Парыз намаздармен бірге қоса оқылатын сүннет намаздар, тарауих және айт намаздары дұрыс болу үшiн белгіленген уақыттың болуы — негізгі шарт. Парыз намаздарға таң, бесiн, екiнтi, ақшам және құптан намаздары жатады. Жұма намазы сапарда немесе науқас болмаған ер кісілер үшін жұма күні бесін намазының уақытында оның орнына жүретін парыз намазға жатады. Осы парыз намаздар уақыты кірмей тұрып өтелуі дұрыс болмайды. Егер бұл намаздар өз уақытында өтелсе, оны әдә етілген намаз деп атайды. Ал, егер уақытында өтелмей кейінге қалса қаза болып саналады. Бiр намазды себепсіз өз уақытында өтемей қаза ету Алла Тағаланың алдында үлкен жауапкершiлiктi қажет етедi. Сондықтан әр намазды өз уақытында өтеу міндетті. Қандай да бір себептермен уақытында оқылмай қалған парыз намаздары уақыты өтіп кетсе де қазасы өтеледі. Бірақ жұма, айт намаздарының немесе сүннет намаздардың уақыты өтiп кетсе олар қаза етiп өтелмейді.

Жалпы айтқанда әрбір намаз оқушы адам Құран мен Сүннетте белгіленген «намаз уақыттарын» жетік меңгеруі қажет.

1. Таң намазының уақыты

Екiншi таң атқаннан бастап күн шыққанға дейiнгi уақыт — таң намазының уақыты болып саналады. Екiншi таң — таңға қарай шығыс көкжиегінің бозаруы. Бұл уақыттың кіруі құптан намазының уақыты аяқталғанын, ал таң намазының уақытының кіргендігін аңғартады. Ораза ұстайтындарға осы құлшылықтың уақыты басталады. Сол себептi мұны «фәжрус-садық» шынайы шапақ деп атайды. Мұның алдында бiрiншi таң бар. Бұл — шығыс көкжиектiң ортасында жоғарыға көтерілген, екі жағы қараңғы әрі бейне бір ұзын бiр жолдай жарық. Бұл жарық аз уақыттан соң жоғалып кетедi де, артынша қараңғылық басады. Осыдан кейiн екiншi таң атады. Бұл бiрiншi таңды таңның шынымен атқанын көрсетпегендіктен және алдамшы жарық болғандықтан «фәжрул-кәәзиб» — жалған таң деп атайды. Бұл таң түннің жалғасы болып табылады. Сондықтан бұл уақытта құптан намазының уақыты шықпайды да, таң намазының уақыты кiрмейдi. Ораза ұстайтындар осы уақытта тамақ ішіп-жесе болады. Бұған дәлел ретінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с):

«Таң екi түрлi. Бiреуi жеп-iшудi харам ететiн, намаз оқуды халал ететiн таң. Екiншiсі — таң намазын оқуға болмайтын, бiрақ iшiп-жеу халал болған фәжр—кәзиб (жалған таң).[1] Таң намазының уақыты екiншi таң атқаннан бастап күн шыққанға дейiн»,[2]-деген хадисі келтіріледі.

Күн шыққаннан бесiн уақытына дейiнгi уақыт парыз намаздары оқылмайтын бос уақыт болып табылады.

Таң намазының айнала жарықтанғаннан кейiн оқылғаны мұстахаб. Таң намазының екiншi таң атып, түн қараңғылығы ашылғаннан кейiн, бұлтсыз, ашық, тұмансыз ауада атылған оқтың түскен жерiн атқан адам көретiндей уақытқа дейiн кешiктiру мұстахаб амалына жатады. Бiрақ намаз бен күннiң шығуы арасында «намаз бұзылған жағдайда оны қайта оқитындай уақыттың» болуын қадағалаған жөн. Құрбан айттың алғашқы күнi ғана Муздалифадағы қажылар сол күнi таң намазын екiншi таң ағара салып, айнала қараңғы тұрғанда оқығаны абзалырақ. Біздің Ханафи мазһабынан басқа үш мазһаб имамдарының пiкiрiнше, таң намазын осылай ерте оқу қай кезде болса да абзал болып саналады.

