болатын. Мәдиналық табиғиндар сахабалардың жеткізген, бірақ та шашыраңқы халде болған көптеген хадистерді және фиқһи мағлұматтарды бір араға жинаған.
Кейін бұл кісілердің білімдері Имам Маликтің Мәдиналық ұстаздарына өткен. Имам Маликте бұл білімдерді жинақтап, реттестірген және көпшілікке таратқан. Осылайша алдыңғылардан кейінгілерге жеткізілген, кейінгілерден алдыңғыларға сүйендірілген мәзһаб иснады (тізбек) пайда болды. Алдыңғы ғұламалар да өздеріне ұсынылған дәлелдердің қуаттылығына, соңына түскен жолының тура екендігіне сенгендіктен қадір тұтқан ғалымдарына ғасырлар бойы ілесіп отырған. Ханафи мәзһабына келетін болсақ, әуелі мәзһабтың негізін қалаған имам Әбу Ханифаның ұстаздарын тану қажет. Ол көптеген ғалымдармен жолығып, сабақ алған. Солардың ішінде ерекше сабақ алған ұстазы Ирактағы фиқһ саласының көрнекті ұстаздарының бірі Хаммад ибн Әбу Сүлеймен еді. Әрине, ол Хаммадтан ғана сабақ алумен шектелмеген.
Тарихул-Бағдат кітабында Әбу Ханифаның кімнен ілім алғандығы жайында былай делінген: «Әбу Ханифа бір күні Халифа Мансұрдың жанына барады. Халифаның жанында Иса ибн Муса да бар еді. Бұл тақуа, сопы ғалым Иса ибн Мұса халифа Мансұрға бүгінгі әлемнің бірегей ғалымы осы деп Имам Ағзам Әбу Ханифаны көрсетті. Сонда Мансұр:
– Ей, Нұғман, білімді кімнен үйрендің? – дегенде Әбу Ханифа:
– Хазірет Омардан білім алғандар арқылы Омардың, хазірет Алиден білім алғандар арқылы Алидің, Абдуллаһ ибн Масғудтан білім үйренгендер арқылы Абдуллаһ ибн Масғудтың білім кәусарынан сусындадым. Иә, өз кезеңінде Ибн Аббастан асқан ғалым жоқ еді, – дейді. Осыны естіген Мансұр:
– Сен өте дұрыс істеген екенсің, білімді түп-тамырынан алған екенсің», – деп мақтайды. Осы жерден байқағанымыздай, Әбу Ханифа ілімінің бастауын білім мен фиқһы жағынан танымал осы төрт сахабаға апарып негіздейді. Шынында да, Әбу Ханифа мен оның мәзһабының ілімінің қайнар бұлағы Пайғамбарымыз (с.а.с.) жарық дүниеден өткеннен кейін Куфаға қоныс аударған Али ибн Әбу Тәліп пен Абдуллаһ ибн Мәсғуд еді. Осы сахабалардан ілім алған Мәсрук ибн Әжда (қ. 63 һ.ж.), Алқама ибн Қайс (қ. 62 һ.ж.) және Шурәйх ибн әл-Харистан (қ. 80 ж) Әмир ибн Шәрәхил әш-Шағби (қ. 104 ж.) мен Ибраһим ән-Нахаи (қ. 96 ж) сабақ алған. Олардан Хаммад ибн Әбу Сүлеймен (қ. 120 ж.) арқылы Әбу Ханифа ілім үйренген. Сонымен қатар, Абдулла ибн Аббастың құлы Икрима (қ. 105 һ.ж.) мен Абдуллаһ ибн Омардың азат етілген құлы Нафи (қ. 117 һ.ж.) арқылы осы екі аты аталған сахбалардың ілімдерінен сусындаған. Меккенің фақихы Ата ибн Рабахтан (қ. 114 һ.ж.) ұзақ жылдар бойы сабақ алған. Олай болса, Әбу Ханифа өзінің ұстазы Хаммадпен бірге басқа да фиқһ және хадис ұстаздарынан сабақ алуды тоқтатпаған. Кейбір кітаптарда ұстаздарының саны төрт мың деп беріледі. Демек, ханафи мәзһабы тек имам Әбу Ханифаның көзқарасы емес. Керісінше пайғамбарымыздың дәуірінен бері жалғасып келе жатқан, ғылыми негіздері анық мектепке сүйеніп келген. Ең бастысы ханафи мәзһабы Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сəлемі болсын) төмендегі мына хадисіндегі кезеңде қалыптасқан.
