Korkem minez

 

Мінез – әлеуметтік топтағы жеке адамның өмір қалпын бейнелейді және сол арқылы жүктелген іске, адамдарға өзіндік қарым-қатынасынан нақты көзге көрініп отыратын өзіндік ерекше бір құбылыс. Күнбе-күнгі тіршілікте адам, әдетте, менмен не көпшіл, қайырымды не сараң, биязы не дөрекі, батыл не жігерсіз солқылдақ, т.б. болып сипатталады. Бұл сөздер арқылы адамның бір нәрсеге не мінез-құлық амалына қатыстылығы нақты көрініс табады.
Қазақ халқының он екі ғасырға жуық уақыттан бергі тарихы, өткен жолы Ислам дінімен сабақтас десек артық айтқандық емес. «Қайда болсаңдар да Алла Тағаладан қорқыңдар! Жамандық жасасаңдар, артынша дереу оны жуып-шаятын жақсылық жасаңдар. Елмен қарым-қатынаста көркем мінезді болыңдар!», – дейді Пайғамбарымыз (с.ғ.с.).  Шын мәнінде, қазақтың мінез-құлқының, әдет-ғұрыптарының сұрыпталып-қалыптасуында Ислам дінінің қосқан үлесі зор. Себебі, ардақты Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) Алла тағала «Қалам» сүресінің 4-аятында: «Шын мәнінде сен әлбетте ұлы мінезге иесің», – деп сипаттаған.
Ислам – әдептілік және жақсы мінездің діні. Көркем мінезділіктің маңыздылығы жайында ғұламалар: «Ислам үш нәрседен құралады. Ол: иман, шариғат және көркем мінез», – деген. Шындығында да жүрегіне иман ұялаған әрбір пенденің өз мінез-құлқының көркем болуына аса мән берері сөзсіз. Көп жағдайда туа біткен табиғи мінезіміз бен ортаға қарай қалыптасқан құлқымыз көркемдікке ұмтылысымызды бұғаттап, бетіне қалқып шыға беретіні тағы бар. Сондықтан да көркем мінезге қол жеткізу үшін нәпсіні тәрбиелеп, жүректің қара емес, ақ реңктерін көбейтіп, иманды кемелдендіруіміз қажет. Айша анамыз (р.а.): «Алла елшісінің (с.а.с.): «Расында, мүмін бойындағы көркем мінезі арқылы, күндіз ораза ұстап, түнде намаз оқитын адамның дәрежесіне жетеді», – деп айтқанын естідім», – деген.
«Дене дерті өзіңді, мінез дерті басқаны қинайды» деп ұғынған дәстүрлі қазақ қоғамында адамның имандылығына – мінез-құлық жүйесіндегі ерекшеліктеріне көп көңіл бөлінген. Адамның жарық дүниеге келуі, өсуі, ер жетуі, тіршілік етуі, қартаюы, ата мен баланың қарым-қатынасы, үлкендік пен кішілік, сыйластық, әдептілік пен арлылық, инабаттылық тәрізді маңызды мәселелер имандылықтың маңызды құрамдас бөлігі ретінде ешқашан да назардан тыс қалмаған. Себебі, әрбір қазақ перзенті жаңа отырғызылған шыбық секілді, оның діңгегі қатайып, жапырағы жайқалып өсуіне тәрбиенің берер ықпалы зор болмақ, ал, қазақ халқында тәрбиенің басты қағидаты ретінде мінездің жақсылығы алдыңғы орында болмақ. Өйткені бүгінгі жас елдің ертеңі, болашағы.
«Ұл тәрбиелей отырып, халықты тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлт тәрбиелейміз», – дейді Мұхтар Әуезов. Әбу Нәсір бабамыз «Мінез – жанның айнасы» десе, алаштың ардақтысы Әлихан Бөкейханов: «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деп ой түйген.
Демек, жастардың үлкендерге құрмет көрсетуі, үлкендердің кішілерге ізет білдіруі біздерде әлдеқашан өмір сүру салтына айналған. Қоғамда берік қалыптасқан осындай көргенділікпен өмір кешу дағдылары жинала келіп, барша адамгершілік қағидалардың, имандылықтың жазылмаған кодекстерінің қалыптасуына негіз болған. «Оқыс сөз, одыраң мінез – үлгісі жоқ ұлдың, кер кеткен кыздың белгісі», – дейді заңғар жазушы Ғабит Мүсірепов.
Ұлтымыздың жақсы мінез-құлқын қалыптастырудағы игілігі Исламның шарттарымен сабақтасып жатқанын қалай жоққа шығарамыз… Нақты дәлел ретінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Жақсы мінездерді толықтыру үшін, жақсы мінездерді дүниеге жаю үшін жіберілдім», – деп бұйырғандығын айтып кетсек болады. «Адамдармен жақсы мәміле ету- ақылдың жартысы. Сұрақты дұрыс сұрау – ғылымның жартысы», – деген екен Ариф Ривагари.
