Көне жазбаларда, шежірелерде, діни еңбектерде «һижра» деген сөз жиі кездеседі. һижра – арабша «көшу» дегенді білдіреді. Ал нақты аудармасы «елінен ауу, туған жерден көтеріле көшу» деген сөз. Оның бір ұшы Ислам дінінің тарихына барып тіреледі.
Біздің жыл санауымызша (григориан күнтізбесі бойынша) 622 жыл (арабша, яғни һижра бойынша) 1-ші жыл болып есептеледі. Тарихи деректер бойынша нақ, осы жылы григориан күнтізбесі есебімен 622 жылғы қыркүйек айының 20-сында Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз Меккеден Мәдинаға көшкен. Осы күннен һижра жыл санауы басталады.
Құран Кәрімде Алла Тағала адамдарға екі үлкен аспан денелерін – Күн мен Айды есеп үшін жаратқанын білдіреді. Оның дәлелдерін төменгі аяттардан көреміз:
«(Мұхаммед с.ғ.с.) Олар сенен жаңа туған айдың жағдайын сұрайды: «Ол адамдар және қажылық үшін уақыт белгілеу», – де» («Бақара» сүресі, 189-аят). «Алла Тағала түнді тыныту, күн мен айды есеп үшін жаратқан» («Әнғам » сүресі, 96-аят). «Күн мен ай есеппен жүреді» («Рахман» сүресі, 5-аят). «Ол сондай Алла, күнді жарық, айды нұр етіп жаратты да оған (күн мен айға) жылдардың сандарын, есептерін білулерің үшін айға орындар белгіледі. Алла бұларды шындықпен жаратты» («Жүніс» сүресі, 5-аят).
Құранда көрсетілгендей, Ай уақыттың өлшемі болып табылады. 354 күннен тұратын мұсылман жылы Айдың Жерді айналуына негізделеді, яғни әр айдың басталуы жаңа айдың тууымен, ай айналымы түрлі негізге сүйеніп анықталады.
Күн күнтізбесімен салыстырғанда Ай күнтізбесі 10-11 күнге кем болып отырады, сондықтан мұсылман жаңа жылы 32,5 жыл циклы бойынша қалыс қалады.
Мұсылман күнтізбесі 12 айдан тұрады. Ол жайлы Құран Кәрімде: «Расында Алланың қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың Кітабындағы айлардың саны – он екі» («Тәубе» сүресі, 36-аят).
Мұсылман күнтізбесі әдетте 354 күннен тұрады. Әр үшінші жыл – көбіне жыл – 355 күн. Сондықтан да мұсылман мейрамдары григориан күнтізбесінің түрлі күндеріне сәйкес келеді. Мысалы, былтыр ораза 23 қыркүйекте басталса, 2007 жылы 13 қыркүйекте басталады.
Арабтар Мұхаммедке (с.ғ.с.) пайғамбарлық келгенге дейін-ақ ай күнтізбесімен өмір сүрген еді. Пайғамбардың (с.ғ.с.) уақытында мұның дұрыстығы Құран мәтінімен дәлелденді. Жыл санау болған жоқ. Бәдәуилердің (көшпелі арабтардың) жыл есебі әртүрлі аса маңызды оқиғалармен байланысты болды. Мысалы, «мынадай оқиғадан кейінгі мынадай жыл» деген сияқты т.б.
Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар Меккеден Мәдинаға көшкенге дейін мұсылмандардың нақты жыл санағы жоқ еді. һижраттан кейін «Пайғамбардың (с.ғ.с.) келгенінен бір ай кейін, екі ай бұрын » деген сияқты сөздермен уақытты айыратын.
Пайғамбар (с.ғ.с.) өмірден өткенге дейін осындай есеп қолданылды. Пайғамбар (с.ғ.с.) қайтыс болғаннан кейін бұл дәстүр тоқтап қалды. Хазреті Әбу Бәкір мен Омардың (р.а.) халифалығының алғашқы төрт жылы да осылай өтті.
Жыл санауды енгізудің қажеттілігі туралы мәселе екінші әділ халифа Омардың (р.а.) кезінде пайда болды. Мемлекет аумағы ұлғайып, жаушылар жылы белгісіз болып, айы ғана көрсетілген хаттарды жеткізген кезде адамдар бұл хаттың биылғы немесе былтырғы хат екенін біле алмай, дал болды.
