2018 жылдың 21 тамызы – Құрбан айттың бірінші күні!

   Бақтыбай қажы Бейсенбаев,

 Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының

 Шымкент қаласы  бойынша өкіл имамы

  Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

      Құран Кәрімде «Кәу­сар» сүресінің 2-аятында: «Раббың үшiн намаз оқы және құрбан шал», – делінеді. Біле білсеңіздер, бұл аятта Алла Тағаланың пенделеріне деген бұйрығы баяндалған. Ханафи мәзһабының ғұламалары құр­бан айт намазынан соң, құрбандыққа мал шалуды осы аят пен және бірнеше хадистерге негізделіп құрбан шалудың үкімін – уәжіп деп белгілеген.

Имам Ахмад және әл-Хаким (р.а.) риуаят еткен хадис шәріпте Пайғамбарымыз саллаллаһу алайһи уәсәлләм: «Кімде-кім мүм­кіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біз­­дің намаз оқитын жерімізге жақын­да­­масын!» – деген қатаң ескертуі арқылы құр­бан шалудың уәжіптігін қуаттайды.

Басқа мәзһабтарда құрбандық шалу «сүннат мүаккада». Пайғамбарымыз саллаллаһу алайһи уәсәлләм: «Құрбан шалыңдар! Өйткені, ол Ибраһим баба­ла­рыңның сүннеті», – деуі құрбан ша­лу­дың уәжіптігіне қайшы емес. Неге десеңіз, хадисте айтылған «сүннет» – жол деген мағынаны білдіреді. Яғни, бізге уәжіп ретінде міндеттелген құрбан шалу – Ибраһим алайһис-сәләмнан жалғаса келген жолы деген мағынаны меңзейді.

Шариғат бойынша, құрбан айт күндерi нисап мөлшерiндегi яғни  85 гр. алтыны бар немесе осыған тең ақшасы бар бас бостандықтағы, ақыл-есi бүтiн, жол сапарда емес мұсылманға құрбандық шалуы уәжiп. Һәм бұл жердегi нисап (85 г.) мөлшерiнiң зекеттегiдей жыл толуы сияқты шарттары жоқ. Олай екен, айт күндері 85 г. алтынға тең ақшасы бар мұсылман құрбандық шалады.

Айша (р.а.) анамыздан жеткен хадис шәріпте:

«Алла Елшісі: «Адам баласы құрбан айт күні Алла Тағалаға (құрбан шалып) қан ағызудан да сү­йік­ті амал жасаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мү­йіз­дері, жүндері және тұяқтарымен келеді. (Шашыраған) Қан жерге түспей бұрын, Алла та­ғаланың құзырына же­те­ді. Сондықтан құрбандарыңды шын ықыласпен шалыңдар», – деп айтып еді», – делінген. Демек, құрбан айт күні құрбандық шалу пенденің Алла үшін ең сүйікті амалы.

Айт күнгі құрбандыққа шалынған жануар тектен-текке сойылмайды, құрбандыққа шалынған жануар оны Аллаға атап сойған пенденің пайдасына куәлік бермек үшін, «қаны ағызылған мал қиямет күні мү­йіз­дері, жүндері және тұяқтарымен келмек».

Құрбан шалған мұсылманның әжір-сауабы қиямет-қайымға дейін кешіктірілмейді. Өйткені, малдың тамағына пышақ тартқанда шашырап шыққан қан жерге түспестен бұрын оның сауабы дереу Алла Тағаланың құзырына жетіп, құрбан шалған мұсылман жанның Алла алдындағы мәртебесі артпақ.

Жоғарыдағы хадисте мұны былай баяндады: «(Шашыраған) Қан жерге түспестен бұрын, Алла та­ғаланың құзырына же­те­ді». Олай екен, «құрбандарыңды шын ықыласпен шалыңдар», – деп қан шығаруды шын ниетпен, бар ықыласпен, ақ пейілмен істеу қажеттігін айтады пайғамбарымыз Мұхаммед саллаллаһу әләйһи уәсәлләм.

Бұл хадистен мүмкіндігін тапқан мүминге құрбандыққа мал шалу өте сауабы мол іс екені айдан анық көрініп тұр.

Пайғамба­рымыз саллаллаһу алайһи уәсәлләм басқа хадистерінде Алла разылығы үшін шалынған құрбанның әрбір қылшығы үшін сауап бар екенін бы­лай деп сүйіншілеген: «Сахабалар Алла Елшісіне (с.ғ.с.):

– Уа, Алланың Елшісі, құрбандық деген не? – деп сұрақ қойды.

