Мәуліт – араб сөзі, қазақша «туған күн», деген мағынаны береді. Бірақ бұл атау Алла тағаланың ең сүйікті пендесі – Адамнан (ғ.с) бастау алып, Исаға (ғ.с.) дейінгі барлық пайғамбарлар мен елшілердің де оның үмметі болуды армандаған, бүкіл әлемге нұрын шашып, надандық қараңғылығынан ислами жарыққа шығарған пайғамбарлардың ұлысы – пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) дүниеге келген айына мереке етіп берілген. Сондықтан да әр жылы Раби-ул-әууал айында әз-Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мәулітін Алла тағалаға біздерді пайғамбарлардың соңғысы Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмметі етіп жаратқанына шүкіршілік қылып, сүйікті хабибіне салауаттар айтып, мерекені бір ай бойы атап өтеміз.
Мәуліт күні – жер мен көк нұр шашқан пайғамбарлардың сардары хазреті Мұхаммед-тің (с.ғ.с.) дүниеге келген күні – дүниені нұрға толтырған Құдай тағала мейірім-рахымын молынан жаудырған тарихи бір күн.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Арабстанда, Алла тағаланың нұры жауып тұратын үй болған Мекке қаласында Хашим әулеті махалласында, Абдулмуталибтің үйінде хижра жыл санауы бойынша Раби-ул-әууал айының 12-ші күні, милади жыл санауы бойынша 571 жылы сәуір айының 20-шы күні, дүйсенбіде дүниеге келді.
Ол дүниеге келген таң ғажап еді. Дүние нұрға толды. Әкесі Абдулла қайтыс болғандықтан, ұлын көре алмай кетті. Келіні Әминаның нұрлы бір перзент көргендігін естіп, атасы Абдулмуталиб қатты қуанып, оған Мұхаммед деп ат қойды. Бұл арабтарда болмаған ат еді. Бірақ Алла тағала алдыңғы пайғамбарларға келтірген Інжіл, Таурат секілді кітаптарда айтылған сөздерін ақиқатка шығару мақсатында бұл есімді (яғни Мұхаммед) атасы Абдулмуталибтің жүрегіне салды. Араб халқында, жалпы адам баласында мұндай есімді адам болмаған.
Мұхаммед сөзінің түбірі мақтау, ризашылық дегенді білдіреді. Осы сөзден мақтау, мадақ, мақтаулы, ең мақтаулы деген сөздер туындайды. Сөйтіп Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Мұхаммед, Ахмед, Махмуд.
Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) дүниеге келетіндігін ол тумастан бұрын Мұса, Иса (ғ.с.) сияқты пайғамбарларға айтылғандығы және де оның Мұхаммед болатындығы жайлы Құран кәрімде келтірілген:
«Мен жақында оларға өздеріне ұқсас пайғамбарды жіберемін. Сезімді оның аузында қыламын. Оларға ол тек қана мен бұйырған нәрсені ғана айтады. Кімде-кім менің атыммен сөйлеп жатқан сөзіне мойынсұнбаса, ондай кісілерден өзім өш аламын».
Иса (ғ.с.) Інжілде өзінен кейін «Фарақлит» атты соңғы пайғамбар келетіндігін сүйіншілеген. Фарақлит яһуди тілінде болып, арабшада Мұхаммед яки Ахмед деген есімдермен мағынасы сәйкес. Осыны Құран кәрімдегі Саф сүресінің 6-аяты растайды:
«Ей, Исрайыл ұрпақтары! Кезінде Иса Мариям ұлы сендерге мені Алла тағала жіберген, өзімнен бұрын келген Тауратты растаушы, өзімнен соң «Ахмед» атты пайғамбар келетіні туралы қуанышты хабар әкелуші пайғамбармын», – деген.
Демек атасы Абдулмуталибтің немересіне Мұхаммед деп ат қоюы жайдан-жай емес, ол Алла тағаланың оның жүрегіне салғандығынан.
Әмина апамыз басқа әйелдер сияқты толғақ қиыншылығын көрмеді. Түсінде бір кісі келіп: «Ей, Әмина! Сен, шынында әлемдегі адамдардың ең жақсысына жүктісің. Туғанда атын Мұхаммед деп қоясың!» – деді. Ол: «Туу уақыты жақындағанда құлағыма бір қатты дауыс келді, қорқып кеттім. Дереу бір ақ құс келіп қанатымен арқамды сипады. Қорқыныш пен үрейден құтылдым. Бір жағыма қарасам, маған бір ақ кесемен шербет ұсынылды. Ішіп едім, айналам нұрға толды. Сол сәтте Мұхаммед дүниеге келді. Айналама қарасам, Әбдіманап қыздарына ұқсас, бірақ ұзын бойлы бірнеше қыз мені айналып тәуеп етті. Таңғалып: «Бұлар кімдер екен деп ойланып қалдым», – деді.
