Барлық жаратылысты және бізді мейірімімен, кереметімен жаратып, Өзінің жолында, хақ дінінде болуды бізге нәсіп еткен Алла Тағалаға сансыз мақтаулар болсын! Және де екі дүниенің сәруары Пайғамбарымыз Мұхамммед Мұстафаға (с.а.с.) және оның әулетіне, сахабаларына Алла Тағаланың салауаты мен сәлемі болсын!
Біздердің әрбір игі істеріміз оңынан басталуы тиіс. Баршамыз солай болуын қалаймыз. Ол үшін біздерге не қажет? Ол үшін ең алдымен Алланың біздерге дұрыс жол көрсеткен кітаптарын дұрыс тани білуіміз керек.
Жүрегінде иманы бар әрбір мұсылман баласы Алла Тағаланың құдіретін кіршіксіз мойындайды. Құдірет Иесі біздің Жаратушымыз, құлдарын бір-біріне себеп етіп, әр істі толыққанды түрде үйретеді, бағыттайды, бағдар береді. Мысалы: адам баласы қалай құлшылық етуі керек? Қалай өмір сүруі керек? Қалай бір іс-әрекетті оңынан бастау керек? т.б. деген сияқты.
Алла Тағала құлына ненің қайырлы, ненің қайырсыз екенін жақсы біледі. Өйткені, Алла Тағала қасиетті Құран кітабының «Тағобун» сүресінің 11 аятында былай дейді: «Алла барлық нәрсені толық білуші»! Ал адам баласына ненің қайырлы, ненің қайырсыз екені белгісіз… Бірақ та иман келтірген адам, Алла Тағаланың Құран кітабының «Тағобун» сүресінің 13 аятында баяндалған «Мүминдер Аллаға тәуекел етсін», – деген аятын алға қойып, әрбір істің оңынан басталуынан үміт етеді. Мұсылман болған ата-бабамыз бастайын деген жұмысының сәтті болуы үшін Алла Тағалаға дұға жасап, ісің оңынан келсін», «жұмысың оңтайлы болсын» деген сияқты мағыналы сөздерін айта жүрген. Ия, шынында да жақсы ниет, жарым ырыс болуы қажет.
Алла Тағаланың біздің дұғамызды қабыл етуімен біз арман –қалауларымызға жетіп жатамыз. Ретімен істеріміз оңынан келіп жатады. Ал, сонымен қатар, Алла Тағала даналығымен құлдарын сынаушы екендігі тағы бар. Сынақ демекші, маңдайымызға бір жақсылық келсе біз дереу, ол жақсылықтың Алладан екенін тани білуіміз керек. Егер де, маңдайымызға бір жақсылықтан кейін, дереу бір қайғы келсе, «Бақара» сүресінің 152 аятында баяндалған «Маған шүкіршілік етіңдер» деген әмірін сабырмен орындауға тиіспіз. Сол бір бастаған ісіміздің оңынан болмай қалуын жат біреуден емес, керісінше «Хаж» сүресінің 10 аятында баяндалған «Бұл өз қолыңмен істеген қылмысыңның себебінен» деген аятын қателігімізді мойындау таразысына салып, мойындауымыз қажет.
Адам баласының Алла Тағала тарапынан берілген нығметтерге қанағат етуі үлкен бір қасиет. Алла Тағала шүкіршіл құлдарын жақсы көреді. Және де талап етеді. Оған дәлел ретінде «Бақара» сүресінің 152 аятында былай баяндалады: «Маған шүкіршілік етіңдер».
Алла Тағаланың шүкіршіл құлы болуымыз үшін құлшылықпен тырысуымыз керек. Шүкіршілік етудің шынайы озық үлгісін Пайғамбарымыз Мұхаммедтің(с.а.с) ғұмырынан іздесек абзал. Айша (р.а) анамыз былай деген екен: «Алла Елшісі(с.а.с) аяқтары талғанша намаз оқитын. Бір күні: «Уа Алланың елшісі! Сенің өткен және келер күналарың кешірілген еді ғой» дегенімде, Пайғамбарымыз(с.а.с) «Мен шүкіршілік етуші құл болмаймын ба?» деген жауап қайтарды. Алланың елшісі бола тұра осындай дәрежеде шүкіршілік етсе, онда біздің жағдайымыз қандай болмақ керек?!
Алла Тағала шүкіршіл құлдарының ризығын арттырып қояды. Себебі қасиетті Құран кітабының «Иброһим» сүресінің 7 аятында былай делінеді: «Раббыларың мынадай жарлық шығарды: егер берген нығметіме, жақсылығыма шүкіршілік етсеңдер, оны арттыра беремін». Иман келтірген мұсылман адам баласы, Алланың берген нығметтеріне шүкірлі болуы арқасында көптеген игіліктерге қол жеткізе алады.
Ия, біз әрбір іс-әрекетіміздің оңынан бастауын алып,қайырлы түрде жалғасын табуын қаласақ оның қайырлы болуында Аллаға тәуекел ету және Оның бергеніне шүкіршілік ету арқылы болатындығын ұғынуға тиіспіз.
Алла Тағала біздердің әрбірімізге әрбір ісіміздің оңынан болуын нәсіп етсін, әмин!