Ислам дінінің талабы бойынша үйлену құпия іске аспауы, қайта керісінше халыққа жариялануы қажет. Оның жария болуы куәгерлердің неке қиылу сәтіне қатысуы арқылы жүзеге асады. Бұған мұсылман ғалымдары Құрандағы сауда келісіміне қатысты аятты дәлел ретінде алады. Себебі некелесу де өзара ерлі-зайыптылардың келісімі болып саналады. Құранда осындай келісім кезіндегі куәгерлер туралы былай деп айтқан: ауыр жауапкершіліктерді арқалайтын киелі шаңырақ болғандықтан, мұны халыққа жариялауы құпия қалмауы және арнайы куәлармен анықталуы қажет. «Ер кісілеріңнен екі куә жасаңдар. Егер екі ер болмаса, онда разы болатын куәлардан бір ер мен екі әйел жетеді». (Бақара сүресі, 282-аят)
Үйлену кезінде куәнің атқаратын қызметі – үйленуге қатысты ұсыныс пен мақұлдауды есту және түсіну. Яғни, неке қию рәсімінде куәгерлер үйленгелі отырған ер мен қыздың бір-біріне айтқан ұсынысы мен сол ұсынысты қабыл алуын естуі қажет. Ол үшін екі куәгер де сол ұсыныс пен қабылдауды бір жерде бірге естулері қажет. Неке қию рәсіміне әрқайсысы бөлек-бөлек келіп, жеке дара еститін болса куәліктері жарамсыз болады. Сонымен қатар, неке қию рәсіміне куәгер болуы үшін ханафи мәзһабы бойынша келесі шарттар мен талаптар орындалуы қажет:
1) Куәнің ақыл есі түзу, балиғат жасына жеткен болуы. Ақыл есі жарым, жас бала куәлік жасай алмайды.
2) Куәлардың екі ер, яки бір еркек, екі әйел болуы қажет. Жалғыз куәмен неке жүзеге аспайды. Себебі хадисте «Бір заңды өкілі (уәли) және екі әділ куәсіз неке болмайды»деп айтылған. (Әбу Дәуд)
3) Куәлар азат болуы тиіс.
4) Мұсылман болуы қажет.
5) Ғұламалардың көпшіліктерінің көзқарастарына қарай неке қияр кезінде көру қабілетінің болуы шарт емес, ең бастысы есту және түсіну қабілетінің болуы шарт. Себебі, куәнің некедегі сөздерді түсінуі қажет. Өйткені, куәнің мақсаты осы. Болмаса куә мұны сөз салу, құда түсу деп ойлауы мүмкін.
Сонымен қатар, ханафи мәзһабы бойынша үйленетін адамның туыстары да неке қию рәсімінде куәгер бола алады. Ата-ана, ата-әже, ерлі-зайыптылардың балалары мен қыздары жоғарыда айтылған шарттар мен талаптарға сай болса куәгер бола алады.
Алау ӘДІЛБАЕВ, теология ғылымының докторы