Ислами жыл санауы «қамари» ай күнтізбесі бойынша айлардың екінші айы Сафар айы болып келеді. «Сафар» сөзі «Софрун» сөзінен шыққан өз тілімізге аударғанда «сары, сарғаю» деген мағыналарды білдіреді. Сафар айына о баста ат қою кезінде күзгі мезгілге тура келгендіктен атау солай берілген. Мысалы мұсылманша жыл басы Мұхаррам айы, оның мағынасы «тиылу», «барша жаман нәрселерден сақтану» деген болса, Рамазан сөзі – «ыстық , күйдіру» дегенді білдіреді. Шарғиат бойынша мағынасы күнәларды күйдіруші, өшіруші деген. Өйткені бұл уақыттарда араб елдерінде жазғы маусым болғандықтан күн көзі өсімдіктерді күйдіріп жібереді екен. Сол секілді, Сафар айының басқа айлардан ешқандай ерекшелегі жоқ. Өзге айларда оқылатын дүғалар мен ғибадаттармызды бүл айда да дәл сол қалпында орындалады. Алла тағала қабыл етеді. Иншааллаһ. Қазіргі танда, ел арасында осы сапар айында үйленуге, неке қиюға және той жасауға, жол сапарға шығуға болмайды деп жүргендер кездеседі. Мұның барлығыда дінімізде жоқ нәрселер болып саналады. Осы орайда айта кететін мәселе, сафар айы келді деп той жасамау немесе неке қидырмау яки болмаса жол сапарға шықпау, осындай ниеттеріміз үшін Алла тағаланың алдында үлкен күнәһар болады. Біз Алла тағаланың жазған тағдырына сеніп иман келтіреміз. Жақсылық пен жамандық бір Алла тағаланың құзырындағы нәрсе.
Пайғамбарымыз Мухаммед (с.а.у.) хадисінде: «Сафар айында ешқандай ырым жоқ. Байғұздың шақыруында да ешқандай ырым жоқ» деді. Қазақта бір мақал бар: «салт-дәстүрдің озығы мен тозығы бар» демекші, жоғарыда айтылып өткен ырымдар дәстүрдің тозығы болып саналады. Сондықтан да, бұл айда барлық жақсылықтар, той мерекелердің жасалуына ешқандай тиым салынбаған, яғни басқа айлар сияқты бұл айда да жасай береміз.
Пайғамбарымыз Мұхаммед саллаллаһу алайхи уасаллам былай деген: «Барлық айлар Алла тағаланың айы, барлық күндер де Алла тағаланың күні» деген болатын. Сол секілді, дінімізде жылдың барлық айлары, аптаның барлық күндері қасиетті болып есептеледі. Алла тағаланың жаратқан күндерін бөліп қарап, алалау күнә.
Сафар айы кіруімен айдың басында, ортасында жэне соңында үш күн нәпіл ораза тұтылады. Бір күн нәпіл ораза тұтуға да болады. Бұл жөнінде хадисте: «Ай сайын үш күн ораза ұстау-жыл бойы ораза ұстағанмен тең болады.» (Имам Бухари мен Имам Муслим) Нәпіл оразаның ниеті: «Ниет еттім сапар айында нәпіл ораза тұтуға немесе ниет еттім нәпіл намаз оқымаққа»- деп ниет етеміз. Және де бүл айда екі ракат нәпіл намаз оқылады. Намаздың екі ракатында да Фатиха сүресінен соң 11-рет Ықылас сүресі оқылады. Және намазда сәлемнен кейін 11-рет истиғфар дұғасы және Пайғамбарымызға салауаттар оқылады. Және өзге де ғибадаттар мен қатар, Құран-Кәрімді толық қатым етіп оқып шығу үлкен сауап амал.
Сафар айында мына дұға оқылады: «Аллаһумма фаррижнә бидухулис-сафари уәхтим ләнә билхайри уәз-зафари» мағынасы: «Аллаһым, Сафар айы кіруімен бізге қуаныш нәсіп ет. Ол айда жақсылық пен жеңіспен шығуды нәсіп еткейсің»
Бұл айда баршамыз болып жақсылықтар жасауға асығуымыз қажет. Мысалы ретінде ел арасында араздасып қалған мұсылман бауырларымызды бірлікке, ынтымаққа шақырып, татуластыру үлкен сауап. Немесе ауырып жатқан науқастанған бауырларымыздың үйлеріне зиярат етіп олардың қал-жағдайларын білу немесе ата-ана, ағайын-туысқандарымызбен тату тұру және ел ішінде жағдайы төмен отбасыларына қол ұшын беріп, қайырымдылық жасау дініміздегі ең сүйікті амалдардың бірі.
Сондықтан да, баршамыздың қасиетті мүбарак Сафар айында жасаған ізгі істерімізді, той мерекелерімізді, ғибадат дұға-тілектерімізді Алла тағала қабыл етсін, Әмин!
Мұхамеджан Естеміров,
ҚМДБ-нын ОҚО бойынша
өкіл имамының баспасөз хатшысы