Жуырда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың бастамасымен «Ислам және отбасы» жылы аясында «Тәлімгер пайғамбар тағылымы» атты жаңа кітап жарық көрді.

Кеше Алматыда өткен ҚМДБ төралқа мәжілісінде Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлының қатысуымен жаңа кітаптың тұсауы кесілді.

Тәлімі мен тағылымы мол туындыда екі дүниенің сардары, ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мүбәрак тұлғасы, ұстаздық қасиеті, үлгі-өнегесі, тәрбие беруде қолданған әдіс-тәсілдері баяндалған. Барша оқырман қауымға арналған еңбектің ұстаз бен шәкіртке, жалпы жұртымызға берер тағылымы мол.

«Бұл кітап пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі өмірі мен тәлімдік тұлғасына еліктейтін барша оқырманға, жамағатқа пайдалы болады деген сенімдемін. Аталған еңбек Алла Елшісінің туған айы – қасиетті мәуліт айында жарық көрді. Осы туындыны шығаруға, аударуға үлес қосқан барша азаматтарға алғыс айтамын», – деп атап өтті тұсаукесер рәсімінде Бас мүфти Серікбай қажы Ораз.

Айта кетейік, бұл жобаның жетекшісі – ҚМДБ-ның Алматы қаласы бойынша өкіл имамы Еркінбек Керімбекұлы Шохаев, жалпы редакциясын басқарған белгілі ғалым, ұстаз Бауыржан Әлиұлы.

Кітап авторы – шейх Абдул-Фаттах Әбу Ғудда әл-Ханафи. Қазақ тіліне аударған – Ержан Оразов.

Сонымен қатар, салтанатты шарада мүфтияттан шыққан «Қайырымды жан жәннатқа жақын» кітабының да тұсауы кесілді.

256

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38