Осы себепті хазреті Омар (р.а.) бір күні сахабаларды жинап, нақты жыл санау мерзімін белгілеу мақсатымен кеңесті. Әртүрлі пікірлер айтылды. Сағд бин Уаққас (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қайтыс болған уақыты, Талха бин Убайдуллаһ (р.а.) хазреті Мұхаммедке (с.ғ.с.) пайғамбарлық келген мезгілді, хазреті Әли (р.а.) Пайғамбардың (с.ғ.с.) Меккеден Мәдинаға көшуін жыл санауының бастауы ретінде ұсынды.
Һижраның он алтыншы немесе он жетінші жылында жиналған бұл кеңестің біраз талқылауының нәтижесінде хазреті Әлидің (р.а.) ұсынысы қабыл болды. Бұл шешім қабылданған жыл, мұсылман жыл санауы бойынша 21-інші жыл (григориан күнтізбесі бойынша 642 жыл) болып есептелді.
Мұсылман жыл санауына қай айды бастама ретінде қабылдау жөнінде де біраз пікірталас болды. Абдуррахман бин Ауф харам (тыйым салынған) айлардың алғашқысы болғандықтан Рәжәбты, Талха бин Убайдуллаһ (с.ғ.с.) мұсылмандардың мүбарак айы деп Рамазанды, хазреті Әли (р.а.) жыл басы ретінде Мұхаррамды ұсынды.
Бұл мәселеде де хазреті Әлидің (р.а.) ұсынысы қабыл болды. Мұхаррам бұрын нан да айлардың алғашқысы болып саналатын.
Мұсылман күнтізбесі бойынша ай аттары былай сипатталады:
Мұхаррам – арабша «тыйым салынған, қасиетті» деген мағынаны білдіреді. Жылдың бұл айында әскери қимылдар мен жорықтарға тыйым салынған.
Сафар – «сары» деген ұғымды білдіреді. Бұл күз айының аты, өсімдіктер сарғаяды деген сөз.
Рабиғул-әууәл – бірінші раби. Қазіргі арабшада «раби» сөзі көктемді білдіргенімен, ежелгі арабтарда күз осылай аталған. Бұл күз айы болған.
Рабиғул-ахир – екінші рәби. Ертеде бұл ай да күзге жатқызылған.
Жумадал-улә – бірінші жұмада. «Жұмада» сөзі – «тоңу, қату» дегенді білдіреді. Бұл қыс айы болып есептелген.
Жумадал-ахир – екінші жұмада. Бұл да қыс айына енген.
Рәжәб – жорықтар мен әскери іс-қималдарды тоқтата тұру айы. «Зорлық-зомбылықтан тыйылу» деген мағынаға саяды.
Шағбан – «бөліну» дегенді білдіреді. Бұл айда араб тайпалары жорықтарға аттанған.
Рамазан – ыстық ай. Бұл айда күн көзі өсімдіктерді күйдіріп жіберген.
Шәууәл – көшу айы. Бұл айда араб тайпалары тұрақтарынан қозғалып, далалар мен шөлдерге аттанған.
Зул-қағда – «отыру, орнынан табылу» дегенді білдіреді. Бұл айда араб тайпалары өз тұрақтарынан ұзамай, орындарында отырған.
Зул-хижжа – қажылық айы. Ай аты арабтың «қажылық жасау» сөзінен шыққан.
Ал, енді һижра мен бүгінгі біздің жыл санауымыздың бір-біріне сәйкес келуін білгіміз келсе, мына есеп үлгісін пайдалануға болады. һижраның біздің жыл санауымызға сәйкес жылын шығару үшін, мысалы һижраға 1428 жыл болса, осы мұсылман жылын 33-ке бөлу, келіп шыққан санды сол жыл санынан алу және нәтижесіне 622-ні қосу керек. Сонда 2007 жыл шығады.
Егер біздің жыл санауымызға негіздеп һижраның сәйкес жылын шығарғымыз келсе, мысалы 2007 жылдың һижрада нешінші жыл екенін білуге тырыссақ, 2007-ден 622-ні алып, одан шықкан санды 32-ге бөледі. Нәтижедегі санды бөлгеннен шыққан санға қосады. Сонда 1428 жыл шығады. Қазіргі уақытта Ай күнтізбесі көптеген мұсылман елдерінде қолданылады.
Алтай ҒАЛЫМОВ,
Атырау қалалық «Иманғали» мешітінің баспасөз хатшысы.