Нұғман бин Баширден (р.а) келген бір хабарда, пайғамбарымыз (с.а.с): «Адамдардың игі жақсылары – менің ғасырымдағылар, содан соң – олардан кейін келгендер, содан кейін – олардың артынан келгендер. Олардан кейін, бірінің куəлігі сертінен бұрын жəне серті куəлігінен бұрын берілетін қауымдар келеді» , – деген.
Жалпы шариғат үкімдері мен оның дəлелдеріне байланысты жауапкершілікті мойнына алғандар (мукаллаф) екі түрлі болады: Әуелгісі: «ижтиһад арқылы шариғат дəлелдерінен үкім шығаруға қабілетті тұлғалар. Екіншісі: қабілеті жетпейтін тұлғалар. Бірінші топқа мүжтаһидтер ал, екінші топқа соларға еліктеп соңдарынан ерушілер (муқаллидтер) жатады. Екі топта да мойындарына жүктелген міндеттеріне сай шариғат үкімін білулері керек.
Біріншісі шарғи үкімдерді орындап, сонымен жүру үшін ижтиһад жасауға міндеттелсе, екіншісіне соған еру міндеттелген» .
Усул ғұламаларының барлығы «муқаллид» деп қарапайым халықты атаған. Себебі, олар шариғи дәлелдерге көз жүгіртіп, өздігінен ижтиһад жасай алмайды. Сондай-ақ, усул ғұламалары ижтиһадқа қатысты кейбір білімдерді білген, алайда ижтиһад жасау дəрежесіне жетпеген ғалымды да муқаллид санатына қосқан
Ғұлама шейх Мухаммад Хуснин Махлуф «Булуғ əс-сул» кітабының «Мүжтаһид сөздерінің шариғи қайнар көздерінен алынуы» деген бөлімінде былай деп жазады: «Усул ғұламалары мен олардан басқа ғалымдардың айтуларынша, мүжтəһидтерге шарғи дəлелдер қаншалықты маңызды болса, бұқара халық үшін де мүжтəһидтердің пікірлері соншалықты қажет. Мүжтəһидтердің сөздері адамдарға дəлел саналады, бірақ Елшілердің (оларға Алланың сəлемі болсын) сөздері арқылы бекітілгендей олардың сөздерімен шариғи үкімдер әрдайым бекітіле бермейді. Ешкім бұлай деп айтпайды. Керісінше, ғұламалардың сөздері шарғи қайнар көздерден бастау алады. Олар əділдікті сақтай отырып, терең білімдерімен, ұшқыр ойларымен шариғатты егжей-тегжейлі қарастырып, ондағы мəтіндердің мағыналарын зерттеген. Сондықтан да дəлел-дəйектерге сүйене отырып, үкім шығару үшін арнайы ыждағаттылық, ерекше қабілет пен зерделі дарын иесі болуы керек. Осы арқылы ол діни үкімдерді қателіктен барынша сақтайды».
Шейх Мұхаммед тағы былай дейді: «Алла тағала мен Елшісі (с.а.с) мұжтаһид дəрежесіндегі адамдарға үкім шығару үшін шариғат қайнар көздеріне үңілгенде аянбай тер төгуді бұйырған. Сол сияқты ижтиһад дəрежесіне жетпеген ғұламаларға мүжтəһидтерге еріп ижтиһад сынды шарапатты дəрежеге қол жеткізуге талпыну бұйырылған. Бұл екі дəрежедегіден басқа адамдарға ілімдері мен түсініктерінің аясына қарай міндет жүктеледі. Ілім алмаған қара халыққа ғұламаларға жүгініп, солардың айтқанымен жүру бұйырылды. «Нахыл» сүресінде:
«Білмесеңдер білгендерден сұраңдар». Яғни бастарыңа түскен түйіткілді мəселенің үкімін ғұламалардан сұраңдар. Олар Алланың, Елшісінің (с.а.с) немесе тек өзінің сөзімен байланысты/өзінің ижтихадына сүйене отырып/ шариғаттан алынған дəлелдермен сендердің мəселелеріңді шешіп береді.
Сенімді мұжтаһид немесе ғалымның түйткілді мəселеде Алланың үкімін білмейтін адамға, əсіресе үкім сұраған адам қарапайым халықтың көпшілігі сияқты шариғат мəтіндерінің мағынасын түсінбейтін болса немесе келтіретін дəлел терең түсінуді қажет ететін кіріспелерге толы болса жəне қарапайым адамның білімі жете бермейтін мəселелерге кіруді қажет етсе, дəлел келтіруі міндет емес» .