– Құрбандық – сендердің Ибраһим (а.с.) бабаларыңның сүннеті, – деді.

– Одан бізге қандай сауап бар?

– Әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар.

– Қойдың жүнінен ше?

– Қойдың жүнінің әрбір тал қылшы­­ғына да сауап жазылады», – дейді сонда пайғамбарымыз.

Сондай-ақ, Мұхаммед саллаллаһу алайһи уәсәлләм: «Менің үмбетімнің ішіндегі ең жақсылары құрбандық шалады, ал жамандары мұны орындамайды», – деген.

Құрбандық шалудың өз уақыты бар. Құрбандық айт намазы мен айт хұтбасы оқылып болғаннан кейін басталып, соңғы айт күнінің күні батқанша жалғасады. Айт күндерінің біріншісі де, екіншісі де, соңғы күні де құрбандық шалу үшін абзал уақыттар санатында. Құрбандықты ақшам намазына дейін сойған жақсы.

Жоғарыдағы құрбан шалудың уәжіп екеніне сілтеме жасайтын «Кәусар» сүресінде: «Раббың үшiн (айт) намаз оқы және құрбан шал», – деп бұйырылды. Сондықтан да, құрбандық шалмақ болған мұсылман әуелі айт намазына мешітке келіп, жамағатпен айт намазын оқып, соңынан құрбандық малын шалады.

Сондай-ақ, Пайғамбар саллаллаһу аләйһи уа сәлләм құрбан айт күні хұтба оқып: «Бiрiншi орындайтынымыз мерекелiк намаз, содан соң құрбандық. Кiм осылай iстесе, бiздiң сүннетiмiзге ергенi. Ал, кiмде-кiм намаз оқудан бұрын құрбандығын шалса, ол ет отбасы қажетi үшiн ғана ұсынылыпты, құрбандықтан онда ешқандай үлес жоқ», – деген.

“Хаж” сүресінің 28-аятында: «Олар өздеріне тиісті пайдаларын көрсін, сондай-ақ, өздеріне ризық ре­тінде берілген малдарынан белгілеген (құрбан айт) күн­дерде Алланың атын атап, құрбандық шал­сын. Өздерің де жеңдер, жоқ-жі­тік­­ пақырларға да беріңдер», – делінген. Аят құрбандыққа ша­лы­на­тын малдың Алладан берілген несібе екен­дігін ұқтыруда. Айт күндері құрбан шалу – қасиетті ғибадат. Жалпы «құрбандық» сөзі арабша сөз болып, қазақ тіліндегі мағынасы «жақын», «жақындау» дегенді білдіреді. Мағынасы айтып тұрғандай, құрбандық шалу Алла тағалаға жақындай түсу яғни, қасиетті құлшылық.

Ғибадат ниетімен сойылған құрбандыққа ша­лынған мал етін кедей-кепшіктерге тарату мен қатар құрбан шалған адамның өзі де жейді. Сон­дықтан Әбу Ханифаның айтуынша, жеуге де, таратуға да болады, алайда бұл уәжіп емес.

Құрбандыққа шалынған малдың етін үшке бөліп, бір бөлігін  шикілей тарату мұстахаб. Ең дұрыс тәсілдердің бірі:

-Бір бөлігін мұқтаж жандарға (терісімен қоса) тарату.

-Бір бөлігін өзіне қалдыру.

-Бір бөлігін пісіріп жақын, туған-туыстарға жегізу.

 

ҚҰРБАНДЫҚ ШАЛУҒА ЖАРАЙТЫН МАЛДЫҢ ШАРТТАРЫ:

Бірінші, Құрбандыққа шалынатын түйе бес жаста, сиыр (бұқа) екі жаста, қой мен ешкі бір жаста болуы керек. Дегенмен, Әбу Ханифа мәзһабы бойынша, дене бітімі бір жастағы қойға тең келетін алты айлық тоқтыны құрбандыққа шалуға рұқсат етіледі. Бұл рұқсатты Әбу Ханифа (р.а.) ауадан алған жоқ. Рұқсатты ол ижтихат ету арқылы айтқанын хадиспен  дәлелдейді.

