Қасиетті Рамазан айын мұсылман халқы жылда өзгеше көтерінкі көңілмен қарсы алады. Рамазан айы мейірімділікке, жанашырлыққа, сабырлыққа шақыратын берекелі болған бір ай. Ағайын-бауыр, туған-туыс пен қарым қатынас, жетім-жесір, жоқ-жітікке қол ұшын беріп демеу, малы нысапқа (шариғат белгілеген мөлшер) жеткен кісілер, Исламның бес тіреуінің бірі болған зекет амалын орындауы бұл ұлық айда нұр үстіне нұр болады.
Рамазан ұлық Раббымыздың біздерге берген ең ұлық нығметтерінің бірі. Өйткені бұл айда біздің екі дүниеміздің жақсылығы болған Қасиетті Құран түскен. Рамазан айы Құран айы да болып саналады. Бұл айдың фазилат, жақсылығының молдығы үшін Құран осы айда Лауһул-Маһфуздан бірінші аспан дүниесі Байтул-иззаға назыл етілді.
Әзіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) Рамазан айы жақсылығы және мұсылманның бұл айдағы іс-әрекеті туралы былай дейді: «Кім де кім Рамазан айы басталуымен қуанатын болса, Алла Тағала оның денесін тозақ отына харам етеді» – деді, яғни тозақта күймейді. Рамазан айындағы қанша жақсылық бар екенін толығымен біле бермейді екенбіз, тек хадистер, риуаяттар арқылы белгілі мөлшерде ғана білеміз. Ал Рамазанның барша жақсылығын білген пенде осы айды қоштасқысы келмей қимайды екен. Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Егер үмбетім Рамазан айында қандай жақсылық бар екенін білгенінде, жылдың барша айлары Рамазан болуын армандар еді» Ондағы әрбір іс-әрекет, жасаған жақсылықтар басқа айдағы жақсылықтарға қарағанда бірнеше көп сауап жазылады. Алла тағала Құран Кәрімде айтады: «Әр кім бір сауапты амал орындаса, оған он есе артық сауап жазылады» (Анғам-160). Бірақ бұл айда одан артық сауаптар жазылады екен мысалы: Ережеп айында әрбір жақсы амал үшін 70 сауап, Шағбан айында әрбір жақсы амал үшін 700, Рамазан айындағы әрбір жақсы амал үшін 1000 сауап жазылады делінген. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) тағы бір хадисінде «Ей үмбеттерім міне үстімізге ұлық болған және мүбарәк ай, яғни Рамазан шариф келіп басымызға көлеңкі болып тұр. Бұл сондай ұлы ай, онда «Ләйләтул Қадір» түні бар. Бұл түн мың айдан да абзал бір берекелі түн. Бұл айдың оразасын Алла тағала мұсылмандарға парыз етті. Ал түнде құлшылық жасап, зікір, ғибадатпен болу нәпіл амалдардан етті. Әр кім бұл ұлық Рамазанда бір нәпіл немесе мүстаһаб амалды орындаса, ол басқа айларда бір парызды орындағандай сауапқа ие болады. Әр кім бұл айда бір парызды орындаса, басқа айларда 70 парыз амалды орындағандай сауапқа ие болады. Бұл ай сабыр айы. Сабырдың сыйлығы жәннәт.Бұл ай бір-бірінің жағдайынан хабар алатын ай. Бұл ай мұсылмандардың ырзық несібесі артық болатын берекелі бір ай.Ораза тұтушыларға ауызашар істеп берушілерге құл азат еткендей сауап және күнәлары кешіріледі. Бұл сондай ай, ол он күннен үшке бөлініп, бірінші он күндік рахмет, екінші он күндік кешірім, үшінші он күндік тозақтан азат етілетін шарапатты Рамазан айына жетіп келдік» деп Пайғамбарымыз хабар берген.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Жәннат төрт топтағы адамдарды ынтызар болып күтеді: Құран оқушыны, тілін жаман, балиғат сөздерден сақтаушы, аш-жалаңаш, жоқ-жітіктерге тамақ беруші және Рамазан айын құрметтеп ораза тұтқандарға» – деді. Демек тілді жаман, өсек және пайдасыз болған сөздерден, көңілді көреалмастық, іштарлық, араздықтан, көзін күнә болған істерге қараудан, құлақты дұрыс болмаған нәрселерді тыңдаудан және мүшелеріміз тіл, қолды біреуге зұлымдық, қыр көрсетуден сақтау қажет.
Сайрам ауданының бас имамы: Панов Исмайл