Хазреті Мұхаммедті (с.ғ.с.) туу кезінде Әмина апамыздың көзінен перде көтерілген еді. Жәннаттағы хор (ұр) қыздарын, періштелерді көреді, бірнеше әдеттен тысқары нәрселерді көреді. Жанында Әбдірахман бин Ауфтың апасы Шифа бар еді. Ол кісі көргендерін баласына айтады.
Хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) туған соң атасы Абдулмуталиб үлкен той жасайды. Құрайш руының ұлықтарын шақырады. Сүйікті немересіне қандай ат қойдың дегенде: «Мұхаммед» деп ат қойдым», – деді.
Олар: «Ата-бабаларымыздың арасында мұндай аты бар адам болмаған, бұл атты қоюдағы мақсатыңыз не?», – деп сұрады.
Абдулмуталиб: «Мен немеремді аспанда Хақ, Тағала, жерде халық көп мақтайды деп үміттенемін», – деп жауап берді.
Хазреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) шыққан тегі: атасы Абдулмуталиб, әкесі Абдулла, анасы Уахабқызы Әмина. Шыққан тегі хазреті Исмаил (с.ғ.с.) ұрпағы Аднанға барып тіреледі. Әкесі Абдулла Хашим әулетінен, анасы Әмина Зухра әулетінен еді. Екеуі де меккелік, Құрайш руынан болатын. Атасы Абдулмуталиб жасы ұлғайған соң ұлы Абдулланы үйлендіруді армандайтын. Абдулла ұлдарының ішіндегі ең тәуір көретіні еді. Ол Меккенің қалаған қызын алатындай сымбатты жігіт еді. Әкесі оған Бәни Зухра әулетінің көсемі Уахаб бин Абдуманаптың қызы Әминаны мақұл көрді. Әмина да Құрайш қыздарының арасындағы сұлуы еді. Құда түсіп, той жасап Әминаны баласы Абдуллаға қосады. Абдулла сауданы кәсіп ететін. Бір сапарында Мәдинеде нағашыларының үйінде қатты науқастанып қалады да, сол жерде 25 жасында қайтыс болады. Әмина жүкті еді, босануына екі ай қалғанды. Бірақ тағдырдың жазуымен әкесіне перзентін, перзентіне әкесін көру нәсіп болмады.
Мекке ақсүйектерінің бір әдеті бар еді: балаларын қала сыртындағы тайпаларының әйелдеріне еміздіріп, бақтыратын. Себебі, Меккенің ауасы өте ыстық еді, кішкене сәбиге ауыр тиетін. Мекке айналасындағы тайпалардың әйелдері анда-санда Меккеге келіп, емізуге бала алатын еді.
Сағд тайпасынан Халима атты бір әйел емізу үшін Мұхаммедті сұрады. Алғашында жетім екенін біліп, екі ойлы болған, кейін алғанына бек қуанды.
Халима оны өз баласындай жақсы көрді. Күйеуі Харис Халимаға былай дейтін: «Халима, бұл баланың қадамы біз үшін құтты болды. Ол келгелі малымыздың сүті, сүтіміздің майы көбейді. Үйімізге береке келді. Мен бұл баладан басқа бір нәрсе сезіп тұрмын!»
Халима апамыздың қасында тұрғанда Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) ол кісі әдеттен тыс бірнеше істер көрді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) 4 жасқа дейін Халиманың бауырында өсті.
6 жасында Мәдинеге сапар шегіп, қайтып келе жатқанда анасы Әмина қайтыс болады. Сегіз жасқа келгенде атасы Абдулмуталиб көз жұмады. Сөйтіп, ол жетім қалып, немере ағасы Абуталибтің қолында өседі.
Түндердің ең ұлықтарының бірі – осы Мәуліт түні. Себебі, бұл түн болмағанда, хазірет Мұхаммед (с.ғ.с.) бұл түні дүниеге келмегенде, жәннат-дозақ, аспан мен жер, адам мен жын, яғни ешнәрсе жаратылмас еді. Себебі, пайғамбарлық хазіреті Мұхаммедке (с.ғ.с.) дүние жаратылмастан бұрын берілген.