2. Бесiн намазының уақыты

Бесiн намазының уақыты күн тал түстен батысқа қарай ауа бастағанда басталып, әр нәрсенiң көлеңкесi өз бойынан бір есе ұзаруына дейін жалғасады. Кез келген заттың күн тал түсте тұрғандағы жерге түскен көлеңкесi саналмайды. Бұл бесiн уақыты «алғашқы аср» (екінті) деп аталады. Бұл — Әбу Юсуф, Имам Мұхаммед, Шафиғи, Мәлик және Ахмад бин Ханбалдың көзқарасы. Әбу Ханифа бойынша, бесiннiң уақыты әр нәрсенің көлеңкесi екi есе ұзарғанға дейiн жалғасады. Осы кезде бесiн намазының уақыты шығып, екiнтi уақыты кiредi. Мұны екiншi аср деп атайды. Кез-келген заттың көлеңкесiнiң есесiн есептегенде зауал (күн тал түсте тұрған) уақытындағы осы заттың көлеңкесiнiң ұзындығы ұзарған көлеңкеге қосылады.

Фиқһ ғалымдарының көпшiлiгiнiң дәлелi Жәбірейл (ә.с) Пайғамбарымызға (с.ғ.с) намаздың уақытын үйреткен кезде, екiншi күнi әр заттың көлеңкесi бір есе ұзарған шақта бесiн намазын оқытқан.[3] Әбу Ханифаның келтіретін дәлелi Пайғамбарымыздың (с.ғ.с):

«Бесiн намазын күн салқындаған кезде оқыңдар. Өйткенi бесiн уақытындағы ыстықтың деңгейі тозақтың ыстығын еске түсiредi»,[4]-деген хадисі. Арабстан өлкесiнде ыстықтың ең қатты уақыты — әрбір заттың келеңкесi бiр есе болған кез. Сондықтан бесiн намазын жаз мезгілінде күн салқындаған кезде оқу мұстахаб амалына жатады.[5]

Бесiн намазы уақытының басталуына байланысты барлық мужтәһидтердің сүйенетiн дәлелi мына аят:

 «Күн батысқа ауғаннан бастап түн қараңғылығы-на дейiн намаз оқы (бесін, екінті, ақшам және құптан). Әрі таң намазын оқы…».[6]

Бесiн намазының соңғы уақыты туралы екі түрлі көзқарастан құтылу үшiн бесiн намазын әр заттың көлеңкесi өз көлеңкесiнен бiр есе ұзарғанға дейiн кешiктiрiлмеуi тиiс. Ал, екiнтi намазы әр нәрсенiң көлеңкесi зауал (күн тал түсте тұрған) уақытындағы өз көлеңкесінен екi есе ұзармайынша оқылмағаны жөн. Басқаша айтқанда бесiндi алғашқы асрдан бұрын оқу керек, ал екiнтi намазын екiншi аср уақыты кірмей тұрып оқымаған абзал.

Жұма күні бесін намазының орына оқылатын жұма намазының уақыты да тура бесiн намазының уақыты сияқты.

3. Екiнтi намазының уақыты

Екiнтi намазының уақыты — бесiн намазының уақыты шыққаннан бастап күн батқанға дейiнгі аралық. Жоғарыда айтылған әр түрлi көзқарас бойынша екiнтi намазының уақыты мужтәһидтердiң басым көпшiлiгінің көзқарасы бойынша әр нәрсенiң көлеңкесi бiр есе, ал біздің Әбу Ханифаның пiкiрiнше екi есе болған кезден басталады. Екінті намазының соңғы уақыты күн батқанға дейiн жалғасады. Мұны мужтәһидтердің барлығы бiр ауыздан мақұлдайды. Өйткені Пайғамбарымыздың (с.ғ.с):

«Күн батпай тұрып екiнтi намазынан бiр рәкәғатқа үлгерген адам екiнтi намазына үлгерген болады»,[7]– деген хадисі бар.

