Күндердің күнінде халифа Омар ибн Абдулазиз қызметші берген удың салдарынан төсек тартып, өлім халінде жатып қалады. Бұл туралы біліп қойған халифа қызметшісін шақыртып:
— Неге бұлай жасадың?-деп сұрайды. Қызметші қорыққанынан:
— Әміршім, маған Умайя билері мың динар беріп, осыдан кейін құлдықтан азат етілетініме уәде беріп еді, дейді. Халифа:
— Алған мың динарды мемлекеттің қазынасына бер! Сосын қалаған жағыңа кете бер, сен енді азатсың және мен сені кештім, дейді. Осылайша өлім төсегінде жатқан уақыттың өзінде Омар ибн Абулазиз мемлекеттің қазынасын ойлаған екен.
Ислам ғұламалары оның өмір жолын зерттеп, ол туралы былай деген екен:
— «Омар өлер алдында мемлекетке қаншалықты жанашырлығын және кешірімшіл екенін үлгі етіп кетті».
— «Омар әр басқан қадамында Алла үшін қандай жақсылық жасау керектігін ойланып жүретін»
— «Тарихта екі жарым жыл ішінде мұсылмандар арасында әділдік пен кедейліктің тамырына балта шапқан алғашқы әмірші»
— «Мұсылмандар арасында кедейліктің жойылғаны сонша садақа беретін адам табылмайтын. Сонда адамдар көшеге шығып: кімде қарыз бар? Кімнің үйленуге жағдайы жоқ? Кім қажылыққа барғысы келеді? деп айқайлайтын»
— «Ол уақытта халықтың арасында азық-түліктің берекелі болғаны сонша, ешкім азыққа мұқтаж болмайтын. Сол үшін қалған азықты адамдар қаланың сыртында аңдарға, жыртқыштарға, құстарға апарып тастайтын»
— «Омардың Аллаға деген тақуалығы, қорқынышы сонша Құран естісе көңілі босап жылай беретін. Оны сырттан көрген адам тозақ бір сол үшін жаралғандай әсерде болатын»
— «Омар екіжүзділік дегенді жаны сүймейтін. Сонымен қатар, ол ғұламалардың басын жинап, ақыретті жиі еске алып тұруды әдетке айналдырған»
— «Омар жердің 4/1 басқарып отырған әмірші болғанымен, оның үстіндегі киімін көрген адам қаладағы ең кедей жан деп ойлайтын»
— «Омардың әділдік орнатқаны сонша шаруа адамдары малды жайылуға алып шыққанда қасқырлардің өзі малға шаппайтын еді. Мұның сырын сұрағанда, адамдар: Бұл Омардың орнатқан жүйесі, дейтін»
— «Омар дүние салғаннан соң 10 жыл өткеннен кейін мемлекет қазынасының жанынан құрма, бидай дәндері салынған қорап табылды. Онда бір хат жатады. Хатта: «Бұл қажеттілік туындаған заманда ашылады»-деп жазылған екен»
Жалғас АСХАТҰЛЫ, дінтанушы