sharapati mol Kadir tuni

sharapati mol Kadir tuni

Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (c.ғ.с.) рамазан туралы:

شَهْرُ رمضان شهرٌ مُبارَكٌ إِفْتَرَضَ اللهُ عَلَيْكُمْ صِيامَهُ. تُفْتَحُ فيهِ أَبْوابُ الجَنَّةِ وَ تُغْلَقُ فيهِ أَبْوابُ الجَحِيمِ تُغِلُّ فيهِ الشَياطِين. فيهِ لَيْلَةٌ خَيْرٌ مِنْ أَلْفِ شَهْرٍ»

“Рамазан Мүбәрак ай. Ол айда Алла тағала сендерге ораза ұстауды парыз етiп, жәннат есiктерiн айқара ашып, тозақ есiктерiн тарс жауып, жын-шайтандарды кiсендеп қойды. Ол айда мың айдан қайырлы түн бар” (Имам Насаий),-деген.
Қасиетті Рамазан берекелі ай. Бұл кезде Алла тағала мұсылман үмметін көптеген құт-береке нығметтерге бөлейді. Ал Жаратушы Алланың берген нығметтерінің санына жету мүмкін де емес. Олардың кейбіріне адамзат ақылы жетпейді де! Соның бірі – «лайлатүл Қадір» түні. Ол Алла тарапынан Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар үмметіне сыйланған құтты түндерінің бірі.
Қасиетті Құранда бұл түнгі ақиқатты айқындай түсетін «Қадір» деп аталған сүре де бар.Ол сүреде:

«إِنّا أَنْزَلْناهُ في لَيْلَةِ الْقَدْرِ*1* وَما أَدْراكَ ما لَيْلَةُ الْقَدْرِ*2* لَيْلَةُ الْقَدْرِ خَيْرٌ مِنْ أَلْفِ شَهْرٍ*3* تَنَزَّلُ الْمَلاءِكَةُ وَ الرُّوحُ فِيها بِإِذْنِ رَبِّهِمْ مِنْ كُلِّ أَمْرٍ*4* سَلامٌ هِيَ حَتَّى مَطْلَعِ الْفَجْرِ*5*

