Мемлекет басшысы жұртшылық алдында сөйлеген сөзінде барша қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтап, бұл мейрамның бейбітшілік пен адал ниетке негізделген символдық мәнінің зор екенін және исламның мызғымас рухани құндылықтарын айқындайтынын, сондай-ақ мейірімділік пен ізгіліктің, жақсылықтың жаршысы болып саналатынын атап өтті.
Қазақстан Президенті Құрбан айттың мән-маңызы тек намаз оқумен және құрбандық шалумен шектелмейтінін айтты, сондай-ақ жағдайы жоқ отбасыларға, жетімдерге, қарттар мен барлық мұқтаж жандарға қайырымдылық танытып, көмек көрсетуге шақырды.
Мемлекет басшысы бүгінде Қазақстанда діндердің өркендеуі үшін және олардың конфессиялық ұстанымдарына қарамастан діни ғұрыптарының орындалуына барлық жағдай жасалып отырғанын айтты.
Қазақстан Президенті Құрбан айттың терең мән-мазмұны қонақжайлықты, достық пен бірлікті қастерлейтін халқымыздың рухани құндылықтарымен және мәдениетімен үндесетінін атап өтті.