Хадис-қуддусийде Алла тағала былай дейді: «Ей, Мұхаммед! Сен болмағанда мына он сегіз мың ғаламды (аспан мен жерді) жаратпаған болар едім».
«Біз сені бүкіл әлемге рахмет етіп қана жібердік». («Әнбия» сүресі, 107-аят).
Алла тағала пайғамбарымыз Мұхаммедті (с.ғ.с.) әлемдерге өз мейірімін түсіру үшін жіберді. Демек хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) дүниеге Келген күн – Алла тағаланың бүкіл әлемге рахым-мейірімі молынан түскен күн. Бүкіл 18 мың ғалам бұл оқиғаны күткен еді. Алла тағала құлдарын есіркеп, қараңғылық, надандық батпағынан жарыққа шығару үшін сүйікті пайғамбарын жіберді.
Сахабалар: «Ей, Алланың елшісі! Пайғамбарлық саған қашан берілді?» – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деп жауап берді: «Адам (с.ғ.с.) рух пен дененің арасында болған кезде…» Бұл күні туған пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) құрметіне барлық нәрселер жаратылып, жоқтан бар болды. Себебі, ол Алланың сүйіктісі еді. Ол Хабибулла еді, ол Расулла еді, ол Мұхаммед, ол Ахмед еді. Ол елшілердің қожасы еді. Ол пайғамбарлардың сардары еді. Қағбаның дуалдарынан: «Сүйінші! Бұл түні әлемнің күні туды. Ол біздерді пұттардан, мүшриктердің зұлымдығынан құтқарады. Оның үмметі бізді жалаң аяқ тәуеп етіп, Құдайға жетеді (хақиқатқа жетеді)», – делінген дауыстар естілді. Алла тағала Құран кәрімде бұл туралы былай дейді:
«Әй, Пайғамбар! Сөз жоқ, сені бір куә әрі қуантушы, ескертуші етіп жібердік. Алла жаққан оның нұсқауымен шақырушы бір нұрлы шырақ түрінде жібердік. (Ей, Мұхаммед! ) мүміндерді оларға Алладан ірі игілік барлығын сүйіншіле. Кәпірлер мен мұнафықтарға бой ұсынба. Олардың жәбір-жапаларын елеме. Аллаға тәуекел ет. Алла кепілдікте жетеді». («Азха» сүресі, 45-48-аяттар).
Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадис-шарифінде былай деген: «Кімде-кім таңертең және кешке: «Раббым – Алла, дінім – Ислам, Пайғамбарым – Хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) деп шын көңіліммен сендім», – десе, ол кісі ақиқат жәннәтқа кіреді».
Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жаратылысы мен мінезі жөнінен адамдардың ең кәмілі еді. Орта бойлы, екі алақаны мен екі жауырынының (екі иығының) арасы кең еді. Басы үлкен, денесі семіз де емес, арық та емес, орташа денелі. Көздері қара, кірпіктері өте ұзын еді. Бір жағына бұрылса, бүкіл денесімен бұрылатын, тек мойнын ғана бұрмайтын еді. Саусақтары да ұзын еді. Екі алақаны етті әрі сүйекті, ірі кеуделі, күшті, қуатты еді. Терісі жібектен де жұмсақ еді. Қастары иілген жаңа туған айдай, қалың, бір-біріне қосылмайтын. Екі қасының ортасында бір тамыры болатын, ашуланғанда қозғалып тұрар еді. Қыр мұрынды, сақалы үлкен және қалың, дөңгелек жүзді, қызыл шырайлы, жүзінен нұр тамып тұратын. Екі жауырынының ортасында пайғамбарлық мәрі бар еді, өзі де пайғамбарлардың ең соңы еді. Мүбәрак тістері маржандай тізілген, аппақ болып жалтырап тұратын, сөйлегенде алдыңғы тістерінен нұр шашылып тұратын. Денесі тап-таза, хош иісті еді. Терлегенде де одан әдемі иіс шығып тұратын. Бір кісімен кол беріп амандасса, ол кісі күні бойы сол иіске бөленіп, көңілі хош жүретін. Мүбәрак қолымен бір сәбидің басын сипаса, ол сәби басқа сәбилерден хош иісімен ерекшеленіп шыға келетін. Туғанда денесі майланған таза, сүндеттелген және кіндігі кесіліп туған еді. Өте сезімтал, алыстағыны еститін еді, адамның көзі жетпейтін жердегіні көретін көреген еді. Қимылы орташа болатын. Жүргенде жеңіл адымдап, тез-тез жүретін, сырттан қарағанда жәй жүріп бара жатқан сияқты болып көрінетін, бірақ жанында бара жатқандар тез жүрсе де, артта қалып қоятын. Бос сөз сөйлемейтін, әрбір сөзі хикмет және насихат еді. Сөйлескенде әркімнің ақылы мен қабілетіне қарай сөйлесетін еді. Жылы жүзді, тәтті сөзді болатын. Ешкімге жаман сөйлемейтін, ешкімге жамандық жасамайтын, ешкімнің сөзін бөлмейтін. Жұмсақ мінезді, әрі кішіпейіл еді. Айбатты және байсалды еді. Қатты күлмей, тек жымиып күлетін. Қарағанда көз қырымен қарайтын. Сахабаларды алдына жіберіп, өзі соңында жүретін. Кімге болса да бірінші болып сәлем беретін.