Онда: «Анығында, Біз (Құранды) Қадір түні түсірдік»(1-аят). «Қадір түні не екенін білесің бе?»(2-аят). «Қадір түні – (игіліктегі) мың айдан артық»(3-аят). «Сол түнде, Алланың әмірімен барлық істі реттеу үшін (аспаннан) періштелер және Жәбірейіл түседі» (4-аят), «Бұл түнде таң атқанша (Алла тағаланың) «сәлемі» жалғасады»(5-аят), – делінген.
Енді осы аяттарға жеке-жеке тоқталып, тәпсірлей кетейік. Тәпсірлеу арқылы бұлардан біз Қадір түнінің қандай қасиеттері бар деген сұраққа жауап аламыз. Сонымен сүренің бірінші аятында: «Анығында, Біз (Құранды) Қадір түні түсірдік», – делінеді. Демек, қасиетті Құран Кәрім – қадірлі, әр сәті қымбат, қасиетті түнде түсірілген. Сондай-ақ, «Духан» сүресінің 3-4-5 аяттарында «Құранды Біз анығында, құт-берекелі түнде түсірдік». «Сол түнде хикметті істің барлығы («Лаухүл Махфуздан» «Кәтәбә» періштелеріне) бөлінеді». Ал, «Мұның (бөлінетін істер) барлығы – Біздің құзырымыздан бір бұйрық (тағдыр)…» – делінген. Демек, қасиетті Құран көктен жер бетіне түскен түн қадірлі һәм құт-берекелі түн яғни, мүбәрак түн деп те аталады.
Ал бұл мүбәрак түн – мүбәрак Рамазан айы түндерінің бірі екендігінде шәк жоқ. Өйткені, қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 185-аятында: «Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсіріле бастаған ай», – делінген.
Қасиетті Құранның алғашқы аяттары Жәбірейіл (ғ.с.) періште арқылы Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) жеткен түн де лайлатүл Қадір түні.
Қадірлі, құт-береке дарыған түнде хазіреті Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) пайғамбарлық жүктеліп, ақиқатты жалғаннан, жақсыны жаманнан, сауапты күнәдан ажыратушы қасиетті Құранның алғашқы аяттары түсіріле бастаған түн-ді. Сол сәт Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) меккедегі Нұр тауының Хира үңгірінде Аллаға ғибадат жасап отырған еді.
Міне, осындай, яғни аспаннан қасиетті Құранның алғашқы аяттары түсіріле бастаған үлкен оқиғалы түн – қадірлі түн болмай, қай түн қадірлі болсын?! Бұл түн – адамзат баласына Алланың рахметі жауған түн. Бұл түн – Алла тағаланың адамзатқа бақыт шамын жаққан түн. Бұл түн – адамзатқа надандықтың қараңғылығынан иман нұрына шығуға мүмкіндік берілген түн. Бұл түн – адамзатты қателікке бастайтын теріс жолдардан тыйып, Алланың тура және нұрлы жолына жүру мүмкіндігін берген түн. Бұл түн пенделердің күнә-кемшіліктері ғафу етілетін, дұға-тілектері қабыл болатын түн. Сондықтан бұл түн – ұлық түн, бұл түн түндердің сұлтаны.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Айлардың сұлтаны Рамазан, күндердiң сұлтаны жұма, түндердiң сұлтаны Қадiр түнi”,-дейді.
Демек, қасиетті Құран үмметке мүбәрак айдың мүбәрак түнінде, яғни «лайлатүл Қадір» түнінде түсірілді. Расында да бұл түн дүние тарихындағы ең қасиетті де ең қымбат түн.
