Iman kobeip azaiama

Iman kobeip azaiama

«Егер Әбу Бәкірдің және барлық басқа мүміндердің иманы таразыға салынар болса, онда Әбу Бәкірдің иманы ауыр түсер еді»


Болмысы (сандық) жағынан иман көбейе де, азая да алмайды. Алайда сапасы жағынан алып қарағанда, иман күшейіп, әлсірейді. Біз сенім білдіруге міндетті болған иман шарттары иманның болмысын құрайды: Алланың бар әрі жалғыздығына, періштелердің, пайғамбарлардың, қасиетті кітаптардың ақиқат екендігіне, Қиямет күніне, Тағдырға, Жақсылық та жамандық та Алладан екендігіне сену – Иманның шарттары болып саналады. Міне, бұл нәрседе көбеюдің де, азаюдың да болуы мүмкін емес.
Осы шарттарға иман келтіруде, пайғамбарларда болған иман мен қарапайым адамдағы иманның арасында еш айырмашылық жоқ, өйткені олар бір нәрсеге сенеді. Алайда осы шарттардың біреуін болсын жоққа шығарушы, мүмін болудан қалады да күпірлік жасайды. Ендеше, иманның болмысы жағынан оның мәні барлық мүміндерде бірдей. Иман сапасының көбейіп немесе азаюына келер болсақ, бұл иманның жетілгендігінің көбейіп немесе азаюын білдіреді.

Мысалы, тахқиқ дәрежесіндегі иман, таклид дәрежесіндегі иманнан жоғары. Айналь-Йақин дәрежесі Ильмуль-Йақин дәрежесіне қарағанда жоғары болып табылады, ал Хаққаль-Йақын дәрежесі Айналь-Йақын дәрежесінен жоғары. Бұл Қағбаның бар екенін біліп жүрсе де өз көзімен көрмеген адамның Қағбаны көрген соң оның сенімінің қалай артатындығы сияқты. Сол сияқты иман да дәлелдерді танып-білу арқылы күшейеді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) иман сапасының күшейіп, әлсіреуін көрсете отырып, былай дегені келтірілген:

«Егер Әбу Бәкірдің және барлық басқа мүміндердің иманы таразыға салынар болса, онда Әбу Бәкірдің иманы ауыр түсер еді».

Бұл «ауырлық» иманның сапасы мен жетілгендігін көрсетеді.

Ендеше, иманның болмысы және негізі жағынан барлық иман келтіргендер өзара тең. Әркім бір нәрсеге сенеді. Алайда иманның сапасы мен жетілгендігі әркімде әртүрлі. Иманды көз көрумен салыстыруға болады: біреудің көзі жақсы көрсе, біреудің көзі нашар көреді. Біреулер тіпті түнде де жақсы көрсе, ал енді біреулер күндіздің өзінде дұрыс көре алмайды, біреулер алыстан жақсы көрсе, енді біреулер тек жақыннан көреді және тағы басқалар.

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38