Қазақы танымда «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деп баланың ата-анасынан тәлім алатынын меңзесе де, ата-әженің тәрбиесі одан жоғары саналады. Өйткені ата мен әже – немеренің әке-шешесін өмірге әкеліп, өсірген, олардың жасынан әлдеқашан өткен тәжірибелі жандар.
Халқымыздың арғы-бергі тарихын қарасақ, Айғанымдай аяулы әженің өнегесімен өскен Шоқан Уәлихан, Зередей дана қарттың тәлімін көрген Абай Құнанбайұлындай алыптарды ойға алмауымыз әсте мүмкін емес. Жаңа ғасырда есімі жарқ еткен ұланның бірі кешегі марқұм Бейсен Құранбек те – әже мектебінен өткен тұлға. Демек, әже тек келінге жөн сілтеп, көмекші болып отыратын жан емес. Ол – болашақ нар тұлғалы азаматтардың бүгінгі ақылманы, немеренің ақылшысы, мейірбан қамқоршысы. Әрине, әрбір ана баласына мейірімді ғой. Бірақ әженің мейірімі оның даналығында.
Мұны неге айтып отыр дерсіз. Қазір елімізде ауылдан қалаға жаппай көшу жүріп жатыр. Қаладағы ұл-қыз өсіріп отырған көп шаңырақта ата-әжелері тірі болса да, жанында емес, ауылда, өздерінен жырақта. Жаулығында ақ көңілі, дариядай даналығы бар әже тәрбиесі қазіргі жеткіншектерге жетпей жатқан бір құндылығымыз. Сондықтан «Иман» журналының оқырмандарына Шымкент қаласы, Абай ауданының бас имамы, исламтанушы Мұхамеджан Естемірдің «Әжемнің насихаты» оқуға кеңес береміз.
Бұл кітапта әженің бала тәрбиесіндегі рөлі жан-жақты баяндалады. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, адал еңбек ету, білімге ұмтылу, отансүйгіштік, бауырмалдық, мейірімділік секілді асыл қасиеттер кеңінен қамтылған. Бұл еңбек жас буынды ата-баба мұрасын құрметтеуге, отбасы құндылықтарын қастерлеуге, адамгершілік пен имандылық жолында нық қадам басуға үндейді. Әсіресе адалдық жолын ұстану, аманатқа берік болу, жомарттық таныту, адал еңбек ету, сараңдықтан сақтану сынды адамгершілік құндылықтар ұрпақ тәрбиесі үшін маңызды болары сөзсіз. Кітап барша оқырман қауымға арналады.

ҚМДБ Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38