Мұны Алла тағала жоғарыдағы сүренің екінші аятындағы: «Қадір түні не екенін білесің бе?», яғни, (Қадір түнінің қасиетін ұқтың ба?) деген мағынадағы сөз. Бұл дегені Қадір түнінің қасиетін ақылмен түсіну қиын екенін ұқтырады. Мұны Алла тағала сүренің жалғасында: «Қадір түні – (қасиеті және сауабы жағынан) мың айдан артық» (3-аят), – дейді. Сонда «лайлатүл Қадір» уақыт жағынан бір түн болғанмен, маңыздылығы жағынан мың айдан жақсы, әрі абзал, делініп тұр. Ал мың айда 83 жыл 4 ай бар. Демек, бұл Қадір түніндегі ғибадат-құлшылығымыз 84 жыл ғибадаты сауабына ие. 84 жыл бір адамның ғұмыры. Қадір түніндегі бір түндік тағат, ғибадат, бір адамның өмір бойы жасаған құлшылығына тең. Демек, бұл түн өзiнiң мың айлық артықшылығымен жыл бойындағы барлық түндерден ерекше. Демек, Қадір түні айрықша ғибадатқа лайықты түн.
Қасиетті Құранның мүбәрак аятында осы түннің келесі бір қадір-қасиеті туралы: «Сол түнде, Алланың әмірімен барлық істі реттеу үшін (аспаннан) періштелер және Рух түседі» (4-аят), – делінді. Демек, бұл түн тек пенделер үшін ғана емес, періштелер үшін де маңызды түн.
Хадис шәріпте: «Қадір түні жерге түсетін періштелердің саны жер бетіндегі майда тастардан да көп болады» (Абу Дауд), – делінген. Тағы бір хадисте: «Ол түнгі көп түскен періштелерге жердің беті тарлық етеді», – делінеді. Әрбір мұсылман үшін Аллаға, оның пайғамбарларына, оларға жіберілген кітаптарға, қиямет күніне, өлгеннен кейін қайта тірілуге қалай иман келтіру парыз болса, періштелерге де солай сену парыз.
Ғалымдардың басым көпшілігі аяттағы «Рух түседі» деген сөздегі Рухтан мұрат Жәбірейіл періште деп ұқтырады. Кааб әл-Әхбар (р.а.): «Қадір түні аспаннан түскен періштелердің санын ешкім де білмейді. Ол тек Аллаға ғана аян. Жәбірейіл (ғ.с.) сол қаптаған періштелердің ортасында болады. Жәбірейілдің (ғ.с.) назарына ілікпеген мұсылман қалмайды. Денеңіз бір нәрсені сезіп, жүрегіңіз езіліп, көзіңізден жас ақса, маңайыңызда Жәбірейіл (ғ.с.) тұр деп сезініп, дұға-тілегіңізді көп айтыңыз», – деген.
Жәбірейіл (ғ.с.) періштелерді үмбетті аралауға жібергенде олар жұрттың тұрғанын, отырғанын бақылап, зікір-пікірлерін тыңдап, намаз оқығандардың сәлеміне жауап береді, олармен сәлемдеседі, таң намазына дейін дұға жасағандардың қасында «әмин» деп тұрады. Ол осы түннің қадірін біліп, бұл түнді ұйқысыз ғибадаттармен өткізген миллиондаған мұсылмандардың шын ықыластарын, ниеттерін байқап, тілек-дұғаларының қабыл болуына септіктерін тигізіп, қиямет қайымда Қадір түніндегі жасаған ғибадаттарымызға, құлшылықтарымызға куә болады.
Сөйтіп: «Бұл түнде таң атқанша (Алла тағаланың) «сәлемі» жалғасады», – делінеді «Қадір» сүресінің 5-аятында. Аяттағы «сәлемі» деген сөзден тыныштық-амандық түсініледі. Сонда, лайлатүл Қадір тыныштық пен амандық түні саналып, ол осындай қағидатты уағыздайтын түн деген мағына келіп шығады.
Сонымен бірге, Қадір түні – сәлем түні, тыныштық түні, амандық түні. Бұл түнде түскен қасиетті Құранды адамдар оқып, зерделесе, әрбір адамның жүрегі, әрбір отбасы, әрбір қоғам, әрбір мемлекет, жалпы адамзат тыныштыққа қол жеткізетіні рас. Сондықтан лайлатүл Қадір қанша мерекеленсе де, қастерленсе де көптік етпейді.
Біздің бұл түнді атап өтуіміз шариғат шеңберінде, хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз айтқан, өсиет еткеніндей болады.
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадис шәріпте:

«مَنْ قامَ ليلةَ الْقدرِ إِيماناً وَ احْتِسَباً غُفِرَ لَهُ ما تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِهِ»

«Кiм Қадiр түнiн шын иман және ықыласпен ұйқысыз өткiзсе, оның бұрын-соңды iстеген күнәлары кешiрiледi» делінген.
Хадистің мағынасын таратып айтып көрелік. Хадистегі «ұйқысыз өткізсе» деген сөз «қама» деген сөзден тәржімаланды. «Қама» «қиям» деген сөз, «қиям» «тік тұру» мағынасын береді. Бұл сөз аударма мағынасында «ұйқысыз өткізу» деп қолданылады. Лайлатул Қадір түнін мұсылмандар ұйқысыз қалай өткізеді? Біріншіден, бұл түнді «қиям» етіп ояу өткізуді қалаған адам сол күннің құптан мен таң намаздарын жамағатпен оқулары қажет. Өйткені, «кім құптан намазын жамағатпен оқыса, түннің жартысын ұйқысыз өткізгенмен тең» делінген. Басқа бір хадисте «кім таң намазын жамағатпен оқыса, түннің жартысын ұйқысыз өткізген болады» делінген. Қала берді, түн ішінде нәпіл намаз оқып, Құранды оқып немесе ден қойып тыңдап, зікір айтып, дұға жасап шығу керек. Міне, сонда түнді ұйқысыз өткізген болады және хадистегідей лайлатул Қадір түнін ықыласпен өткізгендерге берілген уәде – өткен күнәларының кешірілуіне қол жеткізеді.
Риуаяттардың бiрінде: “Сол Қадiр түнi адам баласының келесi жылғы Қадiр түнiне дейiнгi тағдыры белгiленедi” дейді. Тағдыр деген не?
Дана қазақ маңдайға жазылғанды тағдыр деп біледі. Маңдайға не жазылады? Әркімнің маңдайына өмір жасы, дүниелік тыныс, тіршілігі жазылады. Демек, қадір түні тағдырымыз анықталады. Яғни, келесі Рамазан айына дейінгі жылдық ризық-несiбелерiміз, дүниелік тіршіліктеріміз және осы жыл iшiнде туылатындарымыз бен қайтыс болатындарымыз бекітіледі. Келесі Рамазанға аман есен жетуді, тыныс-тіршілігі оңынан келуді кім қаламайды?! Әрине, баршамыз өмір жасымыздың ұзақ болуын, еліміз тыныш, бала-шағаларымыз аман болуын, тіршіліктің табысты болуын қалаймыз. Олай болса, Қадір түні тағдырымызды жазып, маңдайға біткен жаратқан Алладан қол жайып дұға оқитын, тілек тілейтін түн. Салман (р.а) дан риуаят етілген хадисте: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Тағдырды тек қана дұға (қайтарады) өзгертеді. Өмірді тек қана жақсы, ізгі амалдарың ұзақ қылады» дейді.
Сондықтан бұл тағдыр түнінде, Қадір түнінде тағдырымыздың қадірлі болуын, қайырлы болуын тілейік. Ұзақ өмір сүргіміз келсе, қайырымдылықты көп жасайық. Бiз аталмыш ұлық, берекелi түндi иман түнiне, сауап iстер түнiне айналдыруға тиіспіз. Бұл түндi Алла тағала, Исламға деген иманымыздың әрi қарай да мықты бола беруі үшін ғибратты уағыздармен, ғибадаттармен өткiземiз. Бiз бұл қасиеттi түннiң әр сәтiн ғанибет деп бiлiп, көп сауапты амал жасаймыз. Алладан осы ниетiмiздi, осы түнде амалға асыруды, баршамыздың тағдырымыздың жоғарғы дәрежеде шешiлуiн тiлеймiз. Ал, қасиеттi түндi ұйқысыз өткiзу – намаз оқумен, дұға жасаумен, тәубе етумен, истиғфар айтумен және Құранды қырағаттаумен орындалады.
Рамазан айлардың сұлтаны. Он екі айдың ішіндегі ең абзал, ең қадірлі ай. Мұсылман адам осы айда ораза ұстаумен қатар қасиетті Құранға көбірек көңіл бөледі. Рамазан айында Құранды басынан аяғына дейін оқып, хатым жасайды. Тарауих намазын оқиды. Хатым Құран батасына қатысады. Тарауих намазы қасиетті Рамазан айының ең маңызды, ең үлкен ғибадаты. Пайғамбарымыз: “кім Рамазан айында тарауих намазын иманмен, ықыласпен оқыса, оның өткен күнәлары кешіріледі” деген.
Ислам әлеміндегі дерлік барлық мешіттерде, еліміздегі қалалық, ауылдық мешіттерде рамазан айының кештерінде тарауих намазы оқылып жүр. Тарауих намазында қасиетті Құранды толық жаттаған қариға ұйыған жамағат тік тұрып, қаридың қырағатпен оқыған аяттарына құлақ салып, зер қойып тыңдап жүр.
Алла сауаптардан жазсын! Сол жамағатымыздың қатары арта берсін. Алла дін исламға қуат берсін. Алла баршамызды сауаптан құр алақан қалдырмасын.

ҚМДБ-ның Оңтүстік Қазақстан облысы
бойынша өкіл имамы Бақтыбай қажы Бейсенбаев.

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38