Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы, Келес өңірі Қошқар ата ауыл əкімшілігіне қарасты Жаңақоныс елді мекеніндегі «Жаңбырбай ата» мешіті қайта жаңартылды. Мешіттің ашылу салтанатына ҚМДБ-ның діни істер жəне талдау бөлім меңгерушісі Нұрбек Есмағанбет, ОҚО өкіл имамы орынбасары Мұсабек Ақтамберді басқа да имам- молдалар, зиялы қауым өкілдері, халық қалаулылары, ауыл тұрғындары қатысты. Ескі мешіт кеңестік кезеңде клуб болып, еліміз егемендік алған соң халық мешіт етіп пайдаланып келген. Тозығы жеткен мешітті Жаңбырбай ата əулеті заман талабына сай етіп қайта күрделі жөндеуден өткізді. Жаңартылған мешіттің жалпы көлемі 16×13 болып, намаз оқу бөлмесі 140 кв/метр. Еден арқылы жылытылып, біркелкі кілем төселген. Мешіттің қабырғасының биіктігі 6 м, ортада үлкен төрт бұрышында төрт кіші мұнаралардың биіктігі 8 м. Заманауи үлгідегі дəретханасы бар.
Сарыағаш аудандық мешіттің баспасөз қызметі