Жабирден (р.а.) риуаят етілген хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мұсиннадан» (яғни, түйенің бес жасарынан, қара малдың екі жастағысынан, қой мен ешкінің бір жасқа толғанынан) басқаны құрбандыққа соймаңдар. Тек қиындық туып қалғанда ғана қойдың «жазағасын» сойсаңдар болады», дейді», – делінген (Мүслим). Хадистегі «жазаға» бір жасқа толмаған, алты айдан асқан қой немесе ешкі. Демек, мүмкіндігі бар адам кемі бір жасар қой немесе ешкі құрбандыққа шалу керек. Ал, шамасы жетпесе, кембағалдау болса, қолы қысқалық етіп тұрса, ақшасы бір жасар қой не ешкіге жетпей қалса, алты айдан асқаны да жеткілікті.

Екінші, Құрбандыққа шалынатын малдың барлық ағзалары сау болуы керек. Демек, көз бен құлақ бүтін, арық және ақсақ болмауы қажет. Ал, құлағының, мүйізінің аздаған бөлігі кесілген немесе кішкене ақсайтын болса, шариғат құрбандыққа шалуға рұқсат етеді. Алла разылығы үшін риясыз көңілмен сойылған құрбандық мал ақыретте қылдай жіңішке, қылыштай өткір қылкөпірден өтерде иесіне көп көмектеспек. Пай­ғам­ба­ры­мыз саллаллаһу аләйһи уа сәлләм бұл жайында былай дейді: «Құрбандыққа малдың ең жақ­сысын, көзге жұғымдысын таңдаңдар, өйт­кені ол – қылкөпірден өтердегі өз көліктерің».

Хадис шәріпте: «Пайғамбарымыз саллаллаһу алайһи уәсәлләм: «Төртеуі құрбандыққа жарамайды: көз қылилығы анық, кеселдігі анық, шолақтығы анық, тентек жануар», деді», – делінген. Құрбандыққа шалуға жарамайтын төртеудің әуелгісі, «көз қылилығы анық» жануар. Яғни, көзі көреді бірақ, қыли көз, дұрыс көрмейді. Көзі көрмейтіні білінбесе, құрбандыққа оқасы жоқ деген пәтуа бар. Түзу көрмейтінді құрбан шалуға болмаса, соқырын мүлдем шалмау керек. Сосын, «кеселдігі анық» жануар да жарамсыз. Яғни, ауруы білініп тұрса, құрбандыққа жарамайды. Ауруы себепті орнынан тұра алмай қалған жануарды мүлдем құрбандыққа арнап соймау керек. «Шолақтығы анық» жүрісінен шолақтығы білініп тұрған мал құрбандыққа жарамсыз. Ал, білінер-білінбес болса, құрбандыққа жарайды. Аяғы кесілген болса, мүлдем жарамсыз. «Хуләса» кітабында: «Ақсақ айуан үш аяғымен жүрсе, жарамсыз. Егер төрт аяғы да жерге тиіп жүрсе, жарайды», – делініпті. Соңғысы, «тентек жануар». Миында кемшілігі бар мал да құрбандыққа жарамсыз. Олай екен, құрбан шалу үшін жануарды таңдайтын кезде осы кемшіліктер болмауына ерекше көңіл бөлу шарт.

Әли (р.а.) риуаят еткен хадисте:  «Алла елшісі саллаллаһу алайһи уәсәлләм (құрбандыққа шалынатын жануардың ) көзі мен құлағына жақсылап көңіл бөлумен қатар көзі қылиды, мұқабаләны, мұдәбәрәні, харқані және шарқаны құрбандыққа шалмауға бұйырды. Мен: «Мұқабалә не?» – деп сұрадым. «Құлағының бір жағы кесілген», – деді. «Мұдәбәрә не?» – дедім. «Құлағының ұшы кесілген», – деді. «Шарқа» не?» – дедім. «Құлағы қақ жарылған», – деді. «Харқа не?» – деген сұрағыма, «құлағы белгі үшін жыртылған», – деп жауап берді», – делінген (Ахмад). Бұл хадисте, негізі құлаққа қатысты кемшіліктерге назар аударылған. Ғалымдар, егер құрбандыққа шалынатын жануар осы хадистің талабы бойынша орындалса, мақсатқа сай толық құрбандық болады. Амалсыздан, аталмыш кемшіліктері бар жануарды құрбандыққа шалса, құрбандықтың орнына өтеді. Бірақ, толық сауабы қамтылған құрбандық болмайды.

Пайғамбарымыз саллаллаһу әләйһи уәсәлләм құлағы кесілген және мүйізі сынғанды құрбандыққа шалудан қайтарғандығын хадисте айтып кеткендігі Әбу Дауд және Тирмизи риуаятында келеді.