Əш-Шатиби (р.а) былай дейді: «Мүжтəһидтерге шариғи дəлелдер қандай қажет болса, мұжтаһидтердің пəтуалары да бұқара халыққа дəл солай қажет. Себебі ілімі таяз халық шариғи дəлелдерден ешқандай үкім шығара алмайды. Дəлелдерге үңіліп, үкім шығару қарапайым халықтың ісі емес. Алла Тағала:
«Білмесеңдер білгендерден сұраңдар» деп айтқан. Еруші (муқаллид) ғалым емес, сондықтан күрделі мəселелелерді білім иелерінен сұраған дұрыс. Дін үкімдерінде толығымен ғұламаларға жүгіну керек. Ғұламалар қарапайым халыққа шариғатты үйретуші жəне сөздері шариғатты түсіндіруші болып табылады» .
Сахабалар мен табиғиндердің кезінде халықтың басына қандай да бір іс түсіп, түйткілді мəселе туындаса, олар Алланың үкімін сұрап сахабалар мен табиғиндерге жүгінетін. Олар қарапайым халықтың сұрақтарына жауап беретін. Сахабалар мен табиғиндер сұрақ сұрап келген халықты ижтиһад жасауға бұйырмаған.
Ижтиһад жасауға шамасы жетпеген адамның ижтиһадқа қабілетті адамнан сұрауы – сахабалар мен табиғиндер кезеңінде қалыптасқан үрдіс. Қарапайым халыққа иждиһадты жүктеу немесе міндеттеу аталмыш қабылданған жүйеге қайшы келеді.
Сондай-ақ мұсылмандар арасында соңғы кездері «мəзһабқа ермеу керек» деген даурықпа әңгіме бар. Мұндай сөздің астарында діни дəлелдерден үкім шығаруға шамасы келмейтін адамды ижтиһад жасауға мəжбүрлеу жатыр. Бұл адамның мойнына шамадан тыс нəрсені жүктеу дегенді білдіреді. Сондықтан да мұндай түсінікке тыйым салынады. Себебі Алла Тағала:
«Алла адамға тек шамасы келетін нəрсені жүктейді», деп айтқан. Оның үстіне мəзһабтан тыю адамдарды өздеріне қажет болған игіліктерді тастауға, «үкімдермен айналысамыз» деп кəсіптерімен шұғылданбай күнделікті тұрмыстан қол үзуге əкеліп соғады. Бұл қарапайым халықтың тұрмысын қиындатып жібереді.
Ғұламалар тармақты мəселелерде «тақлид (еру) жасау сөзсіз міндетті» деп шешкен. Əл-Жалал əл-Махалли (р.а) «Жамғул-жауамиғ» атты кітапқа жазған шархында былай деген: «Қарапайым халыққа жəне одан басқа да мүжтəһид дəрежесіне жетпеген адамдарға мүжтəһидтердің бірінің мəзһабын ұстануы – міндет. Ол өзі қайсысын абзал деп тапса, соны ұстанады» .
Муқаллидтың (еруші адам) мүжтəһид болып табылатын қалаған ғалымына еруі – ақиқатқа ерумен тең. Имамдардың барлығы – ақиқат жолында. Муқаллид бір мүжтəһидтің ұстанымымен жүріп, қалған мүжтəһидтердің бəрі қателеседі деп түсінбеуі керек.
Зерттеу жəне фиқһ ілімін үйрену үшін төрт мəзһабқа да жүгіну аса қажет. Өйткені төрт мəзһаб фиқһы дінге үлкен қызмет етті. Шариғатты жеткізіп, оны сақтауға, ондағы ең дұрыс нəрсені іріктеп алуға үлкен мəн берген жəне мəзһаб имамдарының өмір деректерін жазып қалдырған. Нəтижесінде белгілі негіздері мен тармақтары қалыптасқан жеке медреселер пайда болды.

Мəзһабты ұстануға, оған еруге қарсы пайда
болған кейбір қайшылықтар
Біріншісі – шариғаттың бізге міндеттегені имамдардың сөздеріне емес, Құран мен сүннетке еру керек деген қайшылық. Бұның жауабы: дəлелге тек Құран мен сүннет жатпайды. Дəлел ижмағ пен қиясты жəне сахабаның сөзін, бізден бұрынғы өткен шариғаттарды, ғұрыпты, истихсанды жəне тағы басқа үкім түрлерін қамтиды. Дəлел тек Құран мен сүннеттен тұрады деу – үстірт жəне тар түсінік. Дəлелдің аясы Құран, сүннетпен ғана шектелмейді.