Мужтәһидтердiң басым көпшiлiгінің пiкiрiнше, екiнтi намазын күн сарғайғанға дейiн кешiктiру мәкруһ  болып есептеледі. Себебі Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Бұл уақытта оқылатын намаз мунәфиқтардың намазы. Мунафиқ адам отырып күндi (батуын) күтедi. Күн шайтанның екi мүйiзiнiң арасына кiрген (батуға таяған) кезде тезiрек екiнтi намазын төрт рәкәғат оқып, Алланы өте аз еске алады»,[8]– деген. Алла Тағала Құран Кәрімде:

 «Намаздарға, сондай-ақ орта намазға сақтық жасаңдар. Әрі Аллаға бой ұсынған түрде тұрыңдар», [9]-деп бұйырады. Ислам ғалымдарының басым көпшiлiгінің пiкiрiнше Құранда айтылған «уәс-саләтул-уста» (орта намаз) — екiнтi намазы. Бұған Айша анамыздан (р.әнһа) риуаят етілген мына хадис дәлел ретінде келтіріледі.

«Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с) жоғарыдағы аятты оқып: «орта намазы деген екiнтi намазы»-дедi.[10] Екiнтi намазы «орта намаз» деп күндiзгi және түнгi екi намаздың ортасында болуы себепті аталған.

4. Ақшам намазының уақыты

Ақшам намазының уақыты күннiң толық батуынан басталып, шапақ жойылғанға дейiн жалғасады. Біздің Әбу Ханифа мазһабы бойынша шапақ — ақшам уақытында батыс көкжиектегi қызарғаннан кейiн пайда болатын бозамақ, ақ жарық. Әбу Юсуф, Имам Мухаммедтің көзқарасы, Ханафилерден басқа үш мазһаб және Әбу Ханифадан риуаят етілген басқа бiр риуаят бойынша шапақ деген көкжиектегi қызамақ. Бұл қызыл шапақ жоғалғанда ақшам намазының уақыты шығады. Дәлелi — Ибн Омардың «Шапақ — көкжиектегi қызарған»,[11]-деген сөзi. Ханафилерде пәтуаға негiзделген көзқарас — Әбу Юсуф пен Имам Мухаммедтiң көзқарасы.

5. Құптан намазының уақыты

Құптан намазының уақыты — қызыл шапақ жоғалғаннан бастап екiншi таң атқанға дейiнгі уақыт. Екiншi таң атқан кезде құптанның уақыты шығады. Бұған Ибн Омардан (р.ә) риуаят етiлген мына хадис дәлел болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Шапақ — қызамақ. Шапақ жоғалғанда намаз оқу парыз болады»,[12]– деген. Бұған тағы бiр дәлел Әбу Қатәда риуаятында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Ұйықтап қалған кісіге кiнә жоқ. Кiнә тек келесі намаздың уақыты кiргенге дейін намазды оқымаған кісіде»,[13]деген хадисі. Бұл хадисті таң намазынан басқа әрбiр намаз уақытының екiншi намаздың уақыты кiргенге дейiн жалғасатындығына дәлел етеді.

Құптан намазын түннiң үштен бiр бөлiгiне дейiн кешiктiріп оқу мұстахаб амалына жатады. Ал, түн ортасына дейiн кешiктiріп оқу — мубах. Бірақ ешбір үзiр, себепсіз екiншi таңға дейiн кешiктiру — мәкруһ  болып саналады. Өйткенi бұл кезде намаздың уақыты шығып кету қаупi бар. Кісі намазын оқып үлгермеуі мүмкін.

Үтiр намазының уақыты құптан намазынан кейiн басталып, оның соңғы уақыты екiншi таң атуға аз уақыт қалғанға дейiн жалғасады.

Үтiр намазын құптан намазының артынша оқымай түнде оянатындығына сенiмдi адам түннiң аяғына дейiн кешiктiрiп оқуы абзал. Бірақ түнде тұрып оқитындығына сенiмсiз болса, онда ұйқтамай тұрып үтір намазын өтеуінің ешбір оқасы жоқ.

