Күллі мұсылманның мерейлі мерекесі – Ораза айт намазын облыстың барлық өңірінде жоғары деңгейде өткізілді.
Облыс орталығы Шымкент қаласы облыстық орталық мешітіне арнайы облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов, Шымкент қаласының әкімі Ғабидулла Абдірахимов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұловтар т.б. зиялы қауым өкілдері мен жамағаттар айт намазын оқу үшін жиналды.
Айт намазында алдымен әсерлі уағызға кезек беріліп, оны найб имамдар Мұхамеджан Естеміров, Еркебұлан Қарақұлов, Амантай Садиевтар жүргізді.
Осыдан кейін, ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамы Ахметжан қажы Керімбек мұсылман қауымы үшін ең қасиетті саналатын екі ұлық мерекенің бірі – Ораза айт мейрамын көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алу игі дәстүрге айналғанын айтып, аймақтағы 800-ге жуық мешітте айт намазы оқылғанын жеткізді. Ораза айт адамдардың жан дүниесін, сана-сезімін, көңілін қуанышқа бөлейтін, кірбіңнен тазалайтын ұлық мереке болып саналатыны атап өтіп, келесі Рамазан айына есен-амандықта жетіп, жүздесуімізге ниеттестік білдірді. Мұнымен қатар, ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының күллі жамағатқа жолдаған құттықтау хатымен таныстырды.
Өңір басшысы Рамазан айы – Жаратқан Иемізге құлшылық жасау, сабыр, өзара мейірім мен қайырымдылық арқылы рухани тазару айы екенін атап өтті. Сондай-ақ, «Ораза айт мерекесімен баршаңызды құттықтаймын. Рамазан айында және айт мерекесінде елдің ынтымағы мен бірлігі үшін жасаған дұғаларымыз қабыл болсын. Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін», – деді облыс әкімі Бейбіт Бәкірұлы.
Айт намазына кейін, қадірменді қонақтарға айттық берілді. Ұлттық дүниелерімізді насихаттау мақсатында мешіт ауласына киіз үй тігіліп, ас таратылды. Жас бұлдіршіндерімізге ойындықтар мен тәттілер үлестірілді.
Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының «Дін мен дәстүр» деп жариялаған бастамасы аясында мешіт ауласында ұлттық ойын түрлерінен сайыс ұйымдастырылды. Атап айтқанда, арқан тарту, гір тасын көтеру, діни сұрақ-жауап айдарлары бойынша өткізілді. Жеңімпаздарға өкілдік тарапынан қаржылай және кәде-сыйлық табыс етілді.
Айт мерекесі құтты болсын, ағайын!
ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі