Мақтарал аудандық «Нұғман» мешітінің бас имамы Сыздықов Бекзаттың тапсырмасына орай, имамдар аудан көлемінде орналасқан супермаркеттер мен кіші маркет иелері мен сатушыларына Оңтүстік Қазақстан облысы өкіл имамы Бақтыбай қажы Бейсенбаев мырзаның Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындарына арнаған «Ораза үндеуін» түсіндіруде. Үндеуде: «Арақ – Алла Тағала харам еткен нәрсе. Оны пайдалану Алланың тыйымын бұзып, әміріне қарсы шыққанмен тең. Арақ ішу үлкен күнә. Арақ адамның ниетін бұзып қана қоймайды, жүрегін қарайтып, көңілін бұзады, оны адамдық келбетінен айырады.
Бұл үндеу халқымыз Алла Тағаланың ашуы мен қаһарын тудыратын жаман істерден аулақ болып, Жаратушы иеміздің разылығына бөлене берсе екен деген ізгі мақсаттан туындап отыр»- делінген. Расымен де он екі айдың сұлтанында арақ- шарапты тоқтатсақ, Рамазан айының қадір- қасиеті арта түспек. Ауыл тұрғындары үндеуді оқып шығып, өздерінің шынайы ықылас- ниеттерін білдіріп, қолдау көрсетуде. Тіпті, кейбір ауылдарда арақ- шарапты өзге уақыттарда да сатуды мүлдем тоқтатқандығы анықталды.
Алла Тағала баршамыздың дұғаларымызды қабыл еткей!
Мақтарал аудандық «Нұғман» мешітінің баспасөз қызметі