Пайғамбарымыз (с.а.у) бір күні сахабаларына ораза ұстауды бұйырып, артынша былай қатаң ескерту жасады: — Мен рұқсат етпейінше кешке ешкім ауыз ашпасын! Елдің бәрі жаппай ауыз бекітіп, ораза ұстады.
Кеш түскенде жеке-жеке келіп, ауыз ашуға рұқсат алып жатты. Дәл осы тұста бір кісі жақындап келіп: — Уа, Алланың елшісі (с.а.у) !
Екі қызым да күні бойы ораза ұстаған еді. Ұялғандықтан өздері келіп сізден рұқсат сұрай алмады. Рұқсат етсеңіз, оразаларын аяқтап ауыздарын ашса жақсы болар еді,- деп өтініш білдірді. Алайда Пайғамбарымыз (с.а.у) оған рұқсат бермеді. Әлгі кісі тағы екі рет келіп рұқсат сұрады. Үшінші рет келгенде Пайғамбарымыз (с.а.у): — Өкінішке орай, олар бүгін ораза ұстаған жоқ. Күні бойы «кісі етін жеген» (әркімнің сыртынан өсек айтып, ғайбат сөйлеген) адам қайтіп ораза ұстасын?! Бар да оларға айт: егер ниет етіп ораза ұстағандары рас болса, дереу құсып асқазанындағының бәрін шығарсын, — деді. Әлгі кісі қыздарына Пайғамбарымыздың (с.а.у) айтқандарын айна қатесіз жеткізді. Олар пайғамбарымыздың бұйрығын дереу орындап, өздерін күштегенде кесек – кесек қан құсты. Әлгі кісі келіп бұл жайды Пайғамбарымыз (с.а.у) айтқанда, ол: — Құдіреті күшті Алла тағалаға ант етейін, егер олар әлгі ұйыған қанды құсып тастамай, асқазанда сол күйі қалып кеткенде. Тозақ отына отын болар еді,- деді. Иә, тек тамаққа ғана емес, тілге де , көзге де, аяққа да, қолға да ораза болса, сонда ғана ол нағыз ораза болмақ.
Ахмад Ұбайдан риуаят еткен, Ихя, 3/1, 319-320-б.