2000 жылдары Ташкент қаласында Құрбан айт мейрамы басталған еді. Таңғы айт намазы оқылғаннан кейін Латиф есімді бір өзбек үйіне қайтып құрбандыққа мал сояды. Еттің барлығын бөліп көршілерге тарата бастайды. Содан бір уақытта орыс ұлтты христиан дінін ұстанған көрші әжейдің үйіне келіп, есігінің алдында етті берсем бе, бермесем бе деп ойланып, біршама уақыт тұрып қалады. Ақырында онымен де етті бөліскісі келіп есікті қағады. Әжей шыққан бойда:

— Балам не болды? Айта бер,-дейді. Латиф кідірместен:

— Әжей, бүгін мұсылмандардың үлкен Құрбан айт мерекесі ғой! Мен осыған орай үйде мал сойған едім. Етін барлық көршілеріме таратып жатырмын. Сіз де алыңыз,-деп етті ұсынады. Алайда, әжей бас тартып:

— Жоқ, балам бұл – сендердің мерекелерің. Басқа мұсылмандарға тарата бер, дейді. Латиф:

— Әжей, бізде дінге қарамайды. Исламда әрбір көршінің өз ақысы болады. Сондықтан қолымды қайтармай мына етті алыңыз,-дейді. Әжей етті алып, ішке кіріп кетеді. Бұл сейсенбі күні болатын. Ертесі күні сәрсенбіде Латиф үйден шығып келе жатып әлгі әжейді жолда көріп қалады. Сәлемдескен бойда әжей оған:

— Кеше сен мені назардан тыс қалдырмай ет алып берген әрекетің маған қатты әсер етті. Түні бойы осы жақсылықты ойлап ұйықтай алмадым. Осы жасқа келсем де өмірде бірде болса шіркеуге не мешітке бармағанмын. Құдай баршамыз үшін ортақ емес пе?. Мүмкін мен мешітке барып, Ислам туралы үйреніп көруім керек шығар, ақыры мұсылмандардың арасында тұрып жатырмын,-дейді. Содан бейсенбі күні Латиф әлгі әжейді тағы көшеде кездестіріп жағдай сұрасады. Әжей күлімсіреп Латифке:

— Мен мешіттен келе жатырмын. Онда имам маған кәлиманы айтқызып Исламды қабылдатты. Енді мен мұсылманмын, деп қуанышын жеткізеді. Ертесіне жұма күні әлгі әжей күтпеген жерден көз жұмады. Латиф дереу әжейдің жаназасын ұйымдастырып, оны жууып, мазаратқа баруға дайындалады. Мұны көрген көршілер:

— Мұсылман емес кісіге жаназа оқып, мұсылманша жерлеуі қалай?-деп таңданады. Сол уақытта Латиф табытты көтеріп бара жатып ойға кетіп:

— Егер мен сол уақытта әжейдің есігін қағып, етті бермегенде бұл кісі мұсылман болар ма еді?-деп іштей риза болады.  

Түйін: Жақсылық жасаңыздар. Расында жақсылықтың үлкен кішісі жоқ. Мүмкін сол жақсылық біреудің Исламды қабылдауына септігін тигізер.      

Жалғас АСХАТҰЛЫ, дінтанушы  

Ақпарат көзі

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38