Бүгін Түркістан облысы Білім басқармасы әдістемелік орталығының бастамасымен ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша өкілдігіне қарасты Шымкент медресе-колледжінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары педагогтарының қатысуымен, Қазақстан Республикасының Елордасы – Астана қаласының 20 жылдығына арналған «Мәңгілік елдің Елордасы» тақырыбында IV облыстық ғылыми – тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.
Түркістан облысы Білім басқармасының әдістемелік орталығының қызметкерлері, ТжКБ мекемелерінің әдіскерлері, оқытушылары, педагог-психологтар қатысқан конференцияның мақсаты техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары педагогтарының ғылыми ойларын дамыту және қолдау көрсету, түрлі салалар іс-әрекетінде пікір алмасу, шығармашылық бастамалары мен ғылыми-әдістемелік қызметін насихаттау.
Конференцияны Түркістан облысы Білім басқармасының әдістемелік орталығының ТжКБ бөлім басшысы Н.Әбдешова ашып берді. Медресе-колледждің директоры Әсембай Талғат сөз сөйлеп, баяндама жасады. Сондай-ақ №16 колледж оқытушысы М.Ахметов, Ғ.Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық-техникалық колледжінің педагог-психологы К.Абилкасымова, Түркістан Жоғары аграрлық колледжінің оқытушысы Н.Усербаева және Түркістан жоғары медицина колледжінің оқытушысы Б.Серікқызы сынды ұстаздар баяндама жасады.
Конференция барысында заманауи мазмұнды әлеуметтік маңызды зерттеулер ұсынған Шымкент медресе-колледжінің оқытушысы Абдурахманов Руслан 1-ші орын иеленіп І дәрежелі дипломмен марапатталды.
Ал, конференцияны жоғары дәрежеде ұйымдастырғаны үшін Шымкент медресе-колледжінің директоры Әсембай Талғат Түркістан облысы Білім басқармасының әдістемелік орталығының басшылығының алғыс хатымен марапатталды.