Бұл хадис төңірегінде ғалымдар «құлағының және мүйізінің көп бөлігі болмаса» деген түсіндірмені айтқан. Ал, фақиһтар бұл хадисте «кәміл құрбандық турасында әңгіме қозғалған, сондықтан құлағы кесілген және мүйізі сынған жануар да құрбандыққа жарамды, жеткілікті. Бірақ, сауабы кәміл болмайды» дегенге тоқталған.

Мұндай тақырыптағы хадистерден екі хикметті аңғарамыз: Біріншісі хикметі,  мұсылмандардың Аллаға қатысты құлшылық жасауда өте әдептілігін. Құрбандық Алла Тағалаға атап сойылғаны үшін, оның сау-саламат, ешбір кемшілігі болмауына көңіл бөлу – Алла тағалаға қатысты әдептілік. Шындығында, Алла Тағала біздің шал­ған құрбандарымыздың ағызылған қанына немесе етіне мұқтаж емес. Біздің шалған құр­бандарымыздың етін немесе қанын Алла Та­ғала құзырына көтермейді. Бірақ біздің Алла әміріне құлдық ұрып орындауымыз, ықылас-ниетіміз, тақуалығымыз көтеріліп, ризашылығына себеп болары сөзсіз. Құрбандыққа шалынатын жануардың кемшілігі жоғын іздеп табу нағыз тақуалықтың өзі.

Екінші хикметі, кембағал, жоқ-жітіктің көңілін аулау, көтеру. Оларға жарамсыз болып қалған немесе кемшілігі бар жануардың етін емес, ең абзал жануардың етін сыйға тарту қайырлы іс. Одан жабырқаулы жанның көңілі бір көтерілмек. Өздерін құрметті сезініп, мұрат-мақсаттары асылданады.

Жабир (р.а.) риуаятында: «Пайғамбарымыз құрбандық күні екі қошқар сойды, екуі де ала, кестірілген, мүйізді. Екеуін қаратты да: «Әлбетте, мен Ибраһимнің ханиф діні бойынша, жүзімді көктер мен жерді жаратқанға бұрдым. Мен мүшриктерден емеспін. Әлбетте, менің намазым, ғибадаттарым, өмір мен өлімім әлемдердің раббы Аллаға арналады. Оның серігі жоқ. Мен соған бұйырылғанмын. Һәм мен ең әуелгі мұсылмандарданмын. О, Алла! Бұл сенен  әрі Саған Мұхаммедтен және оның үмметінен. Бисмилләһи уаллаһу Әкбар», деді де сойды», – делінген.  Бұл хадистегі жаңалық, кестірілген (біштірілген) қойдың құрбандыққа жарайтындығы. Сосын құрбан шалмақ кезде оқылатын дұға. Осы дұғаны үйреніп, жаттап алу, сойып жатқанда айту құрбандықтың сауабын арттырады.

Құрбандық шалу тек мал бауыз­дау­мен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, та­қуалығы, басқаларға жанашырлығы та­разыға түседі. Сондай-ақ пенденің пен­дешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады.

Қасиетті Құран кітабында құрбандық ғибадатына байланысты:

«Әрине, Аллаға жететіні олардың (жасаған құрбандықтарының) еттері де, қандары да емес, сендердің тақуалықтарың (ізгі амалдарың, ниеттерің)», – дейді. Демек, Алла тағала біздің тағамдарымызды емес, тақуалығымызды, ниетімізді қабыл етеді. Алла тағаланың мейір-шапағатына игі істерімізбен қол жеткіземіз. Құрбандық шалудың қасиеті оның тағлымы мен тәрбиесінде, өнегесінде. Өйткені, малдың жанын шығарғаннан оның етіне қарық болу деген әңгіме кеп шықпайды екен. Мәселе көкірегі ояу, көзі ашық адам бола білуде. Алланың жолында ең керекті нәрсені қия білуде. Сондықтан құрбандық жасауға бұйырудан мақсат мұсылманның Алла әмiрiне бойұсынуын, ықылас-ниетiн, тақуалығын және Алла үшін, тілі, діні үшін, елі мен жері үшін ең қымбат нәрсесін қия білуін байқау, сынау.  Сондықтан айт күндері рухани және материалдық мұқтаж жандарға қол ұшын созу, жақын-жұрағаттарды, туған-туыстарды қуанту, ата-ана мен бала-шағаға ерекше көңіл бөлу, жетімдер мен зағиптарға қамқорлық көрсету, тым болмаса жақсы, көркем сөз сөйлеу әрбір мұсылманның міндеті.

Алла тағала барша игі істерімізге мол сауап жазсын!

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38