Ұлық кісілерге дәрежесіне қарай құрмет көрсететін. Туған-туыстарын қатты құрмет тұтатын, үй ішімен, сахабаларымен жақсы қарым-қатынаста болатын. Басқа адамдарға жұмсақтық көрсететін. Қызметшілерін жақсы көретін, өзі не ішсе, не кисе, қызметкерлеріне де соны ішкізетін және кидіретін.
Өте жомарт, қолы ашық, мейірімді, жұмсақ мінезді еді. Уәдесіне берік, сезінде тұратын. Қорыта айтқанда, жаратылысы да, мінезі де әдемі, көркем, жібектей еді, адамдардың ең кәмілі, теңдесі болмаған еді. Пайғамбар (с.ғ.с.) Алла тағаладан әрдайым әдемі мінез-құлық сұрайтын: «Ей, Алла! Жаратылысым және мінезімді жақсы қыла гөр!» Алла тағала да ол туралы Құран кәрімде: «Шын мәнінде сен, әлбетте, ұлы мінезге иесің», – деп айтқан еді.
Құрметті мұсылман бауырлар! Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туған күнді мейрам етіп жаңғыртайық. Білмейтіндерге, бұл күні Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүниеге келіп, дүниені нұрландырған күн екенін үйретейік. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірін, оның жібектей мінез-құлқы мен пәк жаратылысын бір-бірімізге айтып еске түсірейік. Оның өнегелі, тек қана жақсылыққа толы өмірінен, көркем мінез-құлқынан үлгі алайық.
Мәуліт күні мешіттерге барып, мәуліт-шәріп және уағыз-насихат тыңдайық. Мүмкіндігінше бала-шағамызды да бірге ала барып, оларға да тындатып, үлгі көрсетуіміз керек. Олардың да көңілдерінде мешітке, жамағатқа деген ықыластары артып, Алла тағала және Пайғамбарына (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілігі күшеюі үшін, өзімізбен бірге ала барған жөн. Келешек ұрпағымызға Аллаға құл, Мұхаммедке (с.ғ.с.) үммет болудың қандай шарапатты нәрсе екенін сезіндірейік. Харам нәрселерді істемеуді, Ислам және Құран жолын мықтап ұстауды үйретейік.
Бұл күні қаза болған намаздарымызды оқып, тәубе етіп, истиғфар айтуымыз керек. Алладан күнәларымызды жарылқауын тілейік. Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) көп-көп салауат айтып, Құран кәрім оқып, сауабын Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) рух-шарифіне, сахабаларына, ата-бабаларымыздың және барлық мүміндердің рухына бағыштайық. Балаларымызға оның мәні мен маңызын түсіндірейік.
Мәуліт шарапатымен көңілдерімізді тазалап, Аллаға және Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген махаббатымызды арттырайық. Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадис-шарифінде: «Сендердің ешқайсыларың мені ата-анасынан, бала-шағасынан және барлық адамзаттан артық жақсы көрмейінше, шын иман келтіре алмайсындар», – деген. Мысырда Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мәуліті жазылып, көпшілікке оқылуы әдетке айнала бастаған кезді тарихшылар Мысырдағы фатимидтер билеп тұрған түс дейді. Сол кезеңде ресми мейрам етілді, алайда халық арасында кең көлемде таралмады. Сунниттік бұлақтар бойынша мәулітті мейрам етіп ұйымдастырған Мұзаффар ад-дин Көкбәрі, соңынан Салах ад-дин әл-Айюбидің қолдауымен алғаш рет жалпылама Жоғарғы Месопа-тамиядағы Ирбил қаласында 1207 жылы аталып өтті. Бұл мейрам ХVI-ХVІІ ғасырларда Осман империясының ресми мейрамы болып бекітілген.
