Күндердің күнінде Мәдина қаласында бір жас бала әр бақшадан құрма ұрлап жейді екен. Құрма ағашы бар әр үйдің ауласына түсіп, талға шығып, құрма ұрлап жеу оның жақсы көретін ісіне айналады. Содан жұма күні таңертең әлгі бала қолға түсіп, оны ардақты Пайғамбар (с.а.у.) алдына алып келіпті. Бала қорыққанынан не істерін білмей, жылай бастайды. Пайғамбар (с.а.у.) оған:
— Жылама! Сен не үшін құрма ұрлап жүрсің?-дейді күлімсіреп. Пайғамбардың (с.а.у.) жүзін көріп бала біршама өзіне келіп:
— Мен құрма жегенді қатты жақсы көремін. Сол үшін оны ұрлап жеймін,-дейді. Сонда Пайғамбар (с.а.у.) оған:
— Сен бұлай жасай берсең құрма ағаштарына зиян тигізесің әрі олардың пісіп жетілуіне кедергі боласың. Сәл сабыр етсең олар өздері пісіп, жерге түсе бастайды. Сол уақытта жерден алып жерсің,-деп насихатын айтқан екен. Сол күннен бастап бала ұрлықтан бас тартыпты.
Жалғас АСХАТҰЛЫ, дінтанушы