Адамзаттың асылы болған пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Қолыңнан келгенше адамдарға өз мінез-құлқыңның ең жақсы жақтарын көрсет», – деп өсиет етеді. Ухуд шайқасында ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) алдыңғы тісі сынып, жүзі қанға боялады. Екі дүние сұлтанының бұл халі сахабалардың жанына қатты батты. Сахабалар: мүшриктерге дұға (қарғыс) жасаңызшы, деп жалбарынды. Сонда әз пайғамбар (с.ғ.с.): «Мен қарғыс айтушы етіп жіберілген жоқпын. Мен (жақсылыққа) шақырушы және мейірім етіп жіберілгенмін. Аллаһым! Менің елімді тура жолға сал, расында олар не істеп жатқанын өздері білмейді», деп меккеліктерге қайырлы дұға жасады. Бұл кемелдік жолын іздеген әрбір адам үшін нақты бағыт іспетті. Ешкімді тілімен де, ісімен де ренжітпей, таспен атқанды аспен ата білу – көркем мінез бен парасаттылықтың белгісі. «Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты. Мінез бен ақыл жарасса – адамгершілік ұтады» депті ғұлама ғалым Әбу Нәсір әл-Фараби
Жақсымен жақсы қарым-қатынаста болу оңай. Ал мінезі мазасыз кісінің тілін табу, онымен үздіксіз қарым-қатынас жасау кез келгеннің қолынан келе бермейтіні белгілі. «Жақсылыққа жақсылық – әр кісінің ісі. Жамандыққа жақсылық – ер кісінің ісі», – деп халқымыз текке айтпаса керек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір кісінің «Дін деген не?» сұрағына үш рет «Дін – көркем мінез» деп жауап қатқан.
Мінездің көркемдігі адамды рухани тазартады және мәртебесін асқақтатады, Алланың, сосын адамдардың алдында мәртебеңді көтереді. Бұл жайлы Алла елшісі (с.ғ.с.): «Шынында, сендердің ең жақсыларың – көркем мінезділерің» деген. Демек, әрбір мұсылман ең алдымен көркем мінезге ие болудың жолында ізденуі қажет. Мінезінің нашарлығы өзіне ғана емес, қоршаған орта мен қоғамның да берекесін кетірері анық. «Мінез-құлық міні – рухани кеселге жатады» деген Әбу Нәсір әл-Фараби
Жалпы, адамзат баласының басын біріктіретін ортақ құндылықтардың ең бірегейлерінің бірі – жақсы мінез-құлық. Алла тағала Құранда көркем мінезді пенделері туралы былай дейді: «Олар кеңшілікте, таршылықта Алла жолында сарып қылғандар. Олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла тағала жақсылық істеушілерді сүйеді. Ал олар қашан арсыздық істесе не өздеріне зұлымдық қылса, Алланы естеріне алып, күнәларының жарылқануын тілейді. Күнәларды Алладан басқа кім жарылқайды. Олар істеген істеріне біле тұра қасарыспайды» (Әли-Имран, 134-135).
Қазақ халқының біртуар билерінен қалған ұлағатты нақылдарының да Исламмен тікелей жалғасып жатқанын білеміз. Әйтеке бидің:
Ашу деген – ағын су
Алдын ашсаң арқырар.
Ақыл деген – дария
Алдын тоссаң тоқырар.
Кісі бірге туыспау керек.
Туысқан соң сөз қуыспау керек.
Сөз қуған пәлеге жолығады,
Жол қуған олжаға жолығады, – деуі тұтас ұлттың бірлігі мен берекесі кешірім мен бірлікте екенін көрсетсе, Бөлтірік шешеннің:
Үлкен алдында иіліп сөйле,
Кіші алдында сызылып сөйле.
Иіліп сөйлегеннен белің бүгілмейді,
Сызылып сөйлегеннен сөзің үзілмейді,– дегені ұлттық мінездің керемет көрінісі. Қазақтың тағы бір данасы Қазыбек би:
Өркенім өссін десең, кекшіл болма, кесепаты тиер еліңе.
Елім өссін десең, өршіл болма, өскеніңді өшіресің.
Басына іс түскен пақырға қастық қылма, қайғысы көшер
басыңа.
Бүгін сағы сынды деп, жақыныңды басынба!, – деп ұлттық мінездің ғасырға созылған тұтас мектебін қалыптастырған.
Қазақ халқының ғасырға созылған ұлттық болмысында жұмсақ мінездің кешірім мен бірліктің, құрмет пен сыйластықтың үлгісі болғанына дәлел көптеп кездеседі.