Мейрамның пайда болуы сунниттік ғалымдардың арасында көптеген қайшылықтар туғызды. Алайда бұл мейрамды ижма «бидағат хасана» деп бекітті. Сол дәуірдегі суфизмнің дамығандығынан, және имамдардың, сопылық шайхтардың белсенді еңбектерінің арқасында бұл мейрам кең өріс алды.
Қазіргі таңда бұл мейрам көптеген мұсылман елдерінде аталып өтіледі. Мысалы, Каир кешелерінде салтанатты шерулер өткізілген. Пәкстанның ресми мейрамы, ол күні демалыс күн етіп берілген.
Морокко тарихшысы әл-Ифрани былай деп жазады: «Жұрт жайғасқаннан соң ислам ғұламасы алға шығады да Пайғамбардың (с.ғ.с.) ізгі сипаттары жайлы әңгімелейді. Оның туғанынан бастап өмірінің соңына дейін басынан кешкен жәйттерін саралап шығады». Осындай уағыздар мен онда баяндалатын кейбір оқиғалар желісі маулидийа дастандарының шығуына себеп болған сияқты.
Алайда Пайғамбарға (с.ғ.с.) жыр арнау дәстүрі оның көзі тірі кезінде де болған. Мысалы, Каб бин Зухайыр атты ақын оған «Банат Суад» атты поэмасын арнаған. Осы ақынға еліктеп, көптеген шайырлар да Пайғамбарға (с.ғ.с.) өз жырларын бағыштаған.
Маулудийа поэмаларында Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туғанынан бастап бакилыққа көшкенге дейінгі өмірі жайлы айтылады. Ол құрылымы жағынан араб әдебиетінің дәстүрлі жанрларының бірі – қасидалардан алшақ емес. Мұхаммедтің (с.ғ.с.) ерекше жаралғандығы мен керемет қасиеттері жөніндегі әңгімелердің кең тарауына байланысты Пайғамбардың (с.ғ.с.) туған күні – Маулітті жыл сайын тойлап отыру дәстүрі өмірге осылай келген.
Мәуліттің тойлануына ислам ғұламалары жоғары баға берген. Имам Науауи: «Жыл сайын Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туған күніне сәйкес келетін осы күндерде істелетін садақалар, амру-маъруф және адамдардың бойынан көрінетін көркем мінезділік пен қуанышты істер осы заманымыздың ең жақсы жаңалығы», – деген. Мұсылмандар бір істі жақсы деп санаса, ол іс Алланың алдында да жақсы. Себебі, хадис-шарифте: «Мұсылмандар жақсы деп санаған іс, Алла тағала алдында да жақсы», – делінген имам Ахмад риуаятында. Жүнайд Бағдади: «Кімде-кім Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мәулітіне қатысып, оны ұлықтаса, ол шынында да иманды», – деген. Хасан Әл-Басри (р.а.):
«Менің Ухуд тауындай алтыным болса, оны Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мәулітін оқытуға жұмсар едім», – деген.
Жалалуддин Суюти (р.а.) :
«Бір үйде немесе мешітте Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мәуліті оқылса, сол үйдің немесе мешіттің адамдарын періштелер қоршап алады, олардың барлығына Алла тағаланың рахметі жауады және үйіне нұрмен оралады. Себебі періштелер Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) мәуліт оқығаны үшін ол адамға салауат айтып тұрады», – дейді.
Құрметті бауырлар! Қазақстан – ортақ үйіміз. Олай болса, Алла тағала бізге діни бірлік, имандылық, салауаттылық, татулык, берсін. Бауырларым! Отбастарыңызға қуаныш, береке, бірлік тілеймін. Мәуліт біздің басымызды тек қана қуанышта қоса берсін. Айрандай ұйып отырған халқымыздың ынтымағын Алла тағала ұзағынан сүйіндірсін. Алла тағала халықтарымызға амандық, жерімізге тыныштық берсін. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өсиет еткендей, тазалық пен имандылықты ту етейік. Лайым береке, бірлік биігінен көрінейік. Елбасы және ел қамында жүрген азаматтарымызға ғинаят пен тауфиқ тілейік. Бауырларымыздың жүзін жарқын қылсын. Әмин!