Бүгін ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Бағдарлық баяндамасы аясында Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Абдрахманов бастаған бірқатар имамдар, Түркістан облысы “№2 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы” мемлекеттік мекемесіне барып, қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастырды.

Игі шара аясында мекеме қамқорлығындағы қарттар мен азаматтарға арнайы дастархан жайылып, концерттік бағдарлама қойылды. Қарттарға қуаныш сыйлау мақсатында ұйымдастырылған шара қасиетті Құран аяттарын оқумен ашылды. Шаһар бас имамы Бақдәулет Нұрматұлы барша азаматтарды кешегі өткен ұлық Құрбан Айт мерекесімен құттықтап, жылы тілек-лебіздерін білдірді. Сонымен қатар алдағы уақытта осындай игі шаралар ұдайы жалғасып отыратынын айтып өтті. Мекеме кітапханасынан өкілдік тарапынан ашылған “Ізгі қоғам” рухани-имандылық кітапхана бұрышын “Мүфтият” баспасынан шығып жатқан жаңа кітаптар мен діни басқарманың газет-журналдарымен толығатыны да айтылды.

Өз кезегінде аталмыш мекеме директоры Перизат Шардарбекова Шымкент бас имамы Бақдәулет Нұрматұлына осындай қайырымды шараларды ұйымдастырып, тұрақты түрде қолдау білдіріп отқаны үшін арнайы алғыс хат табыстап, ризашылығын білдірді.

Думанды шарада дәстүрлі, көңілді әндер айтылып, қариялар би билеп, көңіл көтеріп, мәз-мейрам болды. Кеш соңында дін қызметкерлеріне алғыстарын айтып, ақ тілектерін арнады.

ҚМДБ Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38