Ағайынды Торайғыр мен Шоң әкесі өлгеннен кейін араздасып, кергісіз болыпты. Сонда Түсіп дегеннің шақыруымен Байдалы қарт татуластыруға келеді. Байдалы Шоңның ағасы Торайғырға былай дейді:
Торайғыр мен Шоңбысың мақтап жүрген,
Бар білгенің осы ма сақтап жүрген?
Араздасып екеуің аулақ кетсең,
Құзғын қарға жемей ме жақтап жүрген!
Сонда Торайғыр «айтқаныңды қабыл алдым» дейді. Байдалы «әуелі аға бауырдан болады, іні тастан болады, ініңнің барда аяғына жығыл» дейді. Торайғыр «мақұл» дейді. Бірақ Байдалы аз ойланып: «Жұртқа бұл жаман үлгі болар»,— деп, інісі Шоңға былай дейді.
— Қарағай бойы қар жауса,
Жұтамайды сауысқан.
Қанды қалпақ кисе де,
Шыдамайды туысқан.
Оңғандықтың белгісі
Өзі ұрысып, табысқан.
Оңбағанның белгісі
Өткен істі қуысқан. Сонда інісі Шоң ағасы Торайғырдың ел тұрмай ертемен үйіне келіп, түндігін ашып, шәугімін асып жатқанда, Торайғыр төсектен басын көтеріп алып, ет жүрегі езіліп, інісі Шоңға:
— Жақсы кісі ақылымен тәуір болады,
Мінезі қорғасындай ауыр болады,
Құлағы өсекті естімейтін сауыр болады,
Кедейдің жалғыз керіндей
Құйрығы шолақ, арқасы жауыр болады. Осы мінездің сенде біреуі де жоқ, біреудің тілі тиіп қалса, қолы тиіп, сүйегімізге таңба болып қала ма деп өтірік араз болып жүр едім», – деген екен. Бұл оқиға бабаларымыздан қалған даналықтың үлгісі, Исламда аса мән беретін кешірім мен бауырмалдықтың жеке адамдар үшін ғана емес бүкіл қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін білдіретін сабақ. «Кешірімділік — анадан, кішіпейілділік — данадан», – деген қазақ халқы асыл қасиеттерді үйретуді Ислам дінінің құндылықтарымен байланыстырған. Бір күні Пайғамбарымызға с.а.с. Жәбірейл ﴾а.с.﴿ келіп: «Ей, Мұхаммед! Мен саған бұл дүниелік және ақыреттік болатын көркем мінездер әкелдім», – деп мына аятты оқыды: (Мұхаммед) кешірім жолын ұста және оларға туралықты әмір ет. Сондай-ақ надандардан бет бұр Пайғамбарымыз с.а.с. одан бұл аяттың мағынасын сұрағанда Жәбірейл ﴾а.с.﴿: «Расында Алла Тағала саған, сенімен арасын үзген адаммен қарым-қатынасыңды жақсартуды, саған бермеген адамға беруді, саған зұлымдық жасаған адамды кешіруді, саған дұшпандық қылғанға сабыр етуді бұйырды», – деген екен. Жаратушы Хақ Тағала күллі игі дүниелерді асыл дініміздің негізі етіп бекітті. Соның бірі әрі бірегейі – көркем мінез Алла Елшісі с.а.с. «Кімнің мінез-құлқы көркем болса, соның иманы кемел» (Тирмизи), -дейді.
Жақсы мінезге ұмтылу адамның қолындағы шаруа. Егер біз Ислам ұсынған көркем мінез үлгілерін бойымызға сіңіріп, иманымыздың кәмілдігін іспен көрсете білсек және оны өмірлік дәстүрге айналдыра алсақ жақсылыққа жолығарымыз анық. «Қиямет күні амалдар таразысында ең ауыр салмақ тартатын көркем мінезден артық ештеме болмайды. Асылында, көркем мінез иелері ораза ұстайтындар мен құлшылық ететіндердің дәрежесіне қол жеткізеді» деген Пайғамбарымыз с.а.с. Данышпан Абай: «Ғылым мен ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты бар. Сол мінез бұзылмасын!»,-деген екен.
Ғабдулла инб Жабир (Алла оған разы болсын) жеткізуі бойынша Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) Жебірейіл (а.с.) Алла Тағаланың былай дегенін хабарлапты: «Шын мәнінде, бұл Ислам діні Мен разы болған дін. Оған жомарттық және көркем мінез жарасады. Ислам дінін жомарттық және көркем мінез арқылы қуаттаңдар!» Бұл хадистің астарында көркем мінезділік Исламның айнасы екенін түсенеміз. Егер де, өзімізді нағыз мұсылман деп санайтын болсақ, ең алдымен, көркем мінезділікке ұмтылғанымыз абзал.

Қазыбек Сарыбаев,
Шымкент қаласы, Абай ауданы орталық
«Абдурахман» мешітінің бас имам

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38