
Адам баласына берілген дүние-мүлік – Алланың аманаты. Пенде қолындағы нығметті тек өзінің қажетіне жұмсап қана қоймай, оның ішінде мұқтаждың, жетімнің, шәкірттің, мешіт пен қайырымды істің ақысы бар екенін ұмытпауы керек. Ислам дінінде мал-мүлікті Алла жолына жұмсаудың көптеген түрі бар. Соның бірі – уақып.
Уақып – белгілі бір мүлікті Алланың разылығы үшін қайырымдылыққа арнап, оның пайдасын адамдар игілігіне тұрақты түрде жұмсау. Уақыптың ерекшелігі – бір адамның жасаған қайыры оның дүниеден өткеннен кейін де жалғаса беруінде.
Пайғамбарымыз ﷺ:
«Адам баласы қайтыс болған кезде оның амалы үш нәрседен басқа тоқтайды: садақа жариядан, пайдасы тиетін ілімнен және өзіне дұға ететін ізгі перзенттен», – деген. (Муслим)
Уақып – осы «садақа жарияның» ең көрнекті түрлерінің бірі. Мысалы, мешіт салуға жер бөлу, құдық қаздыру, медресе немесе оқу орнын салуға мүлік арнау, Құран үйрететін орталықты қамтамасыз ету, мұқтаж жандарға тұрақты көмек көрсету сияқты игі істер уақыптың негізіне жатады.
«Алла жолындағы малдың ең абзалы»
Құранда Алла Тағала:
لَنْ تَنَالُوا الْبِرَّ حَتَّىٰ تُنْفِقُوا مِمَّا تُحِبُّونَ
«Өздерің жақсы көрген нәрселеріңнен жұмсамайынша, ізгілікке жете алмайсыңдар», – дейді.
(«Әли Имран» сүресі, 92-аят)
Бұл аят бізге садақа мен қайырымдылықтың қадірін көрсетеді. Адамға қажетсіз болып қалған дүниесін емес, өзі жақсы көретін, бағалы деп санайтын нәрсесін Алла разылығы үшін бере білуі – шынайы жомарттықтың белгісі.
Сондықтан уақыпқа арналған дүние де шын ықыласпен берілгенде оның сауабы мол болады. Өйткені мұнда адамның дүние-мүлкі бір сәттік көмекке ғана емес, ұзақ уақыт бойы ел игілігіне қызмет етуі мүмкін.
Уақып – ұрпаққа қалатын ізгі мұра
Бүгінде біз ата-бабаларымыздың мешіт, медресе, көпір, құдық секілді халыққа қызмет еткен нысандарын көріп жүрміз. Олардың артында қалған ең үлкен мұра – тек дүние емес,
адамдарға тигізген пайдасы.
Бір адамның уақып еткен жерінде мешіт тұрса, онда оқылған әрбір намаздан, үйретілген әрбір аяттан, айтылған әрбір жақсы сөзден сол уақып иесіне сауап жазылуына себеп болуы мүмкін.
Бір адам кітапханаға кітап уақып етсе, одан білім алған әрбір адамның игілігі оның сауабына себеп болады. Бір адам шәкірттердің оқуына жағдай жасаса, сол білімнің қоғамға тигізген пайдасы жалғаса береді.
Осы тұрғыдан алғанда, уақып – адамның дүниеден өткеннен кейін де жалғасатын игі істерінің бір жолы.
Уақып мәдениетін дамыту арқылы осы ізгі дәстүрді жаңа деңгейге көтеруге болады. Өйткені уақып – бір реттік көмекпен шектелмей, халыққа ұзақ уақыт пайда әкелетін жүйелі қайырымдылық.
Бүгін бір азамат өз мүмкіндігіне қарай жерін, ғимаратын, қаржысын немесе басқа да мүлкін уақып етсе, ертең сол мүлік талай адамның игілігіне жарауы мүмкін.
Малдың қадірі – оны қайда жұмсағаныңда
Дүние-мүліктің көп болуы адамның абзалдығын білдірмейді. Оның қадірі – қай жолға жұмсалғанында.
Алла Тағала:
وَمَا تُقَدِّمُوا لِأَنْفُسِكُمْ مِنْ خَيْرٍ تَجِدُوهُ عِنْدَ اللَّهِ
«Өздерің үшін қандай да бір жақсылықты алдын ала жіберсеңдер, оны Алланың алдында табасыңдар», – дейді.
(«Бақара» сүресі, 110-аят)
Ендеше, Алла берген малдан Алла жолына үлес шығару – дүниені азайту емес, ақыретке инвестиция жасау. Адамның бұл дүниеде қалдырған ең жақсы ізі – халыққа тиген пайдасы.
Сондықтан әрбір мұсылман өз мүмкіндігін саралап, «Менен кейін қандай қайыр жалғасады?» деген сұраққа жауап іздегені жөн.
Бәлкім, біреудің уақып еткен аз ғана дүниесі талай адамның өміріне пайдасын тигізер. Бәлкім, сол қайырлы істің сауабы оның өзіне ақыретте үлкен қуаныш болар.
Алла жолында жұмсалған дүние – жоғалған дүние емес. Ол – ақыретке сақталған дүние.
Уақып – дүние мен ақыретті байланыстыратын, адамнан кейін де сауабы жалғасатын ұлы қайырымдылық жолы. Сондықтан қолымыздағы нығметті қадірлеп, одан ел игілігіне, дініміз бен ұрпағымыздың болашағына үлес қосу – үлкен сауапты іс.
Алла Тағала халқымыздың берген садақасы мен уақыптарын қабыл етіп, ел игілігіне қызмет ететін қайырымды жандардың қатарын көбейтсін! Әмин.
Дайындаған: Ғабит Шахназар – Шымкент қаласы, Сейітжан қари мешітінің ұстазы