Рамазан айында ғана оқылатын тарауих намазының уақыты таңдаулы көзқарас бойынша құптан намазынан кейiн басталып, таң намазының уақытына дейiн жалғасады. Негізі тарауих намазы үш бас үтiр намазынан бұрын оқылады. Егер кімде-кім құптан намазынан кейін үтір намазын өтеп қойып кейін тарауих намазын оқыса ештеңе етпейді. Бiрақ құптан намазы оқылмай тұрып тарауих намазы оқылса, онда алдымен құптан намазын өтеп, сосын тарауих намазын қайта оқуына тура келеді.

Айт намаздарының уақыты күн толық шығып, арқан бойы көтеріліп, мәкруһ  уақыттың аяқталуынан бастап күннiң ең жоғары көтерiлгенiне дейiн жалғасады. Ораза айт намазы қандай да бір үзiр-себептермен алғашқы күнi түске дейiн оқылмай қалса, екiншi күнi түске дейiн оқуға болады. Бірақ үшiншi күнi қандай бір үзір болса да, болмаса да оқылмайды. Ал, құрбан айт намазы қандай да бір үзiр-себептермен бiрiншi күнi оқылмаса, құрбан айттың екiншi күнi, ал егер екiншi күнi де оқылмаса үшiншi күнi түске дейiн оқуға болады. Бірақ бұл намаздарды ешбір үзiрсiз осылайша екiншi немесе үшiншi күнге қалдыру теріс іске жатады. Айт намаздары түс ауған соң немесе зауал (күн қақ төбеде тұрған) уақытынан кейiн ешбір жағдайда оқылмайды. Егер бір кісі айт күні намазға кешігіп, мешіттегі жамағат айт намазын өтеп қойған болса, онда кешіккен кісі айт намазын қаза етіп оқымайды. Өйткені айт намаздарын қаза етіп оқу дұрыс болмайды.[14]

[1] Ән-Санани, Сүнбүлүс-Салам, 2 басылым I, 115.

[2] Әл-Бухари, Мәуәқит, 27; Әбу Даут, әс-Салат кітабы, 2; Ибн Мажа, әс-Салат кітабы, 2; Нәсай, Мәуақит, 15; Ахмад ибн Ханбал, II, 210, 213, 223.

[3] Әбу Даут, әс-Салат кітабы, 2; Әт-Тирмизи, Мәуақит, 1; Нәсай, Мәуақит, 6, 10, 15; Ахмад ибн Ханбал, I, 383, II, 330; Мәлик, Муатта, әс-Салат кітабы, 9.

[4] Әл-Бухари, Мәуәқит, 9, 10, Азан, 18; Бәдул-Халқ, 10; Муслим, Мәсәжид, 180, 181, 184, 186; Әбу Даут, әс-Салат кітабы, 4.

[5] Әл-Мәусили, әл-Ихтияр, I, 38, 39, Әз-Зуһәйли, I, 508.

[6] Әл-Исра сүресі, 78-аят.

[7] Мәлик, Муатта, Вукут, 5; Әбу Даут, әс-Салат кітабы; Ибн Мәәжә, әс-Салат кітабы, 2; Ахмад ибн Ханбал, II, 236, 254, 260, 282.

[8] Мәлик, Муатта, Құран, 46.

[9] Әл- Бақара сүресі, 238-аят.

[10] Әбу Даут, әс-Салат кітабы, 5; Ахмад ибн Ханбал, V, 8;  Ибн Кәсир, Мухтасару-тәфсири Ибн Кәсир, Бәйрут, 1961, I, 218.

[11] Әс-Сәнәни, Сунбулус-Сәлам, I, 106.

[12] Әс-Сәнәни, Сунбулус-Сәлам, I, 114

[13] Муслим, Мәсжид, 311.

[14] Намаз уақыттары үшiн толығырақ Ибнул Хумам, Фәтһул-Қадир, I, 151-160; Ибн Абидин, Рәддул-Мухтар, I, 321-342; Әл-Майдани, әл-Лубаб, I, 59-62; Әш-Ширази, әл-Муһәззәб, I, 51-54; Ибн Қудама, әл-Муғни, I, 370-395; Әз-Зуһәйли, I, 506. қарауға болады.

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38