Құран мен сүннет мұжтаһидтің үкім шығаратын негізгі дерек көздері болып саналады. Мұжтаһид имамдардың ижтиһадтары – қасиетті Құран мен сүннеттен бөлек нəрсе емес. Ол Құран мен сүннетке жасалған түсініктеме іспетті. Десек те, бұл имамдардың сөзін ұстану аяттар мен хадистерді тəрк ету деген сөз емес.
Бұл – аят пен хадисті ұстанудың нақ өзі. Расында, аяттар мен хадистер бізге сол имамдардың дəнекерлігімен жетті. Олар хадистердің дұрыс-бұрысы мен дəйекті-дəйексізін, үкімін жойылған, жойылмағанын, айтылу себептерін, тілдік мағыналарын, хадиске қатысты ілімдердің барлығын кейінгі кезеңдерде келген адамдардың бәрінен жақсы білді. Діні берік, тақуалықта аса сақ, әрі қырағы, көкірек көзі ашық еді. Құран мен сүннетті ғылыми қағидаларға сай түсініп, оның масқат еткен сырларын ашты, соларға сүйене отырып үкімдер шығарды. Ақыл мен нақылға (шариғатқа) сай тылсым қырларын ашты. Сол арқылы дін істерін жеңілдетті. Негіздерден тармақтар шығару, тармақтарды негіздерге сүйеу арқылы ең түйткілді мəселелерді шешті. Сөйтіп, жалпыға ортақ игілік қалыптасты .
Екінші қайшылық – мəзһаб ұстанушы өзінің мəзһабына қайшы келген хадисті көрсе де мəзһабын тастамайды. Яғни, Алла мен пайғамбарымыздың (с.а.с) үкімінен өз мəзһабын жоғары санау қайшылығы туады.
Олар бұл қайшылыққа шейх əл-Кайранауидің (р.а) «Фауаид фи улум əл фиқһ» кітабында былайша жауап берген: «Имамның сөздерін Алла тағаланың аяты, Елшісінің (с.а.с) хадистерінен жоғары қояды деп есептеу сендердің қате тұжырымдарың мен жалған сенімдеріңнен туып отыр. Ақиқатында Алла мен Елшісінің (с.ғ.с) сөзі имамның сөзіне қарама-қайшы келгендігін екі түрлі жолмен білуге болады. Бірі – айтылған бұйрықтың Алла мен Елшісінің (с.ғ.с) сөзі екендігін анық білу. Екіншісі – имамның аталған сөздерге қарсы келетініне нық көзі жеткізу. Əрине, муқаллид бұл екеуін де білмейді. Өйткені бұл ілім истидлалды (дəлел көздерін анықтауды) қажет етеді. Муқаллид дəлел шығаруға толығымен қабілетті емес. Басы жараланған адамға тəйаммум соғу аятын дəлел ете отырып, ғұсылды міндеттеген адамның пəтуасы сияқты муқаллидтің келтірген дəлелі шариғат тұрғысынан қабылданбайды.
Мәзһабсыздықтың, мәзһаб ұстанбаудың зарарлары мына төмендегідей:
1. Кейбір ғалымдар мәзһабсыздықты — дінсіздікке апаратын көпірге балаған. Мәселен шейх Мұхаммед Заһид Кәусари осындай атаумен кітапша да жазған.
2. Мәзһабсыздық ғалымдар бекіткен ижмағқа қарсы шығу болып табылады. Себебі ғалымдар муқаллид адамға мәзһаб ұстану парыз деген.
3. Мәзһабсыздық мұсылманның амали үкімдерде әр түрлі көзқарасты ұстануына жетелейді. Әсіресе өзіне жеңіл болғанын іздеуге бастайды. Бұл да өз кезегінде адасушылыққа бастайды.
4. Мәзһабсыздық, ғылыми негіздері Пайғамбарымыздың кезеңінен бастау алған, сахабалар мектебінен нәр алған, табиғиндер мектебінің елегінен өткен мәзһабтарды қабыл етпеу дегенге саяды. Бұл да үлкен адасушылыққа жатады.
5. Мәзһабсыздық, өз бетімен сауатсыз пәтуа беруге жетелейді. Ал шариғатымызда білімсіз пәтуа беруге қатаң тиым салынған.
Қорыта айтқанда, мәзһабсыздық ислам әлемінде пайда болған ең үлкен бидғаттың бірі және адасушылықтың негізі деп айтуға толық негіз бар.

Алла Тағала елімізді дін алауыздығынан сақтасын! Әмин!

Сансызбай қажы Шоқан,
ҚМДБ-ның Шариғат және пәтуа бөлімінің
орынбасары

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38